Аязда аллергия да өршиді

06.12.2016
Қаралды: 1261

Синоптиктер алдағы бір апта бойы еліміздің барлық аумағында күн суытып, қар жауатынын, аяз болатынын хабарлады. 

Жалпы, жұрт та биылғы қыстың өте суық болатыны жөнінде айтып жүр. Еліміздің кейбір аймақтарында қазірдің өзінде -30 градустық суық байқалуда.  Ал ол суыққа қарсы аллергияны өршітеді екен.

Суық күндерде адам денсаулы­ғына ауа райы ғана емес, түрлі жылы киімдер де кері әсерін тигізуі мүмкін. Мысалы, ағза аллергияға ұшырап, теріге түрлі бөртпелер шығатыны бар. Бұл ненің белгісі?

Суықтың да әсері бар

Кейде адам аязды кезде көп жүріп қалса да терісінде аллергиядан бөрт­пелер пайда болуы мүмкін. Ол негізінен суықта тоңып, жылы жерге кіріп, 15-20 минуттай отырған соң байқалады.­

Жалпы, жаураған кезде жарты сағат көлемінде терінің ысып, қызарып, қышығаны қалыпты құбылыс. Өйткені бұл кезде суықта тамырлар біршама тартылады да, жылы жерде кеңейеді, сөйтіп, тері аздап қы­шитыны бар. Ал суыққа аллергия кезінде мұндай құбылыс ұзаққа, бірне­ше сағатқа созылады. Суыққа аллергияны аяз ғана емес, шомылу, тіпті мұздай суда ыдыс, картоп жуу да туындатуы мүмкін. Мұндай аллергияға бейім адамдар суық ауа райында көшеге шығарда аллергияға қарсы препараттар қолданғаны және тұрмыстық істер кезінде ағзаны суықтатпауға тырысқаны жөн.

Суықтан болатын аллергия ағзада кездесетін, салқындағанда белсен­ді­лі­гі күшейетін белоктарға да байланысты. Мысалы, «криоглобулин» аталатын бұл белоктар жабысқақ күйге тү­седі де, анафилотоксиндер бөледі, ал олар тіндерге зиянды әсер етеді. Мұн­дай­да иммунолог дәрігерге көрінген абзал.

Аяз сондай-ақ «суықтық дерматит» аталатын ауруды да туды­ра­ды. Бұл кезде ағзаның ашық тұстарында – бетте, құлақта, саусақтарда қа­йыз­ғақтанған қызыл-қоңыр дақтар пайда болады, олар қышиды, тері құрғай­ды,­ кейпі өзгереді. Кейде ол санның, балтырдың суыққа сезімтал тұстарында да пайда болуы мүмкін. Мұндай ауру кешенді түрде емделуі тиіс, оған кемінде екі апта уақыт кетеді. Бұл кезде суықта жүрмеуге тырысу керек.

Суықтық дерматитке бейім адамдар көшеге шығарда терінің ашық тұстарына майлы кремдер жағып алғаны дұрыс.

Саусақта қан айналмаса қиын

Кейбір адамдар «Рейно синдромы» аталатын суықтан болатын  аурудан зардап шегеді. Бұл адамдарда саусақтың ұсақ тамырлары суыққа аса сезімтал. Аязда олар тарылып, саусақ ұштары арқылы қан айналымы тоқтайды да, ол жерлер ауыр бастайды. Алақан жылыған кезде олар қайтадан қызарады, бірақ ауырсынуды сезіну бәрібір де ұзақ уақыт сақталады. Егер адам өзінен мұндай ерекшелік сезсе, міндетті түрде ревматологқа көрін­гені дұрыс.

«Хейлит» - еріннің қабынуы

Кейбір адамдарда аязды күндері ерін жа­рылып, өз-өзінен жарақаттанады. Ол медицина тілінде «метеорологиялық хейлит» деп аталады. Осы хейлит­тің себебі де кейде суыққа аллергияға байланысты. Оның алдын-алу үшін ерін­ге далаға шығарда арнайы шығарыл­ған криокрем жаққан жөн. Ол көмекте­с­пе­се дәрігерге көрін­ген дұрыс. Хей­литтің ерекшелігіне қарай дәрігер оны түрлі витаминдермен, жарықты жазатын препараттармен, сықпа майлармен, қышуды, аллергияны басатын жұқ­палармен емдейді.

Жүн мен тері де себепкер

Қысқы аллергия қалың киім әсерінен пайда болуы да мүмкін. Әсіре­се – тондар. Аллергияға бейім адамдарда ол үнемі түшкіріп-пысқырып, мұрыннан су, көзден жас ағуына себеп болуы мүмкін. Бұл жерде адамның жайсыздыққа ұшыруы оның тері, жүн қайызғағына, бояу­ға, оларды төзімді ету үшін қосылған химия­лық қоспаларға сезімтал­дығына байланысты.

Жалпы, суықтық аллергияға ұшыраған жағдайда міндетті түрде аллер­гологқа көрінген дұрыс. Аллергияның негізгі себебін сол анықтайды және соған байланысты ем қолданады, қажетті ақыл-кеңестер береді.

А. МҰХАММЕД.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ