Тәлпіш қатын

05.12.2016
Қаралды: 1353

3-класс оқимын. Ауылдың көшесінен дыбыс күшейткішпен айғайлап өткен дауыс естілді. Бұл – ауылға «кәнсерт» келді деген сөз.

 Бүгінгідей «тері, аккумулятор, картошка, маркоп» деп мұрнынан айтатын дауыс ол кезде, «кәнсерт, кәнсерт» деп, көшені аралап өтетін. Жүрек деген дүрс ете қалды. Анау-мынау емес, Роза Рымбаева. Бару керек, бару үшін сүйкім жинау процесін тура қазір бастау керек қой, сабақтан келе жүгіріп жүріп ыдыс-аяқты газ, шкабымен қоса жалтылдатасың. Үйдің бүкіл паласын шығарып тастап уборкасын жасап, суды тасып, күлді алып, отын мен көмірді пештің алдына дайындап әкеліп қойдым да, ұршық иіріп отырған шешемнің қасына барып мүләйімсіп отыра қалдым. «Мына Мәріпханның берген түбіті еді, қылы көп екен» деп, берсе де жақтырмайтын көршінің ешкісін не деп жамандарыңды білмей дымсыз отырасың да сөзді бастап жібересің. «Мама-шы, ана полдың бәрін жуып, отынды кіргізіп, көмірді чылап, суды әкеп, сары кәстрөлге құйып, тағы бір рет барып әкеп, оны Жандосқа үйге кіргіздіріп, көршінің тәшкісін апарып беріп қойдым» деп тоқтай бергенде бетіңе қарайды. «Маладес» деген сөз болса да жоқ қой, аузын ашып үлгергенше: «Роза Рымбаеваның кәнсерті кепті, барайыншы» дедім. Анандай сүйкімнен кейін «барма» деп айтуға аяған шығар, «бар» деді.

Әлемде сенен бақытты адам жоқ. Бүкіл өмірім сол дүниеге тіреліп қалғандай жанталасып, жүгіріп қонақ үйге кірдім. Ол жерде кітап қойылған сөре тұрады. Неше түрлі кітап. Бірінен кейін бірін ашып жатырмын, барлығының бірінші бетінде құттықтау жазылған. 23-февраль, ... 8-март, мұғалімдер күні.....т.б. Таза кітап тауып алып, Роза Рымбаевадан қолтаңба алмақпын. Сол заманның селфиі. Бора-бора терлеп, жанталасып бірінен кейін бірін сапырып жатсам бір кітап жарқ ете қалды. Тап-таза, құттықтау жазылмаған. Қуаныштан жүрегім жарыла жаздап, кітабымды құшақтай сала кәнсертке жүгірдім.

«Славутиш» деген дәу советский теелвизордан көретін Роза Рымбаеваның қара көйлек, ақ шарфының шын өмірдегі светін көріп, аңқиып отырып, арманда-а-ап шықтық. Концерттен шыққан бар бала клубтың арт­қы жағына жүгіріп келдік. Колхоздың «әктіптері» шығатын есікке келіп иін тіресіп тұрмыз. Ондай кезде аса қатты белсенді болып, дүниені тіреп тұра қалатын мұғалімдер болады ғой.

– Кетіңдер, кет. Өй... – деп айғайлап жатыр.

– Сен неғып тұрсың? – деді.

– Қолтаңба алам.

– Кімнен?

– Роза апайдан... Қабағын кіржитіп, Роза Рымба­еваның бас продюсері құсап, «Жәрәйді, әкел. Қойдырып шығайын», – деп кітабымды ала берді де, сілейіп қалды. «Ойбааай, мынауың не? Мынаны ол кісіге қайтіп көрсетеміз?» – деп тұрғанда Роза апай шықты. Жымиған күйі топты жарып өтті де концертті әкелген автобусқа отырып кетті.

Ағайым Роза апайдың артынан аңқайған күйі кітабымды қолыма ұстата салды. Жұрт жапырлап автобуспен біраз жерге кетіп барады. Есімді жия алмаған күйі қолымдағы кітапқа қарадым: Петер Вереш «Тәлпіш қатын» деп тұр екен. Үйде осы кітапты жүз рет көрсем де бір рет ашып оқымаппын. Қолтаңба ала алмағаныма өкініп, «Тәлпіш қатынымды» көтеріп үйге қайттым. Келесі келген әншілерге қойғызам деп қоям тағы...

Гүлбағыш БОСТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ