Қайраткерлер елге қарай ағылды

12.12.2016
Қаралды: 1454

Шымкентте «Туған жерді түлету – перзенттік парыз!» деген тақырыппен арнайы іс-шара болып өтті. 

Оған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен Оңтүстік өңірінде дүниеге келген, бүгінде еліміздің әр түкпірінде, өмірдің әр саласында еңбек етіп жүрген 150-ден астам азамат қатысты.

Бұл жиынға арнайы шақырылғандар тізімінде  Парламент депутаттары, мемлекеттік құрылым басшылары, сондай-ақ кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласын басқарған Сергей Терещенко, Зауытбек Тұрысбеков, Халық Абдуллаев, Болат Жыл­қышиев, Нұрғали Әшімов, Амалбек Тшанов, Қылышбек Ізбасқанов, Ғалымжан Жұмжаев сияқты  тұлғалар болды. Жиынға көптеген ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер адамдары, кәсіпкерлер, банкирлер, заңгерлер, спортшылар, журналистер қатысты.

«Тәуелсіздіктің тойында ел перзенттерінің басын қосып, ортақ ісімізді ойласып алуды көздеп отырмыз. Президентіміз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде жиі айтып отырады, мемлекетті өркендетуге үлес қосқан кәсіпкерлерді назарынан тыс қалдырған емес. Бүгінгі бас қосуымыз да Президент Әкімшілігінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылып отыр», – деді облыс әкімі. Ол кісі облыс аумағында алдағы уақыттарда атқарылуы тиіс деп жобаланған көптеген шаруа­ларды ортаға салды, іскер азаматтарды осы жұмыстарға атсалысуға шақырды. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында еңбек етіп жүрген бірқатар кәсіп­керлерге «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен Алғыс хаттар тапсырды.

Жиын соңында туған жерді түлетуге шақырған арнайы Үндеу қабылданды. Бұдан кейін қонақтар өздеріне арнап ұйымдастырылған өнер шеберлерінің концертін тамашалады.

...Сан түрлі салаларда еңбек етіп жүрген, еліміздің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан, облыс халқының мақтан тұтар перзенттері саналатын азаматтардың осылайша басын қосу облысымызда тұңғыш рет ұйымдастырылды.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ