Жәмиланың жағдайы не болып жатыр?

12.12.2016
Қаралды: 1543

Өткен тамыз айында біз қос бүйрегі бірдей істен шыққан қыз жайлы жазған болатынбыз. 

Естеріңізге сала кетейік: Жәмила Байсерікова (суретте) бұл дертке екі жыл бұрын шалдыққан. Содан бері жап-жас қыз күнара гемодиализ аппараты арқылы қанын тазартып жүр. Дәрігерлер оған тез арада бүйрек алмастыру операциясын жасату қажет депті. Ол үшін Жәмилаға 5 миллион теңге керек. 

«Банкке кепілдікке қойып, несие алайын десем, атымда үй де, тіпті жер де жоқ, Шымкент қаласында пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Қызымның мүгедектігі үшін алатын 43 мың теңге «пенсиясы» өзінің дәрі-дәрмегіне де жетпейді. Бір «уколының» өзі 19 мың теңге тұрады. Бүйрегі істемейтіндіктен қан қысымы да көтеріліп кете береді, содан күніне 2-3 рет жедел жәрдем шақыртуға мәжбүрмін. Күнара тазалай беріп, қаны қатты сұйылып кетті ме, соңғы кездері Жәмиланың мұрны жиі қанап жүр. Бір қанаса, тоқтамай әуреге салады. Көз алдымда күн санап солып бара жатқан қызымның жайы жаныма қатты батып жүр. Әр күнім уайыммен, әр түнім жылаумен өтіп жатыр», – дейді Жәмиланың анасы Құрманкүл Құлмырзаева.

Ел ішінде мейірімді, қайырымды адамдар жоқ емес. Жәмиланың жағдайы жайлы мақала «Замана» және «Ауырмаңыз!» газеттерінде жарияланғаннан кейін оған біраз азаматтар жанашырлық танытып, қолынан келгенше қаржылай көмек көрсетіпті.

Жәмиланың анасы Құрманкүл Алматы қаласындағы «Цесна­банкте» жұмыс істейтін Жалғас және Талғар ауданында тұратын Рауан есімді дәнекерлеуші жігітке алғыс айтады.

«Қарапайым жұмысшымын, әпке. Бірақ Жәмила қарындасымыздың жағдайын оқып, бей-жай қала алмадым. Қолымнан келгенше көмектескенім дұрыс деп шештім. Достарыммен қоса жинаған қаржым осы болды. Қолымнан келсе әлі де көмектесермін. Қызыңыз тезірек сауығып кетсін», – деп Рауан Жәмиланың есепшотына 65 мың теңге аударды. Ал Жалғас үйге 32 мың теңге әкеліп берді. Осындай азамат тәрбиелеген олардың ата-анасына мың алғыс! Ұлдарының қызығын көрсін.

Шымкенттен бір жап-жас келіншек екі рет мол етіп айран-сүт, шұжық, ірімшік, ет, май, картоп-пияз секілді бір үйге керекті азық-түлік беріп жіберді. Телефон арқылы хабарласып, жағдайымызды сұрап тұратын ол «Жақсылығымды жария етпеймін» деп, өзінің аты-жөнін де айтқысы келмеді. Павлодардан Ғабит есімді азамат – 10 мың, Астанадан Ғали Әлихан – 15 мың, Алматыдан Ұлбосын деген қыз 2000 теңге аударғандарын айтып хабарласты. Одан басқа да 200, 300, 500 теңгеден көмек беріп жатқан адамдар бар. Олардың бәріне айтарым тек алғыс. Алла жасаған жақсылықтарын алдынан мың есе етіп қайтарсын», – дейді көзіне жас алған ана.

Дегенмен төрт айда 610 мың теңге ғана қаржы жиналыпты. Ал Жәмиланың өмірін құтқарып қалу үшін әлі де 4.400 мың теңгеге жуық ақша қажет. Қолымыздан келгенше Жәмилаға жәрдемдесейікші, ағайын! «Көп түкірсе – көл» дейді ғой, 200-500 теңгелеп те біраз қаржы жинауға болады ғой.

 Жәмила Байсерікованың «Халық банкіндегі» нөмірі: 6762 0035 1804 5629. (ИИН 920619402129).

Ал оның анасы Құрманкүлге 8-705-150-13-63 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ