Сүт өңдеу кәсіпорындарының терең өңдеуге шикізат сатып алу шығындарын субсидиялау

12.12.2016
Қаралды: 1497

Бүгінде қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете қайта өңдеп өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау бюджеттік бағдарламасы іске асырылып жатқаны белгілі. 

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жалпы алғанда өндірістік қуаттылығы жылына  130.100 тонна  40 ірі, орта және шағын  сүт өңдейтін кәсіпорындар жұмыс істейді.

Қайта өңдеу кәсіпорындарының шикізатқа деген сұранысын қамтамасыз ету мақсатында сүтті мал шаруашылығымен айналысатын Арыс қаласында, Сайрам, Түлкібас, Қазығұрт аудандарында қайта өңдеуді дамытып, аталған аудандарға көршілес аудандардан қайта өңдеу мақсатында сүт өткізуді ұйымдастыру арқылы шикізат тапшылығын шешуге болады.

Ауыл шаруашылығы министрінің 2014-жылғы 26-қарашадағы  «Өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете өңдеп өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» №3-2/315 бұйрығы шеңберінде сүт өңдеу кәсіпорындарының терең өңдеуге шикізат сатып алу шығындарын өтеу мақсатында облыста тиісті жұмыстар жүргізілуде. 2015-жылы аталған бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен  65 миллион 580 мың теңге бөлінді. Оның ішінде өндірілген  – 28 миллион 382 мың 757,6 теңге сары май шикізатына  (81.360 тонна), 37 миллион 197 мың 242,4 теңге  (163.226 тонна) қатты  ірімшік шикізатына төленді.

Субсидиялау облыс әкімінің 2015-жылғы 13-шілдедегі «Сатып алынатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің бірлігіне арналған субсидиялар нормативтерін бекіту туралы» № 217 қаулысына сәйкес жүргізіліп, сары май өндіруге  сатып алынатын сүт үшін 16 тг/кг, қатты ірімшік өндіруге сатып алынатын сүт үшін  20 тг/кг төленді. 

Аталған бағдарлама бойынша 7 кәсіпорынның шикізат сатып алу шығындары субсидияланды. Бағдарламаға қатысушы кәсіпорындар Шымкент қаласында және  Сайрам ауданында орналасқан.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2016 – 2018-жылдарға арналған бюджеттік бағдарламасына сәйкес, ағымдағы жылы бағдарлама бойынша сары май өндірісі үшін сатып алынатын шикізатқа төленетін субсидия көлемі 16 теңге/кг-нан 12 теңге / кг-ға төмендетілді. 2016-жылға республикалық бюджеттен 130 миллион 800 мың теңге қаралған. Атап айтқанда, 2016-жылға бөлінген қаржы есебінен облыста  153 тонна сары май,  374 тонна  қатты ірімшік өндірілді.

Аталған бағдарлама бойынша 9 кәсіпорынның шикізат сатып алу шығындары субсидияланды. Бағдарламаға қатысушы кәсіпорындар Шымкент, Түркістан  қалаларында және  Сайрам ауданында орналасқан. Басқа аудан, қалалардан бұл бағдарламаға қатысушы кәсіпорындар жоқ.

Бюджеттік бағдарламаның мақсаты  – сүт өңдеу кәсіпорындарының терең өңдеуге шикізат сатып алу шығындарын өтеу. Бөлінген қаржы қайта өңдеу кәсіпорындарының сары май және ірімшік шығару үшін терең өңдеуге шикізат сатып алу шығындарының   20 – 25 пайызын  қайтарып, өндірілген өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді. 

Норматив бойынша 1 кило дайын өнімге жұмсалатын шикізат үшін:

- сары май өндіру үшін 22,5 кг сүт;

- қатты ірімшік өндіру үшін 12,0 кг сүт қажет.

Гүлнұр АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының
инвестициялық жобаларды қолдау және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту бөлімінің бас маманы.

Пікір қалдыру

1000 символ