Мақтамен бауыздау деген осы болар...

05.12.2016
Қаралды: 2238

Кешегі аптада «Фейсбук» әлеуметтік желісінде белгілі тележурналист, продюсер Серік Абас-Шахтың «Атқамінер ба­уырларға ұсыныс» деген тақырыппен өзгеше жазбасы жарияланды. 

Автор аталған ұсынысын Парламент Мәжілісінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов пен Бекболат Тілеуханға және еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына арнапты. Кейінгі кездері жұртшылықтың сынына ұшырап жүрген бұл үш азаматқа жолдаған Серік Абас-Шахтың ұсынысында мынадай сөздер бар:

Қуаныш аға, сізге төтесінен айта салайын: орныңызды жастарға беріп, немере-шөбереңіздің ортасына барыңыз. Кемел жасқа келіп, кемеңгер қария атанудың орнына елдің келеке-мазағына айналып жүрсіз. «Қауашағы» бар адам түсінеді: «әдемі қартаю» да – даналықтың белгісі.

Арыстанбек, ата-анаңыз ырымдап, сізге «аң патшасының» атын бекер қоймаған болар? Арыстан циркте ғана өмір сүрмейтінін ескеріңіз. Саяси саxнаның «сайқымазағы» болып қашанғы жүрмексіз?  «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» дейді ғой. Зоопарктің торқамағында отырған аң емессіз, қадіріңізді қашырған қызметтен өз еркіңізбен кетсеңіз өте дұрыс болар еді.

Бекболат, кей жазбамда қатты кетіп қалғанымды сеземін. Артық айтсам, ғафу өтінемін. Менің аузым жабылғанымен дәл сіз үшін ештеңе өзгере қоймас. Өйткені «екі аяқты» Бекболаттың абыройын басқа емес, «төрт аяқты» Бекболаттың өзі төгіп жатқан жоқ па? Намыс – сіз шығарған журналдың аты ғана емес, Беке, ол – әр жігіттің бойынан табылатын азаматтық қасиет. Сол қасиетті аяғыңмен таптай бермесеңші! Депутаттық мандатыңды тезірек тапсырып, өнер ордасына орал. Әлі де кеш емес.

Айтпақшы, жоғалған абыройды «госзаказбен» қайтара алмайсыздар. Оған биліктің буы да, АП-ның звоногы да көмектеспейді.

...Серік Абас-Шахтың бұл ұсынысы қазір әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Оған қатысты жазылған пікірлердің бірқатарын назарларыңызға ұсынуды ұйғардық.

Айжарық Ералы: – «Тура биде – туған жоқ». Құдайдан ғана қорыққан шындықты айтудан қорықпайды.

Нұрлан Тұрмағанбетов: – Тамаша айтылған! Енді жауап жаза алса...

Дәулетқұл Қолқамбаев: – Үшеуінің ең болмаса біреуі қабылдаса, сөзіңіз далаға кеткен жоқ.

Айбар Абайұлы: – Жеткізіп айтыпсыз!

Күлпаш Мусина: – Өте дұрыс! Естір құлақ болса, мына шындықтан кейін бір күн де отыра алмас ұяты бар адам. Бірақ қайдан кете қойсын? Ұйықтап отырып 600 мың теңге жалақы алып, ештеңе шешпей қайтады Парламент қабырғасында отырып.

Құралай Абдуллаева: – Дұрыс айтылған, жүрекке найза қадағандай. Елге келеке болмай, орындарын тапсырса ғой!

Қайрат Көшербаев: – Бұларға отыра бер десе отыра береді. Бізде ел қамын ойлайтын адамдар қалмады ғой. Бәрі біреудің жетегімен, айтуымен жүреді. Сосын еліңді сүй, жеріңді сүй, патриоттық сезім қайда деп ақыл айтады ғой, шіркіндер.

...Қысқасы, бұл мәселе әлеуметтік желіде көп талқылануда. Арасында бірер азаматтардың Бекболат Тілеухан мен Арыстанбек Мұхамедиұлына араша түскен тұрғыда жазба қалдырғаны болмаса, жүздеген адамдар өз пікірлерінде С.Абас-Шахтың ұсынысына қолдау білдірді. Ел сынына ұшыраған азаматтар одан қандай да бір қорытынды шығаратын болар мүмкін.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ