Әлемді мойындатқан шахматшы қыз

12.12.2016
Қаралды: 1317

Қазақстаннан шыққан  16 жастағы шахматшы қыз Жансая Әбдімәлік (суретте) Польшада өткен халық­аралық жарыста бас жүлдеге ие болды. 

Бұл жеңіс Жансая үшін таңсық емес. Бұған дейін бірнеше рет Қазақстанның абсолютті чемпионы атанған, жастар арасында төрт рет Әлем чемпионы деген атақты жеңіп алған, Азия ойындарында топ жарған шахматшы үшін Польшадағы жеңіс кезекті бір жетістік болып саналары анық. 

Біз Жансаяны Шымкент­тегі өзінің аты берілген арнайы шахмат мектебіне іздеп барған едік. Алайда онымен жолығысудың сәті түспеді, өйткені Жансая бүгінгі күндері Катарда өтетін келесі жарысқа дайындалу үшін Алматыда жүр екен. Сондықтан біз аталмыш мектептің директоры, Жансаяның туған атасы Әбдімәлік Әшіровтен немересі туралы айтып беруді сұрадық.

Өте ерте көзге түсті

 «Менің оннан аса немерем бар, оларды бөліп-жармаймын, дегенмен Жансаяның орны ерекше, – деді Әбдімәлік Манапұлы. – Данияр есімді ұлымның екі ұл, бір қызы бар. Ортаншысы – осы Жансая.

Біз отбасымызбен шахмат ойнаймыз. Бірде Жансаяның ағасы Санжармен шахмат ойнап отырғанбыз. Көңілі көтерілсін деп әдейі қате жүріп, оған басымдық беріп отырдым. Жансая ол кезде 5 жаста еді. Қолына қуыршағын ұстап, қасымызда қарап тұрған. Санжар кезекті бір жүрісті жасағанда Жансая ағасына қателес­кенін айтты. Қайта жүруге мүмкіндік бергенімде Санжардың ойынына тағы да көңілі толмады. Содан: «Онда сен қалай жүрер едің?» – деп сұрағанымда ол бірнәр­селерді есептеп, күбірледі де: «Былай  жүргенде сіз үш жүрістен кейін мат болар едіңіз», – деп бізге өз ойын айтты. Дереу шахматты жинап қойып, неме­ремді әңгімеге тарттым. Керемет тәсілдерді айтып отыр. Әйтпесе оған дейін Жансаяға ешкім көңіл бөлмейтін. Кешке әкесі келгенде барлық жұмысты ысырып қойып Жансаяның тәрбиесін қолға алуды тапсырдым.

Елбасы пәтер сыйлады

Содан Жансая жетістіктерге тез жете бастады. 7 жасында алғаш рет Алматы қаласының чемпионы, сол жылы Азия чемпионы атанды. 2008, 2009-жылдары  әлемдік додада топ жарғанда Елбасының назарына ілікті. Елбасымен бірге Жаңа жылдың шыршасын да жақты. Президент оны өзінің үстеліне шақырып: «Қай жерде тұрасыңдар?» – дегенде Жансая: «Алматыда», – депті. Президент: «Алматының қай жерінде?» – деп сұрағанда: «Айына 600 доллардан пәтер жалдап тұрамыз», – деп саңқылдаған. Кішкентай қыздың мұндай пысықтығы ол кісіге ой салса керек. Содан арада 7 күн өткенде сол кездегі Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің көмекшісі үйге келіп: «Жансая осы жерде тұра ма?» – деп сұрапты. «Біз тексеріп, бәрін білдік. Қалада жақын күндері жаңа үйлер пайдалануға беріледі. Қай жерінен қалайсыздар?» – деп карта ұсынған. Тіпті қай қабаттан керек екенін білген. Осылайша тоғыз жасында ата-анасына Алматыдан үш бөлмелі пәтер алып берді. Үйдің кілтін табыстап тұрғанда қала әкімі Жансаяға ай сайын 1000, әкесіне 500 доллар көлемінде Президенттік степендия тағайындалғанын хабарлады.

Президент канцеляриясының меңгерушісі Махмұт Қасымбеков Президент жастарды қолдауға қатты көңіл бөлетінін айтады. Ол Елбасының өзінен Жансая Әбдімәлік пен Маша Кудряк есімді керемет жас әншіні ай сайын сұрап тұратынын жазған.

Жансая мектептері

Біз өзіміз Қазығұрт ауданының Жаңабазар ауылынанбыз. Бірақ қазір отбасы Алматыда тұрып жатқандықтан Жансая жа­рыс­тарға Алматының атынан шығып жүр. «Назарбаев мектебінде» Елбасымен тікелей сұхбат бол­ғ­анда немерем шахмат ойынын мектепке пән ре­тін­де қабылдауға көмек­тесуді сұрады. Оны Нұр­сұлтан Әбішұлы да қолдады.

Бүгінде Алматы мен Шымкентте Жансая Әбді­мәлік атындағы мектептер бар. Атыраулықтар мен ақтаулықтар да өз қалаларында осындай мектеп ашып, оған Жансаяның есімін бермекші. Астана мен Қарағандыда шахмат мектептері жұмыс жасап жатыр.

«ФИДЕ» президенті Кирсан Илюмжинов Елбасыға шахматтың жастарға бере­тін пайдасын айтқан. Ол өзі Президент болып тұр­ғанда еліндегі барлық мектептерге шахматты пән ретінде енгізіпті. Соның арқасында қалмақтарда білім саласы Ресей бо­йынша жоғары орында тұр екен.

Бүгінде Шымкенттегі мектепте 60-тан аса оқушы шеберлігін шыңдауда. Оларға тәжірибелі төрт жаттықтырушы қызмет көр­сетеді. Жансаяның өзі айына бір рет мастер-класс өткізеді.

Азияда – 1-ші!

Жансая – сүйікті неме­ремнің бірі. Ол өте ашық-жарқын мінезді. Кез келген адаммен тез тіл табысады. Біреуді жамандауды білмейді. Тіпті қарсыластарының өзін «күшті шахматшы, тек жүрісте қателесіп кетті» деп мақтап отырады.

Мен 70 жасымды тойлағанда немерем келді. Қонақтарды күлдіріп, көңіл­дерін көтеріп кетті. Біздің үйде Жансая келген са­йын мереке-думан болады. Ол өзі қойдың басын жегенді ұнататындықтан Жансая келгенде міндетті түрде қой сойылады. Қасыма отырып алып: «Ата, бастан кесіп беріңіз», – дейді. Өзі ұстамайды. Құйқаны жақсы көреді. Бастың етін жеп болған соң миын шағып береміз.

Кербездігі жоқ, кішіпейіл. Үйдің жұмыстарын істеп жүре береді. Тамақ істеп, үй жинаудың шебері болып алған. Үйінде анасы үш бөлмені үш баласына бөліп берген. Әркім өзіне тиесілі бөлменің тазалығына жауапты.

Жансаяның алғашқы жаттықтырушысы – әкесі Данияр. Президент сондықтан оған 500 доллар стипендия тағайындады ғой. Бірақ кейін Жансаяның шеберлігін одан әрі арттыру үшін Данияр басқа жаттықтырушы іздестірді. Осылай Жансая Николай Перегудовтан тәлім алды. Арада екі-үш жыл өткенде Николай да: «Мен Жансаяны үйрете алмаймын, бұл мені ұтып кетеді», – дегенді айтқан соң  елдегі шахмат федерациясы Армениядан Давид Арутунян деген халықаралық грос­смей­с­терді шақырды. Бүгінде Жансаяға сол тәлім беріп жүр.

Немерем әлемдік аренаға шыққанда Сингапурден Жансаяны шахмат академиясына шақырды. Оқу – тегін. Пәтер берді. Жансая ол жақта да бір жарым жыл оқып келді.

Бүгінде Жансаяға өзінің жасы шамасында қарсылас жоқ. Бұларды үлкендерге қоспайтындықтан 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы жарыстарға қатысып жүр. Бұл деңгейдегі рейтингісі Азияда 1-ші орын болса, Әлемде – 3-ші орын.

...Бізге Әбдімәлік аға осындай әңгіме айтып берді.

Р. ШАЛҚАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ