Сергей Терещенко: «Уақытымның көбі ұшақта өтеді»

12.12.2016
Қаралды: 1460

Кешегі бейсенбі күні Оңтүстіктен озып шыққан ұландар Шымкент қаласына жиналды. 

Бұл кездесуге еліміздегі ең беделді 50 бизнесменнің бірі Сергей Терещенко да келді. С.Терещенконы ел жұртшылығы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы премьер-министрі ретінде де жақсы біледі. Орайы келгенде біз Сергей Александрұлымен сөйлескен едік.

«Алматыда тұрып жатырмын дегенмен мен Шымкентке жиі келіп тұрамын. Әйелім Евгения Григорьевна Шымкент қаласындағы №9 мектепте мұғалім. Орыс тілі мен әдебиетінен дәріс береді. Оның бұл салада қызмет еткеніне 50 жылға жуықтап қалды. Ұстаздық тәлімін 1968 жылы бастаған, содан бері жас ұрпаққа білім беруден қол үзген емес.

Қыздарым Алматыда тұрады. Үлкенім Нина биыл 42 жасқа толады. Экономика ғылымдарының кандидаты. Елена жақында 38 жасқа толды. Екеуі де бизнеспен айналысады. Нина Шымкенттегі «Мадлен» компаниясының акционері. Алматы облысында бау-бақша өсіріп, өнімін өз еліміз бен жақын шет елдерге шығарып жүр. Еленаның ара шаруашылығы бар. Ол да балдың түр-түрін өз еліміздің әр өңіріне жеткізумен қатар, экспортқа да шығаруды қолға алды. Жақын күндері Қазақстан балы Қытайға да жеткізілетін болады. Алматыда өзінің бал өндіретін шағын зауыты бар. Қосымша өзінің туризм компаниясын дамытып отыр. Былайша айтқанда, бір салада тоқтап қалмай, бизнесті өркендетіп,  жан-жақты жұмыс істеп жатыр. Құдайға шүкір, оған қазір елімізде мүмкіндік мол, жұмыс істеймін деген адамға жол ашық.

Төрт немерем бар. Екі қызым да бір ұл, бір қыздың аналары. Немерелерімнің үлкені 13 жасқа, кішісі 2 жасқа келіп қалды. Бірақ, өкінішке орай, олардың жанында көп бола алмаймын. Өйткені бизнеске бел шеше кірісіп кеттім дегенмен қоғамдық мәселелерден әлі де қол үзген емеспін. Ауылшаруашылық министрлігі жанындағы су ресурстары, орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі комиссия­сына жетекшілік етемін. Шынын айтқанда, уақытымның көбі ұшақта өтеді.

Өзім жайлы мен ешқашан ештеңе жасырған емеспін. Бірнеше салада бизнеспен айналысатынымды білесіздер. Электростанциялар саламыз, шаруаларға жерді дұрыс өңдеу мен игеру, ауылшаруашылық техникаларын жеңілдікпен алуға жәрдем береміз. Бау-бақша да өсіріп жатырмыз, биыл жаңғақтан мол өнім алғанымызды айта кетейін. Ара шаруашылығын дамытып отырмыз. Күні кеше күркетауық етін өндіру бойынша Елбасының қолынан «Алтын сапа» белгісін алдық. Қысқасы, өзім де, қыздарым да бірнеше сала бойынша жұмыс жасап келеміз. Бизнесіміз негізінен Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында. Осы өңірлерде серіктестеріміз де бар. Әлі де кең етек жаямыз, жаңа жобаларды қолға аламыз деп жоспарлап отырмыз. Қысқасы, менде идея да, жүзеге асыратын іс те көп. Сондықтан шет елге кету, көшу жайлы ойлаған да емеспіз. Қазақстан – біздің туған үйіміз.

Саясатқа оралатын ойым жоқ. Жеке кәсібімді өркендетіп әрі жемісін көріп жүрген осы жұмыстарымды жақсы көремін. Бау-бақша мен ара шаруашылығы, шынын айтқанда, менің жаным қалайтын іс, мен осылай демаламын», – дейді қоғам қайраткері.

С.Терещенко «Замана» газетінің оқырмандарын Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесімен құттықтап: «Ширек ғасырда дамудың 100 жылдық белесін артта қалдырған жерлестерімнің әрдайым жетістік биігіне жетулеріне тілектеспін. Қазақша айтқанда, шаңырақ биік, дастархан мол, денсаулық мықты, аспанымыз ашық болсын!» – деп бата берді.

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ