Коммунист апа мен патриот оқушы

05.12.2016
Қаралды: 2039

Алда үлкен мейрам – еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесі келе жатыр. Баршамыз үшін қасиетті, қастерлі осы мереке қарсаңында редакциямызға өлеңмен жазылған екі хат келіп түсті. 

Біз оларды газетімізде ықшамдап жария­лауды ұйғардық.

...Нәзипа Құдайбергенова апаның жасы бүгінде 84-те екен. Ол кісі кезінде шаруашылықтарда сауыншы, шопан болып еңбек етіпті. Ерен еңбегі үшін талай мақтау-марапаттаулар­ға ие болыпты, комму­нистік партия қатарына қабылданыпты. Кезінде депутат та болыпты, арнайы жолдамамен Мәскеу­ге барып қайтыпты. Ол кісі осыдан біраз жыл бұрын бақилық болған күйеуі Құсанмен бірге 5 ұл, 3 қызды өмірге әкеліпті, тәрбиелеп өсіріпті. Апаның бүгінде олардан 23 немере, оншақты шөбере сүйіп отырған жайы бар екен.

«Анда-санда өлең жазатыным, жастар­ға өсиет айтатыным бар еді, сендерге екі-үш өлеңімді жолдап отырмын, жарамды деп тапсаңдар, газеттеріңде жарияларсыңдар», – деп жазыпты Нәзипа апа өз хатында. Ол кісі «Замананың» бірнеше жылдардан бергі тұрақты оқырманы екен.

Біз газетіміздің осындай белсенді жанкүйеріне өз тарапымыздан алғысымызды білдіреміз.

Тас бұғауды ағытып, қидық кесіп

Күндерің Тәуелсіздік құтты болсын,

Басына халқымыздың бақыт қонсын!

Тыныштық, бейбітшілік заман болып,

Көңілдер қуаныштан нұрға толсын!

Ашылды алдымыздан бейбіт есік,

Ел болып, түзелгендей біздің бесік.

Көгерер көп талантты жастарымен,

Ел болған «Қазақстан, алға!» – десіп.

Жайдары, жарқын жүзді қазағымның

Жатыр ғой айдарынан самал есіп.

Тұғырын Тәуелсіздік берген Құдай,

Құдайым пешенеге жазған нәсіп.

Қуанды қазағымның барша жұрты

Сәбидің жаңа туған күйін кешіп.

Үш ғасыр бұза алмаған тас бұғауды

Ағытып ақ алмастай қидық кесіп.

Әлеммен енді халқым қауышқандай,

Шеніне шық жуытпай жарысқандай.

Аман бол халқың үшін, Нұрсұлтанжан,

Қайратты, түкті жүрек арыстандай!

Нәзипа ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА.

Сынтас ауылы. Қазығұрт ауданы.

 

...Нулифар Юсупова М.Әуезов атындағы №15 орта мектептің 10-сыныбында оқиды екен. Оқу озаты. Ол – өзбек қызы. Болашақта журналист болуды армандайтынын, өлең жазғанды жақсы көретінін айтады. Біз оның алға қойған мақсатына жете беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

...Қысқасы, жұрт бүгінде Тәуелсіз­дігіміздің 25 жылдығы мерекесін атап өтуді асыға, қуана күтіп жүр. Бұл қуаныш баршамызды ұзағынан сүйіндіре берсін, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, ағайын!

Жол бермеңдер азат елді сатуға!

Тәуелділік елдің еркін матайды,

Қарсы тұрып оған жастар қатайды.

Қайрат, Ербол бауырларды сондағы

Бүгінде жұрт қаһарман деп атайды.

Әпкелер де дәлелдеді ерлігін,

Сақтау үшін Қазақстан елдігін.

Сәбира мен Ләззат сынды әпкелер

Жауға аттанды бекем буып белдігін.

 

Сан еңбекпен Тәуелсіз ел атандық,

Үзіп-жарып тас бұғауын бодандық.

Жан аямай арпалысқан күреспен

Шуақ шашып жетті бізге бостандық.

 

Жиырма бес жыл бақытты таң атуда,

Әнұран мен Елтаңба бар, Көк Ту да.

Қазіргі ұрпақ, Отаныңды ардақта,

Жол бермеңдер азат елді сатуға!

Нулифар ЮСУПОВА.

Киелітас ауылы. Төлеби ауданы.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ