Туристерге есігін ашып жатыр

13.12.2016
Қаралды: 624

Өзбекстанның жаңа Президенті Шавкат Мирзияев бұл елде туризм саласының дамуын жандандыруға қатысты арнайы Жарлыққа қол қойды.

Аталған Жарлық негізінде алдағы 2017-жылдың сәуір айынан бастап Өзбекстанға Австралия, Австрия, Германия, Голландия, Дания, Жапония, Испания, Италия, Канада, Люксембург, Оңтүстік Корея, Сингапур, Ұлыбритания, Финляндия, Швейцария елдерінен 30 күннен аспайтын мерзімге туристік сапармен келетін азаматтарға қатысты визалық режим алынып тасталатын болды. Сондай-ақ АҚШ, Бельгия, Венгрия, Вьетнам,  Израиль, Индонезия, Қытай, Малайзия, Польша,  Португалия, Франция, Чехия елдерінің де Өзбекстанға туристік сапармен келетін, жасы 55-ке толған азаматтарына қатысты визалық режим күшін жояды. Бұл елдердің адамдары Өзбекстанға кірерде мемлекет қазынасына 50 доллар көлемінде алым төлейтін болады, өзбек елін еркін аралау үшін осы ақыны төлегенін растайтын құжаттың қолда болғанының өзі жеткілікті.

Осы Жарлық негізінде Ташкент, Самарқан, Бұқара, Үргеніш қалаларындағы халықаралық әуежайларда туристердің келіп-кетуін жеңілдетуге қажетті іс-шараларды осы бастан қолға алу тапсырылып отыр. Яғни енді туристер үшін құжат тексеруден, кеденнен өту, жүктерін тасымалдау, көлік қызметін тұтыну мәселелері жеңілдей түспек.

Бұл Өзбекстандағы туристік компанияларға да аса жайлы тиетін сияқты, өйткені олар үшін де бірқатар жеңілдіктер қарастырылып отыр екен.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ