Өзбекстан өз Президентін сайлап алды

12.12.2016
Қаралды: 735

Өзбекстанда кезектен тыс Президент сайлауы болып өтті. 

Президент лауазымынан үміткерлер қатарында бұл елдегі негізгі төрт саяси партияның өкілдері болғаны белгілі. Осылардың ішінде Өзбекстан либерал-демократиялық партиясының өкілі, биылғы 8-қыркүйектен бері Президент міндетін уақытша атқарып келген Шавкат Мирзияев жеңіске жетті. Орталық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, оған сайлаушылардың 88,6 пайызы дауыс берген, қалған үшеуі («Милли Тикланиш» демократиялық партиясынан – Сарвар Отамурадов, «Адолат» социал-демократиялық партиясынан – Нариман Умаров, Халықтық-демократиялық партиядан – Хотамжон Кетмонов) 2,35 – 3,75 пайыз аралығында дауыс жинаған.

...Өзбекстанның жаңа Президенті Шавкат Миромонұлы Мирзияевтің жасы қазір 59-да. Ол Өзбекстанның Жызақ облысындағы Заамин ауданында өмірге келген.

Ол кісінің әкесі туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері болыпты. Осы мекемеде медбике болып істеген анасы дүниеден ерте қайтқан екен. Кейін әкесі ұлты татар әйелге үйленген. Ш.Мирзияевтің өз туған анасынан екі қарындасы, өгей шешесінен бір інісі мен қарындасы бар.

Ш.Мирзияевтің әйелі Зироатхон Хошимова оның өзімен институтта бірге оқыған. Бұл отбасы екі қыз, бір ұл өсіріпті. Шахноз және Саида есімді қыздары бүгінде тұрмыста. Мирзияевтердің ұлының есімі – Даврон.

Шавкат Мирзияев Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру институтын бітірген. Мамандығы бойынша – инженер-механик. Ол – техника ғылымдарының кандидаты. Кезінде ирригация саласында еңбек еткен, өзі оқыған  институтта комсомол, партия комитеттерінің бірінші хатшысы болған, проректор қызметіне дейін көтерілген. Өзбекстан Жоғарғы Кеңесінің, Олий Мажлистің депутаты болған.

Шавкат Мирзияев 1992 – 1996-жылдар аралығында – Ташкенттегі Мырза Ұлықбек ауданының, 1996 – 2001-жылдары – Жызақ облысының, 2001 – 2003-жылдар аралығында Самарқан облысының әкімі қызметтерін атқарған. Ал 2003-жылдан бергі уақытта Өзбекстанның Премьер-министрі болып келді.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ