Күміс тиынмен, құрқылтайдың ұясымен ем жасайды

21.03.2018
Қаралды: 717

Атырауда ерекше бір емші тұрады. Естуімізше, жұрт он «Жедел жәрдем» деп атайды екен. Оның себебін біз емшінің өзінен сұраған едік. Рауля Шұғаева тосын да қызықты жайларды айтып берді.

 

 

– Менің білетін жұрт «Скорый», «Жедел жәрдем апай» деп атап кетті. Оған екі оқиға себеп болды. Фельдшер болып жедел жәрдемде жұмыс жасайтын курстасым бар еді.  Сол түнгі сағат екіде қоңырау шалып: «Саған бір науқасты әкеле жатырмын», – деді. Машина қағып, тілі байланып қалған кісі екен. Ешкімді танымайды, есі ауысқан адам сықылды болып қалған. Ауруханаға апарса қабылдамапты. Қазақы ем-домымды жасап, бір сағат ем жүргіздім. Есін жиып, сөйлейтін болды. Сөтіп үйіне аман-есен оралды.

 

Екіншісі тіпті қызық. 2008-ші жылы көктемде Алматыда емшілер семинары өтті. Атырау емшілерін сол семинарға апарып келе жатқан кезіміз. Он шақты емші 4-ші вагонға орнықты. Тағы 4 емші 12-ші вагондамыз. Бір кезде: «Дәрігер бар ма? Врач керек», – деп екі жас жігіт жанұшырып, вагон жағалап көмек сұрап келді. Әйелі босана алмай қиналып жатыр екен. Орнымнан қалай ұшып тұрғанымды білмеймін. «Мен дәрігермін», – дедім. Сол кезде пойыз бір разъезге тоқтады. «Жермен тез барамыз», – деп екі жігіт екі жақтан қолтықтап, аяғымды жерге тигізбестен мені шебіннің үстінен көтеріп алды. Көрсеткен вагонға кіріп келсем, әріптестерім отырған вагон екен. Көздері бақырайып отырған оларға: «Сендер не істеп отырсындар, тудырып алмай?!» – деппін. Содан пойызда, вагонның ішінде  шекесі торсықтай ұл баланы тудырып алдым. Көп ұзамай пойыз өзімнің туған жерім – Сағыз станциясына тоқтады. Жедел жәрдем де жетті. Қарасам бұрын бірге жұмыс жасаған әріптестерім. «Кім тудырған? Рауля, сен қайдан келе жатырсың?» – деп күліп жатыр. Бірнеше жыл өткен соң алдыма бір әйел келді. Тұңғышын менің көмегіммен босанған әйелдің құрбысы екен. Он шақты жылдан бері бала көтере алмай жүрген ол содан көп ұзамай балалы болыпты. «Сол вагондағы оқиға маған да жұғысты болды», – деп қуанып тұр. Осы оқиғадан кейін мен «Жедел жәрдем апай» атандым.

 

– Рауля Беркін­бай­қызы, қазақы ем жа­саймын дедіңіз. Осы ем-тәсілдеріңізге тоқталып өтіңізші.

– Құран сүрелерімен дем саламын. Ұшықтаймын. Құрқылтайдың ұясының да шипалық қасиетін қолданамын. Киелі асатаяқпен, белбеумен, қамшымен, тиынмен, сумен, балалардың кіндігін бұрау арқылы емдеймін. Екі алақанмен – био­өріс­пен сылап-сипау, сосын Қытайдан оқып келген дәріспен хиджама – қан алу, от терапиясымен, маг­ниттік присоскамен ем жүр­гіземін. Шипа сыйлауда түрлі емдік майларды қолданбай тағы болмайды. Бұл ретте борсықтың, итбалықтың майын қолданамын. Қорғасын құ­ю­мен де ем жүргізуге болады.

 

– Белбеу мен ти­ын дейсіз бе? Оны ем­ге қалай қолданасыз?

– Белбеумен басы үздіксіз ауыратын, сақинасы бар, «сотрясение» алған адамдарды емдеймін. Ол қайыс емес, мақта-матадан тігілген белбеу. Соны басқа орай отырып, желкеден, маңдай, самайдан үш рет те­ңестіре тарту тәсілі бар. Бас ауруы сонда бірден, сол заматта тоқтайды.

Тиынмен рахит – біздің ба­тысша айтқанда қой ауруына шалдыққан балаларды емдей­мін. Рахит кезінде баланың қарны қабақтай болып ісініп кетеді. Басы да үлкен болып өседі, бірақ бала аяқ-қолын ала-алмайды, тамаққа тәбеті болмайды, денесі көктамырланып кетеді. Шалқалап жылай бе­реді. Менде аталарымыздан берілген күміс тиын бар. Сол тиынмен «Біс­міллә» деп баланың екі қасының ортасындағы тамырын үземін. Кеудеден, арқадан да қиятын әдіс бар. Сосын тиынмен кіндікті «бұраймын». Сонда түпкі себебі кін­діктің жел­денуінен болатын рахит ауруы көп ұзамай жазылады. Бұл емді екінің бірі білмейтінін де атап өтейін.

 

– Басқа қандай ауруларды емдейсіз?

– Бас аурулары, көтеріліп ауырған, қан тасу (давление), инсульт алғандар, буын аурулары, құлақтан бұлақ  ағу,  іш құрылыстағы бұзылыстардан туындаған дерттер, бүйрек, әйелдер науқастары, соның ішінде бедеулік бойынша көп­теген нәтижелерге қол жет­кіздім. Балаларда тіл-көз, тал­ма ауруы, туылғанда мойын омырт­қаларында ақау­лары бар балаларды ем­деймін. Менің медициналық білімім бар. Фельдшермін. Сондықтан көне қазақы ем мен медициналық емді қатар қолданатын кез­де­рім де болады.

 

– Келушілерге қандай талап қоясыз? Қанша күн емдейсіз?

– Дәретпен келуі керек. Қыз-келіншектерде орамал маңызды. Науқасына қарай 3, 5, 7, кейде 10 күн ем жүр­гіземін.

 

– Медициналық біліміңіз бар. Олай болса, неге емші атандыңыз?

– Оның да себебі бар. Тылсым күш қой. Бала ке­зімнен екі аяғым сырқырап көп ауыратын. Оны елемеген­нен үйрен­шікті  ауруға ұласты. Кейін үшінші мүшел жастан кейін ауруым асқынып, жүре алмай қалдым. Ешкім диагноз қоя алмады. Ем қонбады. Шілдеде тұзға түсіп, денемді, аяқтарымды моншада ыстық бумен де шыладым. Еш өзгеріс болмады. Содан отыра алмайтын халге жетіп, төсекке таңылдым. Сонда байқағаным, басыма орамал салмасам бір тылсым күш есіктен ары далаға шығармайды. Осы ауыр күндерде : «Басыма келіп аунасаң, жазылып кетесің!» – деп Бекет атам аян берді. Үш күнде дәл осылай үш аян алдым. Машинаның ішінде аунасам да жету мақсат болды. Мына құдіретті қараңыз: Ақтаудан ұзап шыққан соң бір тылсым дүниеге тап болдым. Бір қарасам екі қолым алдымда, белім де, аяғым да, еш жерім ауырмай, жеңілдік пайда бола бастады. Сенерімді, сенбесімді білмедім. Жаңаөзен қаласына келіп түскенімде қайта туған баладай құлан-таза жазылдым. Шопан атаға кел­генімде ая­ғым-аяғыма тимей, құстай ұшып жүрдім. Бекет ата кесе­несіне зиярат жасап қайтқан соң «кісі емде» деген екінші аянға құлақ асқан жоқпын. Содан қайтадан мүге­дектің күйін кештім. «Мойында, мойындамасаң мәңгілік мүгедектер арбасына таңыласың!» –деген да­уысты есті­генде: «Мойындаймын» – дегенім есімде. Сол сәт­те бүкіл денемді құрсап тұр­ған күш мені босатып жі­бере салды. Ұшып тұрып қарасам, көпшігім шылқыған көз жасы. Өзім сап-саумын. Мен осылай 39-ға толған 11-ші қараша күні қолыма Құран ұстадым. Оған биыл 21 жыл болды.

 

– Емдеу ақыңызды білуге бола ма?

– Барлық заңды талаптары сақталған жеке кәсіпкер құжатымен жұмыс жасаймын. Прейскурантым бар. Бірақ науқастардың жағдайына қарайтынымды да ескерте кетейін. 2013-ші жылы Қытайға барып, 21 күндік тәжірибеден өтіп, білімімді жетілдіріп кел­генмін. «Ғасыр емшісі», «Қасиет», «Халық медицинасының үздігі» секілді он бестен аса атақ-марапаттарым бар. «Ша­пағат» халық емшілері мекемесінің мүшесімін. Осы мекеменің Атырау облыстық филиалының директорымын.

 

– Рауля Беркінбайқызы, шипа іздеген жандардың алғысына бөлене беріңіз. Ісіңізге сәттілік тілейміз!

 

Сұхбаттасқан – Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ