Әділ бағасын алса екен

05.12.2016
Қаралды: 1487

1986-жылғы 16 – 17-желтоқсанда Алматыда Мәскеудің озбыр саясатына қарсы шыққан қазақ жастарының бейбіт шеруі күшпен басылғаны белгілі. 

Қарлы аязда оларға мұздай су шашылды, күштік құрылымдар жастарды сойылдарымен ұрып-соғып, алаңды қанға бояды. Сол ызғарлы күндерде опат болған жастар жайлы ойласам, жаным ауырады.

Арада 30 жыл өтсе де Желтоқсан оқиғасы қазірге дейін әділ бағасын ала алмай келеді, жай ғана бір оқиға ретінде бағаланады. Ал оған «Желтоқсан көтерілісі» деген баға беру керек деп ойлаймын.

Сол кезде ел билігіндегі өз ұлтымыздан шыққан кейбіреулер өз мансаптарын қорғап қалу үшін Мәскеу жаққа жалтақтаумен болды, орын алған әділетсіздік жөнінде жақ ашпады.

Жылдар өтер, шындықтың беті әйтеуір бір ашылар. Сол кезде тасада бұғып қалғандардың да шын бет-бейнесі ашылар.

Биыл, міне, Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толғалы отыр. Бұл аз уақыт емес.

Жыл сайын желтоқсанда студент­тер демалысқа жіберіледі. Неге? Неге жас­тардан қорқады? Осы кездері Алматыдағы алаңда сол күндерді еске алу үшін гүл шоқтарын қоюға бар­ған адамдарды неге сырттай бақылап жүреді?

Осыған бүгінде жауап жоқ.

Мен өзімнің осы толғаныстарымды:

Біздің жастар озбырлыққа көнбейді,

Кем-кетікті кейінгі ұрпақ жөндейді.

Желтоқсанда қыршын кеткен жастардың

Рухы биік, мәңгі тірі, өлмейді! – деп аяқтағым келеді.

Есенғазы ЖҮСІПОВ, қаржыгер.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ