Ресми сапарын Ресейден бастамақшы

13.12.2016
Қаралды: 724

Өзбекстанда Президент сайлауы аяқтала салысымен Қазақстан мен Ресей Президенттерінің бұл елдің жаңа басшысы Шавкат Мирзияевті 

ресми сапарға шақырғандары белгілі. Әзірге Өзбекстанға басқа мемлекеттерден ондай шақыру түсе қоймаған сияқты.

Ал Өзбекстанның жаңа Президенті өзінің шетелдерге жасайтын алғашқы ресми сапарын Ресейден бастауды ұйғарған көрінеді. Бұл жөнінде әсіресе Ресейдің ақпарат құралдарында жиі айтылып жатыр.

Бүгінде бұған қатысты саясаттанушылар мен сарапшылар өз пікірлерін білдіруде. Олардың сөзі Өзбекстан енді Ресейге бетбұрыс­ты нығайтып, онымен экономикалық, геосаяси және әскери салалар бойынша ынтымақтастықты жандандыруға күш салады дегенге саяды. Ал Ресейдің бұған аса мүдделі екені белгілі, оған оңтүстіктегі іргесінің мығым болғаны керек. Яғни геосаяси тұрғыда Өзбекстанның Орта Азия аумағында өзіндік орны бар.

«Бұл өте қисынды, – депті Ресей Мемлекеттік Думасының ТМД елдері жөніндегі төрағасы Леонид Калашников Өзбекстан Прези­дентінің ұйғарымына орай. – Біз  – одақтас әрі әріптес елдерміз. Мирзия­ев кезінде Каримовтың командасында болған, Ресейді, посткеңестік кеңістікті жақсы түсінеді. Ол екі ел арасындағы қарым-қатынасты қолдап, оны тың істермен толықтырады деген сенім бар».

Өзбекстандық сарапшылар да Мирзияевтің бұл шешімін қуана құптап отырған сияқты. Олардың пікірінше, Өзбекстанның қазіргі экономикалық ахуалы аса жоғары емес, сондықтан Ресейге жақындаса түсу маңызды болып отыр. Бұл жақындасудың Өзбекстаннан Ресейге баратын мыңдаған еңбек мигранттары үшін де пайдалы болары анық.

Қысқасы, бүгінде Өзбекстанда Президент Мирзияевтің Ресейге ресми сапарына дайындық жұмыс­тары жүргізіліп жатыр деседі. Ол алдағы қыста немесе көктемде орын алады деп күтілуде.

Енді бір деректерде Мирзияев ресми сапарын Қазақстаннан бас­тайтын болыпты деп те айтылып жатыр.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ