Әлі де үрейден арылмағандар бар...

19.12.2016
Қаралды: 1230

Бодандықтың бұғауын бұлқына серпіп, Тәуелсіз ел болғанымызға да, мінеки, 25 жыл болып отыр.

Тарих дөңгелегі соқпақты жолдан қажетін іле өтетіні бар емес пе? Биылғы жылы Тәуелсіздіктің 25 жыл толуына орай саналуан марапаттар белгіленіп, Желтоқсан тақырыбына ерекше тоқталып жатқан жайы бар. Десе де, әлі күнге сыздатқан қасыреттен жүрегіндегі дерт саябыр таппаған жандар жеткілікті. Соның бірі – менің Кейіпкерім. Аты-жөнін белгілі себеппен атамауымды өтінді.

Айтулы мерекеге орай өтіп жатқан мәртебелі іс-шарада шүйіркелесе кеткен Кейіпкерім, елуді еңсерген бір әйелді қуана қарсы алды. Қолтығынан демеген бойы алдыңғы қатардағы құрметті орын­ға жайғастырып, қасыма қайта оралды. Әңгімелесе келе, Кейіпкерімнің желтоқсан ызғарына шарпылған тағдырын естіп қайран қалдым.

– Өзіңіз де желтоқсан азабын басыңыздан кешкен екенсіз, бұл жерде неге тұрсыз? Анау... Қадырменді қатарға барып жайғаспайсыз ба? – деген сұрағыма жымиып:

– Менің желтоқсан теперешін басымнан кешкенімді ешкім білмейді. Шынымды айтсам білдіргім келмейді, – деп күрсінді.

– Әр кезеңнің жарыққа шығатын сәті болады. Ол кезең туды. Несіне жасырасыз? – деген таңданысыма, салмақпен қарап, үзік сырын жәймен бастады.

– Кезеңіне қарай құрметке бөленген дұрыс қой. Бірақ... Азаттық жолында көз жұмғандардың алдында сый-сыяпатты иеленуге хақым жоқ. Ол кезде 1-ші курс студенті едім. 16-шы желтоқсан күні, күтіп тұрған қасыреттен қаперсіз бір топ құрбыларыммен бірге жатақханадан шыға бере, орталық алаңға лек-легімен кетіп бара жатқан адамдардың ортасына түсіп қалдық. Қайда, не үшін кетіп бара жатқанымызды тап сол сәтте білмедік те. Әйтеуір жан-жағымызды қоршалаған жігіттердің «Орыстың тепкісіне көнбейміз!.. Қазақты басындырмаймыз!» дескен ашулы сөздерін естіп үлгердік.

Дүрмекті топпен орталық алаңнан бір-ақ шықтық. Ол күнгі қасыретті несіне тәтпіштейін? Не керек, жойқын қақтығыс­тың нөпірінде жанталасып жүргенімізде, құрбыларыммен қосақтаса түрмеден бір-ақ шықтық. Үш ай бойы азап көрдім. Камерадағы сегіз қызды тергеушілер ту-талапай жасап, таңнан кешке дейін сұраққа сүйрелейді де жатады. Ол кезде бүгінгідей ұялы телефон дегенің атымен жоқ. Алыстағы ата-анам менің қайда екенімнен бейхабар. Осы күні ойлап отырып, сол кездегі ата-аналардың сабырлылығына таң қаламын. Біздер ғой, ұялы телефонымен алыс­та жүрген балаларымыздың күніне бір рет дауы­сын естімесек, ұйықтамаймыз. Ол заманның ата-аналарының барлығы дерлік, өзімізден ұзынқұлақ хабарды сабырмен күтіп өмір сүрді ғой.

Артымнан іздерім жоқ, үш ай тар қапаста бостандықты аңсап, әке-шешеме деген сағыныштан сарғайып, үрейге толы минуттарымды атқарып жаттым. Сырымды жасырын ұстайтынымның тағы бір себебі, сол кездегі деканымыз керемет жан болатын. Біздер үшін шырыл қағып, түрменің алдында көп күндерін өткізіпті. Оны кейін білдік. Біле сала рахмет айт­қым келіп алдына барғанымда; «Қалқам, несіне рахмет дейсің? Борышым ғой... Аға буын мына сендердің алдарыңда кінәліміз... Саясаттан аман сақтай алмағанымыз үшін кінәліміз...» деп, көзіне жас алғаны есімнен кетпейді.

Ойлап қарасаң, сол кездері еш дабырасыз жанкештілікпен жастарға араша болған қаншама ағалар мен апалар ескерусіз қалды десеңізші?! Деканымыз өз күші жетпей бара жатқан соң, үйімізге телеграмма жібергізеді.

Әкем ести сала құстай ұшып жетті. Әкеммен тергеушінің алдында кездестім. Құр сүлдерім қалған түрімді көргендегі әкемнің мықтылығына әлі күнге тәнтімін. Әкемді көрген қуанышымнан жылайын десем, көзімнен жас шықпайды. Үш ай бойы жылай-жылай таусылса керек. Бір-бірімізге үнсіз қарап тұрмыз. «Жылама!» дегендей әкем қабағын түйді. Бәлкім сол әсер етті ма екен, бойымды жинап ала қойдым. Әкем еті тірі кісі еді. Қалай жолын тапқанын білмеймін, әйтеуір, аман алып шықты.

Сүлдерімді сүйретіп түрменің дәу қақпасынан шықсам, алдымда белі бүгілген әкем күтіп тұр екен. Өзі тік жүріп, бізден де әрдайым тік жүргенімізді талап ететін әкемнің бүгілген белін көргенде әкеме деген аяныштан аяқтарымнан әл кетіп, тұрған орнымда сілейдім де қалдым. Күйімді байқаса керек. Бүгілген белін тіктеуге тырысқан әкем елбектей ұмтылды. Үнсіз қауышып, үнсіз түсіністік.

Әкем шұғыл түрде шеттеу жақтағы облыс орталығындағы оқу орнына ауыстырып жіберді. Қарсы келуге тап сол сәтте мұршам жоқ болатын. Шынымды айтсам, қарсы келмес те едім. Өйткені үш ай бойы азап көрген қаланың көшесін басқым келмеді. Сенсеңіз, үш ай бойы шынжыры сақырлап жабылып, сай-сүйегімізді сырқырата сақырлап ашыл­ған сәттері түсіме жиі кіреді. Шошып оянамын. Қасыретті күндерімді жариялағым келмейтіні де содан болар...

Терең күрсінген Кейіпкерімнің санаулы минуттарда ақтарған сыры, санамды осып өтті. Иә, бәрінен де «сананың саябыр таппауынан» асқан ауыр жүк жоқ болар?

Кейіпкерімнен естіген сырдан жүрегім қан жылап мен тұрмын. Кездесіп жүрген Кейіпкерімнің жүрегіндегі мүйізденген қасыретін қалайша білмегенмін? Ұзақ жылдар бойы тіс жармастан тұншықтыра білген сабырлы мінезіне қайран қалдым. Бодандықтың қылбұрауын босат­қысы келмей жанталасқан солақай саясаттың ызғары әлі басылмапты... Бойын әлі күнге үрей билеген қаншама кейіпкерлер арамызда жүр десеңізші?

...Салтанатты музыка басталды. Қошеметпен сахна төріне көтерілген желтоқсан ардагерлеріне қуана қол шапалақтап Кейіпкерім тұр. Жыл са­йын желтоқсан ардагерін жетелеп келіп, өзі алыс­тан сүйсіне қарап тұратын Кейіпкерімнің «желтоқсан ызғарынан» саябыр таппаған санасына құрметпен қарап мен тұрдым...

Үкі АЛАШ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ