Әпкесін әспеттеген зейнеткер

05.12.2016
Қаралды: 1750

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ордабасы аудандық Қажылар қауымдастығының төрағасы, бүгінде Шымкент қаласында тұратын зейнеткер Бөріхан қажы Тәменнің жаңа кітабы жарық көрді.

«Менің әпкем» деп аталатын бұл кітапқа қаламгердің «Анамның ерлігі», «Мәскеуден жеткен тосын сый», «1957-жылдың келіншегі», «Аталар армандаған Мекке – Мәдинада», «Бандиттерді бағындырған Гүлбаһрам», «Сириядағы қазақ қыздары» атты әңгімелері, естеліктері, жолжазбалары мен кезінде баспасөз бетінде жарық көрген бірқатар мақалалары енген. Бұл туындыларда алдыңғы толқын өкілдерінің өмір жолы, кейінгіге өнеге болар қадір-қасиеттері туралы айтылады. Кітап көпшілік оқырманға арналған.

Бөкең – «Замананың» тұрақты оқырмандарының әрі белсенді авторларының бірі, газетімізде оның мақалалары жиі жарық көріп тұрады. Ол кісі зейнеткермін деп қарап отырмайды, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.

Біз Бөріхан Баймұсаұлына қуатыңыз сарқылмасын, шабытыңыз қарқындасын, алдағы уақыттарда да өмірге жақсы кітаптар әкеле беріңіз деген тілек білдіреміз.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ