«Шымкент Плаза» ашылды Бірақ жазуларының бәрі орысша

12.12.2016
Қаралды: 1782

9-желтоқсан күні талайларды таңдай қақтырған «Шымкент Плазаның» салтанатты ашылу рәсімі болды. 

Үш қабатты зәулім ғимараттың ішінен іздеген заттың барлығын табуға болады екен. Отбасыңмен барып демалуға да жағдай жасалған. Мұндағы бағаларды да қолжетімді деп айтуға болады. Тіпті келушілерді қызықтыру үшін тауарларға жеңілдетілген бағалар белгіленіпті.

Ғимаратқа кіре берісте үлкен көлік тұрағы бар. Үшінші қабатта бір мезетте 915 көрермен кино тамашалай алатын жеті кинозал орналасқан. Ол жерде баға көрерменнің жасына және фильмнің қойылу уақытына байланысты 600 теңге мен 2500 теңгенің шамасында.

Балаларға да жағдай жасалыпты. Алаңшада сан-алуан ойын түрлері бар. Ол жерде балалар 400-600 теңгеге белгіленген уақытта кез келген ойынды ойнай алады. Баланың бойы, салмағы мен жасының қанша болуы керектігі де жазылып қойылған. Тек 4 жасқа дейінгі баланың қасында бір адам болуы керек, одан жоғары жастағылар өздері ойнай береді. 

Басқа жерлерден 30-40 мың теңгеге алатын ерлердің аяқ киімі бұл жерде 17 мың 990, 19 мың 990 теңгеден сатылып жатыр. Арзан болғандықтан ба, әлде жаңа сауда орнынан алғылары келгендіктен бе, әйтеуір бұл күні «Шымкент Плазаға» келуші де, алушы да көп болды.

Біз ішті аралап жүріп қолына бірнеше сөмке ұстаған ер кісіні әңгімеге тарттық.

«Мен қазір ұлым екеумізге аяқ киім сатып алдым, – деді өзін Нұржан Төребек деп таныстырған азамат. – Міне, қараңыз, таза былғары. 18 мың теңге деп тұр. Тап осындай аяқ киімді «Мега» сауда орталығынан 35 мың теңгеге көргенмін. Бағаны осылай ұстап тұрса жиі келіп тұрамыз ғой. Іші таза әрі жылы. Не іздесең, барлығы бар. «Шымкент Плазаның» қалаға көрік берері анық.

Бірақ мен бірнәрсені айтқым келеді. Ішін аралап жүргенде өзіңді Ресейдің қаласында жүргендей сезінеді екенсің. Барлық жерде орысша жазулар тұр. Мен мемлекеттік тілде жазған бір хабарландыру немесе жарнаманы байқамадым. Жұмысшыларды бірдей киіндіріп қойыпты. Алдағы уақытта ұсынысымызды ескерер болса, осы жердегілердің киімінен ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді көргім келеді. Әрине, қыздарға сәукеле, жігіттерге шапан кигізсін демеймін. Бірақ омырауға немесе жауырынға түрлі оюларды салып қойса керемет көрінер еді ғой».

Қысқасы, «Шымкент Плаза» қаладағы басқа сауда орындары мен ойын-сауық орталықтарына қарағанда жаңа технологияларды қолданғандығымен және тауарларының арзандығымен ерекшеленетін секілді.

Қ. БАСТАУ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ