Аты аңызға айналған Фидель Кастро

05.12.2016
Қаралды: 1446

Әйгілі Куба революциясының көсемі Фидель Кастро Рус қайтыс болды. Өмір жолы аңызға айналған бұл адам 90 жасында дүние салды. 

Ол кейінгі жылдары денсаулығы қатты нашарлап, ел билігін өзінің інісі Рауль Кастроға тапсырған болатын. Өзі Кубаны жарты ғасырдай уақыт бойы басқарған еді. Бұл адам туралы мынадай қызықты деректер бар:

 Фидель Кастро Кубаға қоныс аударған испандық азаматтың отбасында өмірге келген. Әкесі қант плантациясы бар ірі жер иеленуші, ал анасы оның үйінде аспаз болыпты. Олар өмірге бес бала әкелгеннен кейін ғана некеге тұрған деседі.

 Ф.Кастро революциялық жолға бала кезінен түскен. Алғаш рет 13 жасында плантация жұмысшыларының өз әкесіне қарсы бас көтеруіне қатыс­қан екен.

 Ол алғашында діни білім ал­ған, кейін Гавана университетінің заң факультетін бітірген, адвокат болып жүргенде кедей адамдарға тегін қызмет көрсеткен.

 Фидель Кастро Кубадағы әскери хунтаға қарсы төңкерісті басын бәйгеге тіккен аз ғана топтың күшімен бастаған, екі жыл бойы партизандық соғыс жүргізіп, ақырында мемлекет билігін басып алған.

 Оның есімі Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ол 1960-жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының жиынында төрт жарым сағат бойы тоқтамай сөйлепті, яғни бұл адам аса шешен болған. Кей деректерге қарағанда, 1986-жылы Куба Компартиясының кезекті съезінде ол 7 сағат 10 минут бойы үзіліссіз сөйлеген екен.

 Ф.Кастро елді ұзақ уақыт басқару көрсеткіші бойынша Таиланд королі Адульядет пен Ұлыбритания ханша­йымы 2-ші Елизаветадан кейінгі 3-ші орында тұр. Алдыңғы екеуі 70 және 64 жыл ел басқарса, Кастроның бұған қатысты «стажы» – 50 жыл.

 Фидель Кастроға жаулары 638 мәрте қастандық жасаған. Бұл көрсеткіш жөнінен де оның есімі Гиннестің рекордтар кітабына енген. Оны атып та, улап та өлтірмек болған, бірақ қастандықтардың бәрі де сәтсіздікпен аяқталыпты. Тіпті бір жолы оны атуға тапсырма алған мергенді кездейсоқ көлік қағып өлтіріпті, тағы да бір «снайпер» тапсырманы орындар алдында соқырішегі ұстап ауруханаға түскен екен.

 Фидель Кастроның алғашқы, заңды некеден туған Фидель есімді ұлы бар екен. Бірінші әйелімен ажырасқасын әр жылдары бірнеше әйелмен көңіл қосыпты. Олардан туған Алекс, Александр, Алехандро, Антонио, Алина, Анхелита есімді балалары бар көрінеді. Жалпы, Ф.Кастроның өз өмірінде 100-ден аса әйелмен жақын қатынаста болғаны туралы айтылады. Оны білетіндер «Айғыр» деп те атаған екен.

 Өткен 13-тамызда Ф.Кастро 90 жасқа толды. Сол кезде темекі орау шеберлігімен аты шыққан, осы арқылы талай рет Гиннестің рекордтар кітабына есімі енген кубалық бір азамат бұл мерекеге арнап ұзындығы 90 метрлік сигара жасапты. Оған 80 кило сапалы табак жұмсалыпты, жұмыс­ты бірнеше адам 10 күн бойы, тәулігіне 12 сағаттан тыным таппай еңбектеніп атқарып шыққан. (Жалпы, Ф.Кастро ұзақ жылдар бойы темекі шеккен, бірақ денсаулығына қатысты 1986-жылы темекіден түбегейлі бас тартқан екен).

 Әйгілі «Форбс» журналы 2005-жылы Фидель Кастроның 500 миллион долларға тең байлығы бар деп жариялапты, 2006-жылы байлығы 900 миллион долларға жетті депті. Ал Кастроның өзі мұны жоққа шығарған, «Менің бар байлығым өзімнің қалтама сиып кетеді», – деп айтқан екен.

 Ф.Кастро 1962-жылы КСРО-ға келген. Сол кездегі Кеңес Одағының басшысы Леонид Брежневтің құрмет тұтқан қонағын аузынан сүйетін қолайсыз әдетін білетін ол ондайға жол бермес үшін ерніне сигара қыстырып, түтінін будақтатып тұрыпты деседі. Сөйтіп жағымсыз жайдан «аман-есен» құтылып кетіпті.

 1962-жылы өмірге келген көптеген кеңестік азаматтарға сол жылы ата-аналары Фидель деп ат қойған екен. Ондай азаматтар бүгінде Ресейде, Әзірбайжанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Қазақстанда, тағы да басқа елдерде бар көрінеді. Біздің Алматының өзінде бір қазақ, бір кәріс Фидель бар екен.

 Бүгінде «Роскосмос» ғарыштағы бір жұлдызға Фидель Кастроның атын беретінін мәлімдеп отыр. Бұл елдің Мемлекеттік Думасының кей депутаттары Мәскеуде Фидельге ескерткіш қою керек деп бастама көтеруде, бұл қалада оның есімін бір үлкен көше иеленбек.  Сондай-ақ Солтүстік Осетияда бір шыңға Кастроның есімі берілмек. Дағыстанның астанасы Мақашқалада да бір көшеге Ф.Кастроның есімі берілгелі жатыр екен.

...Қысқасы, бүкіл өмірін күреске арнаған бұл адам туралы аңызға бергісіз деректер өте көп. Оны аса құрмет тұтатындар да, жек көретіндер де бар. Қалай болғанда да Ф.Кастро артында өшпес із қалдырды. 9 күннен бері Куба халқы қара жамылып, оны соңғы сапарға шығарып салуға да­йындалуда. Өзінің өсиеті бойынша оның сүйегі өртеледі, күлі арнайы «урнаға» салынып, өзінің революция жолында өткен бағытымен ел ішіне шығарылады. Барлық елді мекендердің тұрғындарына онымен қоштасуға мүмкіндік беріледі. Сосын күл салынған құты Санть­яго-де-Куба қаласындағы зират­қа жерленетін болады.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ