Түркістандық мұғалімдер алданды ма?

12.12.2016
Қаралды: 2127

Тәуелсіздік күніне орай барлық облыстарда мемле­кет­тік қыз­метшілерге жергі­лікті бюджет есебінен сый­ақы беріліп жатқаны бел­гілі. 

Бұл игі шара Оң­түстік Қазақстан облысында да жалғасын та­уып жатыр. Бірақ түркіс­тандық мұға­лімдер осы орайда бір нәрсені түсінбей отыр.

«Өткен аптада Түркістан қаласындағы мектеп мұғалімдеріне «премия» деп 25 мың теңгеден берілді. Мұға­лімдер қуанып, алғыстарын айта-айта ақшаларын алады ғой. Көп ұзамай желтоқсан айының жалақысы аз болып берілген. Себебін сұрастырса: «Ол «премияны» сендерге аванс ретінде бердік. Сондықтан айлықтан ұстап қалдық» деген жауап алыпты. Бұл Түркістандағы барлық мектепте бірдей болған жағдай. Бірақ мұғалімдер жұмыс­тан қуыламыз немесе басқалай зияны тиіп кетеді деп, шағымдануға қорқады. Негізі мұғалімдер осы күнге дейін айлықтарын аванс етіп екіге бөліп алған емес. Бізде орталықтандырылған бухгалтерия, яғни жалақыны барлық мектепке қалалық білім бөліміндегі есепші аударады. Олардың сыйақы деп ақша аударып, оны жалақыдан ұстап қалуы қаншалықты заңды?» – деген хабар келіп түсті біздің редакциямызға.

Бұл мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін біз Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Бекарыс Шойбековке хабарласқан едік. «Түркіс­танда 73 мектеп, 6 мыңдай мұғалім бар, – деді ол мән-жайды естігеннен кейін: – Мұғалімдерге сыйақы беру мәселесі енді қарастырылып жатыр, әлі толық шешілген жоқ. Айлықты да, «премияны» да енді жібереміз», – деп қысқа қайырды.

Сонда алты мың адамның алғаны аванс па, сыйақы ма? Білім бөлімі желтоқсан айының жалақысын әлі аудармаған болса, әлгі 25 мың теңгені қай айдың жалақысынан есептеген?

А. МҰХАММЕД.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ