Үсікке шалынған 20-дан аса адам аяқ-қолдарынан айрылды

05.12.2016
Қаралды: 1580

Қараша айының үшінші онкүндігі әдеттегіден суық болды. Еліміздің шығыс, орталық, батыс өңірлерінде қақаған аяз бен қалың жауған қардың салдарынан мектептер жабылып жатыр. 

Тіпті адам шығыны туралы да мәліметтер бар. Осыған байланысты кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында елімізде бір аптада үсіп қалған 20-дан астам адамның аяқ-қолдары кесілгені туралы хабар тарады.

Басқаларға қарағанда жағдай Қарағандыда қиындау секілді. Ресми мәліметке жүгінсек, соңғы екі аптада елімізде екі адам далада қалып көз жұмса, көмірлі аймақта дәрігерлердің көмегіне үсіп қалған 30 адам жүгініпті. 18-қарашадан бастап қарағандылық дәрігерлер үсіп қалған 18 адамның аяқ-қолын кескен. Ал Семейде 8 адам аялдамада автобус күтіп тұрып-ақ аяқтарын үсітіп алыпты.

Басқа облыстардағыдай 30 – 40 градус болмағанымен жылы ауа райына үйренген Оңтүстіктің тұрғындарына 10 – 15 градус суықтың өзі айтарлықтай қолайсыздық әкелгені белгілі. Жауған аз қардың өзінен жолдар уақтылы тазартылмай, автобустар кешігіп қалды. Мұндай жағдайда далада үсіп қалғандар болды ма деген сұрақпен тиісті мекемелерге хабарласып едік, олар барлық жұмыстың кестеге сай жүргізіліп жатқанын баяндады.

Сәбит Байбосынов, №2 Шымкент қалалық жедел-жәрдем ауруханасындағы қабылдау бөлімінің меңгерушісі: – Телеарналардан басқа облыстағы жағдайларды естіп отырмыз. Бірақ бізде ондай қиындық жоқ. Күннің суытқанына он күндей бол­ғанымен далада қатты үсіп қалды деген бірде-бір адам бізге әкелінген емес.

Мұхит Досыбаев, Т.Орынбаев атындағы облыс­тық жоғарғы қысымды оттегімен емдеу орталығындағы күйік бөлімінің меңгерушісі: – Қараша айында қар жауды, күн суытты. Мұндай жағдайдың соңғы рет қашан болғаны есімде жоқ. Бірақ бір қуаныштысы, осы күндерде бізге бірде-бір адамды үсіп қалды деп алып келмеді. Мүмкін бұл тиісті орындардың жедел қызмет атқаруының арқасы болар, әйтеуір тыныш.

 Нұрбол Молдабеков, белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығының басшысы: – Әдетте суықта баратын жері жоқ қаңғыбастар далада үсіп қалады. Өткен аптадағы қатты суықта, бізге келетін адамдар көбейетін шығар деп ойлап едік, бірақ олай болмады. Бірінші күні жедел жәрдем ауруханасына төрт адам түсті деп хабар келді. Кейін оның үшеуін туысқандары алып кетіпті. Бізге біреуі ғана жеткізілді. Оның да жағдайы өте ауыр емес.

...Мамандар адамдардың аяқ-қолдарын қатты үсікке шалдырып алуын олардың суықта не істеу керектігін білмеуінің салдарынан деп отыр.

Қысқасы, Оңтүстікте күн жылы деп бейқамдық танытпастан адамдардың кез келген жағдайға дайын болғаны дұрыс секілді.

Р. ШАЛҚАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ