Біз тастанды балалармен бірге суретке түстік...

05.12.2016
Қаралды: 1129

Таяуда Шымкенттегі Бөбектер үйінде «Жүрегім толы мейірім» атты мерекелік ертеңгілік болып өтті. 

Ертеңгілікте 2 – 4 жас аралығындағы кішкентай бүлдіршіндер өнер көрсетті. Ертеңгілікті тамашалауға барған қонақтар іс-шара аяқталған соң ата-ана қамқорлығынсыз қал­ған балаларға апарған сыйлықтарын үлестіріп, олармен бірге суретке түсті. Сәтін салып тұрғасын біз осында мекеменің бас дәрігері Раушан Оразбаевамен сұхбаттастық.

– Раушан Исраилқызы, «Бөбектер үйіне» балалар қалай түседі? Қазіргі кезде мұнда қанша бала тәрбиеленуде?

– Бөбектер үйі 80 орынға арналып салынған, қазіргі таңда бізде 79 бала бар. Балалардың көпшілігі ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Яғни әке-шешесі ішкілікке салынғандар,  күндерін көре алмай қаңғып кеткендер, арасында туберкулезге қарсы диспансерде емделіп жатқандардың, түрмедегі әйелдердің балалары, мүмкіндігі шектеулі балалар, сонымен қатар тастанды балалар да бар. Анасы «отказной» жазып, перзентханаға тастап кететін жағдайлар да кездеседі.

– Ондайлар көп пе?

– Жеткілікті. Көбіне аналар іштен  мүгедек болып туылған балаға қарауға жүрегі ауыратындықтан одан бас тартады. Мұнда балалар 4 жасқа дейін тәрбиеленеді. Әрі қарай мүмкіндігі шектеулі балаларды №6-шы мүгедектер үйіне, дені сау балаларды Балалар үйіне жібереміз. Аналары қайтадан келіп әкететін оқиғалар да кездеседі. Осындай бір оқиға өткен қазан айында орын алды.

3 жастан асып қалған бір аяғы жоқ бала бар еді. Кезінде ата-анасы одан бас тартқан. Сол баланың ата-анасын тауып алып, осында шақырттық.  Сөйтіп оларға: «Баланың бір аяғы жоқ демесеңіз, ақыл-ойы, физикалық дамуы ешкімнен кейін емес.  Тіпті өз қатарластарынан әлдеқайда ақылды, сенің не айтқың келіп тұрғанын көзқарасыңнан-ақ біліп тұрады. Егер сот ата-аналық құқыңнан айырса, өмір-бақи балаңа алимент төлеп өтесің. Одан қайта баланы неге өз қамқорлығыңа алмайсың?» – дедік. Кейін: «Әшейін баланы бір көріп шығыңыздаршы, шешімдеріңізді содан кейін айтасыздар», – деп баланы көрсеткенбіз. Баланы көрген соң әкесі осында қалдырып кеткендеріне өкінетіндерін айтып, еңіреп жылады. Әкетеміз дейді. Оған бала зат емес қой, керек емес кезінде тастап, керек кезінде әкете салатын. Біз оның құжаттарын  сотқа өткізіп қойғанбыз. Бала әзірге осында. Ата-анасы оны сот шешімінен кейін ғана әкете алады.

– Біздің редакциямызға бала асырап алғысы келетінін айтып хабарласатын оқырмандар өте көп. Тіпті біреуі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша балалар үйінің бәрін аралап, ешқайсысынан асырап алуға бала таппағанын айтып еді. Осыған байланысты не айтасыз?

– Адамдар Балалар үйін бала үлестіретін жер деп түсінбесе екен деймін. Жоғарыда айттым ғой, балалар қандай жағдайлармен келетінін. Мұнда балалар көп болғанымен әрқайсысының артында бір іздеушісі тұрады. Түсінікті болуы үшін тағы бір жағдайды айтып өткім келіп отыр. Бізде тәрбиеленіп жатқан бір қызды ағасы әкетті жақында. Қыздың анасы жүйке дертімен ауыратын болған, денсаулығына байланысты сәбиіне қарай алмайтын болғасын баланы осында өткізген. Сол әйелдің бұрынғы күйеуінен туған ұлы ержетіп қалған, студент әрі жұмыс істейді екен. «Мен қарындасымды жетімдер үйінде қалдырмаймын!» – деп өзі қарауға әкетті. Сол секілді балаларын осында қалдырғанымен қайтадан ойланып, кері әкететін жағдайлар өте көп.

– Баласын қоқыс жәшігіне, әжетханаға тастап кеткен аналар жайлы естіп жатамыз. Сондай жағдайлар кездесті ме сіздерде?

– Ондай оқиғаларды мен де естіп жатамын. Бірақ бізде кездеспеген.  2002-жылдан бастап Сара Назарбаеваның бастамасымен барлық Бөбектер үйінде «Үміт» тобы құрылған.  Яғни жетімдіктің алдын алу үшін некесіз туып қалған қыздармен перзентханада психологтар жұмыс жасайды. Олар баланы тастамауға, егер апаратын жері болмаса осында қалдыра тұруына, кейін оқуын бітіріп, жұмысқа тұрғасын әкетуіне болатынын түсіндіреді. Сөйтіп перзентханадан бізге «Үміт» тобына деген жолдамамен жіберіледі. Ондай балалардың аналары кездесуге келіп тұрады. Осы жылдың басында баласын бізге тастап кеткен  бір қыз жігітімен татуласып, онымен тұрмыс құрғалы жатқанын айтып баласын әкетті. Әу баста ол баласынан бас тартпақ болған. Онымен өзім сөйлестім: «Баланы тастауға асықпа, осында қалдыра тұр, айына бір рет келіп, балаңды көріп тұр. Кім біледі, мүмкін жігітің қателігін түсініп, қайтып келер, болмаса басқа бір жігітпен тұрмыс құрарсың, ол сені түсініп, баланы алуыңа қарсы болмас. Жақсылықтан күдер үзбе, оқып жүріп те жұмыс істеуге болады. Жұмыс істеп, бір тиын болса да балаңның болашағына деп ақша жина», – деп ақылымды айтқанмын. Баласы жасына толып, әп-әдемі болып өсіп қалғанда әкесі деп жігітін ертіп келіпті. Жігіт те бала өзінікі екенін мойындап, екеуі үйленетіндерін айтып, баланы әкетті.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.

P.S. Бөбектер үйінде болғанымызда кішкентай бүлдіршіндердің жаутаңдаған жанарларына тура қарауға дәтіміз шыдамады. Жанымыз сыздап, көзден еріксіз жас ақты. Денсаулығынан айырылып немесе басқалай жағдайда балаларын осында өткізетіндерге айтар дауымыз жоқ. Бірақ жас жігіттер мен қыздарға «бес минуттық ләззаттың» артында некесіз дүние есігін ашып, жетімдіктің ащы зарын тартатын, саналы ғұмырын  ата-анасына деген сағынышпен өткізетін тағдырдың тұрғанын ұмытпайықшы дегіміз келеді. «Жерде жетім жыласа, көкте періштелер қайғыратыны» да ойда жүрсінші!

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ