Жаңа пәтерге кімдердің қолы жетер екен?

12.12.2016
Қаралды: 1350

Таяуда редакцияға Отырар ауданындағы Арыс ауылының тұрғыны Роза Тұрлыбаевадан хат келді. 

Ол кісі 1-ші топтағы мүгедек болғандықтан хатты баласы Мейіржан Алдабергеновтен беріп жіберіпті. Хаттың қысқаша мазмұны төмендегідей:

«2010-жылы үй алу үшін кезекке тіркелгенмін. Қазіргі уақытта сол кезекте 35-ші болып тұрмын. Көпбалалы анамын. Денсаулығыма байланыс­ты үйге кіріп-шығуым қиын. Бір үйде он адам тұрамыз. Жағдайы төмен отбасылардың тізіміндеміз. Ендігі арманым – жақсы үйге қол жеткізу. Таяуда үй беріледі деп естіп жатырмыз. Менің соған ілігуім керек, елеусіз қалып кетпеуім үшін сіздерден жәрдем сұраймын. Тиісті басшылармен сөйлесіп, біліп беріңіздерші, менің үйге қолым жете ме?»

Бұдан кейін біз Отырар ауданындағы Отырар ауылдық округінің әкімі Сейтнасыр Сейілбекке хабарласып, ол кісіге Р.Тұрлыбаеваның сұрағын жеткіздік.

«Мен Роза апайды білемін, оның 1-ші топтағы мүгедек екені рас, – деді ауылдық округ әкімі. – Бірақ жаңа пәтерлердің кімдерге берілетіні әзірге белгісіз. Оны арнайы комиссия шешеді. Комиссия құрамы тізімде тұрғандардың барлығының өтінішін қарайды. Кімдерді лайықты деп тапса, пәтер соларға беріледі.

Роза Тұрлыбаева туралы айтсам, ол кісінің атында үйі бар. Отырған үйін осыдан бірнеше жыл бұрын салғанда аудан әкімдігі қаржылай көмектескен. Одан кейін де талай көмек берілді. Біздің мамандар жиі барып хабар алып тұрады. Жағдайы анау айтқандай нашар емес.

Комиссия отырысы болмай тұрып анау пәтер алады, мынау алмайды деп айтуға ерте. Құжаттарды қарап, кем-кетіктері болса түгенделеді. Ол кісінің әзірге маған пәтер берілмеуі мүмкін деп шағымдануы негізсіз деп ойлаймын».

Қысқасы, Отырар ауданында салынып жатқан көпқабатты үйлердің кімдерге берілетіні әзірге белгісіз екен. Жалпы, бұл мәселені біз назарда ұстайтын боламыз.

М. РАЙЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ