Ақылы бөлімге оқуға түсіп, ақымақ болғанын айтады

05.12.2016
Қаралды: 1775

«Замананың» таяудағы нөміріндегі «17 жасында миллионер атанған Арман» деген тақырыппен жарияланған мақаланы көп адам оқыған болар. 

Ондағы Арманның көп сөздері маған терең ой салды. Әсіресе мамандық таңдау мәселесінде айтқандары толғандырды. Биыл оқу бітіріп, диплом алған жастардың көбінің қазір өз мамандығы бойынша жұмыс таппай жүргені есіме түсті. Олардың кейбірімен әңгімелесе қалсаңыз, көп жағдайлардан хабардар боласыз. Мен кешегі аптада Ақбота есімді қызбен осы мәселе төңірегінде сұхбаттас болдым.

«Мен өзім қаламаған мамандықта оқыған едім, – дейді Ақбота.  – Ұлттық бірыңғай тест сынақтарынан 83 балл жинағанмын. Университеттегі бір оқытушы мұның қалаған мамандығыма оқуға түсуге жетпейтінін, бірақ шығармашылық емтихан тапсыруға болатынын айтып, сол жердегі бір оқытушымен таныстырған болатын. Ол кісі грантқа түсесің деп мені өз факультетіне тартты. Жанымда әкем бар еді, ол кісіге өзім қалаған мамандыққа қарағанда әлгі оқытушының айтқан мамандығы жақсырақ көрініпті. Әкемнің айтуымен шығармашылық емтихан тапсыруға бардым. Бірақ бәрібір де жиған балым грантқа оқуға түсуге жетпеді. Сонда әлгі кісі жақсы оқысам 6 айдан кейін квотаға, яғни тегін оқу мүмкіндігіне ие боласың деп айтты. Сосын  әкем ақылы бөлімге оқуға түсірді. Сөйтсем жаңағы оқытушы студенттер санын арттыру үшін талапкерлерді өз мамандығына тартқан екен. Ақылы бөлімде оқитын студенттердің ақшасынан айлық алып отырғандықтан  өзінің тобын толықтыруға күш салыпты.

Кейін мен ақылы бөлімге оқуға түскеніме қатты өкіндім. Басқа бөлімге де ауыса алмадым. Үйде менен басқа да балалар бар, бауырларымның  киімі, тамағына ақша керек, ата-анам оқу ақысын төлейтін уақытта қиналып қалатын кездер  болды. Оқуымның ақысы 342 мың теңге еді, жатақханаға жылына 27 мың теңге төлеп тұрдық.  Ата-анам аптасына жолкіре мен тамағыма деп 5000 теңге береді. Одан бөлек,  жылда алатын киімім, оқу құралдарым бар. Осының барлығын 4 жылға көбейткенде, шамамен 3 миллион теңгеден аса қаражат жұмсалыпты.

Бізде блокқа, яғни жеті апталық қорытындыға жақсы баға қою үшін барлық студенттерден 200 теңгеден жинатқан, өзі жазған кітабын студенттерге 2000 теңгеден сатқан оқытушылар болды. Косметикалық тауарларын алмасақ жақсы баға қоймайтын оқытушылар да болды. Ал диплом қорғау кезінде комиссия мүшелерін кафеге отырғызамыз деп студенттерге ақша жинатқызды. Бірақ біз диплом қорғайтын жерде отыруға тиісті комиссия мүшелерін сол күйі көрмедік.

Ақылы бөлімде оқитын студенттерді анықтап, квотаға немесе грант­қа ауыстырып беремін, таныстарым бар, мен де солай ауысқанмын деп алдап, ақшаларын алған соң жоқ болып кететіндерді де көрдік. Сондайлардың біреуіне өзіміз де бір мәрте оңбай алдандық. Кейін оны іздеп тауып, берген ақшамыздың жартысын қайтарып алдық.

Қорытынды бағаларды, емтихандарды, практикаларды ақшамен жауып жатқаннан кейін оқу орындарындағы білім сапасын көз алдыңызға елестете беріңіз. Дипломды 50 мың теңгеге жаздырттық. Оқытушыларға жағымпазданып жүріп жақсы баға қойдыратын студенттер бар. Әрине, барлығын бірдей солай деуге келмес. Өзінің білімімен биіктен көрініп жүрген студенттер де, ұлағатты ұстаздар да бар. Бірақ қазір ондайлар аз екеніне көзім жетті».

Міне, Ақботадан біз осындай әңгіме естідік. Бұл бір ғана адамның әңгімесі, ол эмоцияға беріліп, кей тұстарда асыра сілтеп жіберген болуы да мүмкін. Дегенмен оның айтқандары бізді қатты ойландырды. Осы орайда, ата-аналарға балаңыздың ойымен санасып, қалаған мамандығын таңдауына өз көмегіңізді тигізгендеріңіз дұрыс болады демекпіз. Ал оқу ордаларының ұстаздары жастар­ға жанашырлықпен қарап, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырса екен.

       Г. МАХАНБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ