Осы жұрт Айгүл қызды біле ме екен?

05.12.2016
Қаралды: 1543

Таяуда «Л`оффициаль Казахстан» сән журналы «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі ең ықпалды он қазақстандық әйелдің рейтингін жариялады. 

Онда Аружан Саин, Баян Мақсатқызы, Әсел Баяндарова, Айжан Хамит, Құралай Нұрқаділова, Жанна Ахметова, Жанна Ильичева, Шолпан Әли, Карина Абдуллина сынды өмірдің әр саласында еңбек етіп жүрген жандармен қатар жерлесіміз, Шымкент қаласының тұрғыны Айгүл Орынбектің де есімі аталады. Яғни бұл журнал өз рейтингінде Айгүлді «Фейсбукте» жазылушылары көп, әлеуметтік желіде белсенді әрекет ететін, жұртшылықтың ой-пікіріне әсер ете алатын ең ықпалды жандардың бірі ретінде атаған.

Осы орайда біз Айгүлді оқырмандарымызбен жете таныстыруды мақсат тұтып, оның өзімен хабарластық.

– Айгүл, сізді алдымен «Фейсбук» желісіндегі ең ықпалды қазақстандық әйелдер тізіміне енуіңізбен құттықтаймыз! Өзіңізді оқырмандарымызға жақынырақ таныстырсақ деп отырмыз, бұған қалай қарайсыз?

– Ниеттеріңізге рахмет, қарсылығым жоқ.

– Олай болса, әңгімені өзіңіздің туып-өскен ортаңыз, отбасы төңірегінен бас­тайық. Қайда туып-өскенсіз, негізгі мамандығыңыз қандай, қазір немен айналысасыз?

– Мен Қызылорда облысының Шиелі ауылында туып-өскенмін. Үйдің үлкенімін, үш сіңлім, бір інім бар. Әкем бүгінде Арыс ауданында почта саласында қызмет істейді, анам жеке кәсіппен айналысады. Өзім Түркіс­тандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде тарих және құқықтану мамандықтары бойынша оқығанмын. Қазір жеке кәсіппен айналысамын.

– Бұрын қандай жұмыс­тар істеген едіңіз?

– Жалпы, менің бала кездегі арманым ұстаз болу еді. Ол арманыма жеттім деп ойлаймын. Кезінде қаладағы гуманитарлық колледж­де студенттерге құқықтанудан сабақ бердім. Осы оқу орнында директордың тәрбие жөніндегі орынбасары қыз­метіне дейін өстім. Ол кезде мен 25 жаста едім. Талай шәкіртке жақсы ұстаз болдым деп айта аламын. Олардың біразы бүгінде құқық қорғау саласында лауазымды қызметтер атқарып  жүр. Алдағы уақыттарда ұстаздыққа оралуға мүмкіндік болады ғой деп үміттенемін. Ал колледждегі жұмыстан сол кезде Ақтау қаласында жеке кәсіппен айналысып жүрген анамның денсаулығына байланысты, оған жәрдем беру қажеттілігі туғандықтан кеткен едім. Бауырларымның аяқтан тұруы­на көмегім керек болды. Қазір анамның кәсібін жалғастырудамын. Одан бөлек, бір адвокаттан «стажировкадан» өтіп, білім жетілдіруді магис­тратурада жалғастырып жүрмін.

– Бүгінде жазылушыларыңыздың қатары қаншаға жетті? Жалпы, әлеуметтік желіге қандай баға берер едіңіз?

– Мен «Фейсбуктен» бас­қа желілерді де қолданамын. Желі қолдануды 2013-жылы бастағанмын, ал жұрт маған биылғы жылдың қаңтар айынан бері жазыла бастады. Қазір жазылушыларымның жалпы саны 16.500-дей болды. Жалпы, әлеуметтік желі адамға жұртшылыққа өз ойын жеткізуге, көзқарасын білдіруге, пікір алысуға, қоғамдық пікір туғызуға, танысып-білісуге жол ашады. Оның көптеген мәселелерді шешуге жәрдемі тиеді. Ал қоғамда шешілмеген, шешуін күтетін мәселелер көп қой. Мысалы, бізді халық пен басшылар арасындағы көпір деп бағалап жатады. Ол рас, жұрттың көкейінде жүргенді жоғарыға жеткізіп те жатамыз. Осы орайда айта кетейін, бізде адамдар өздерінің заңды құқықтарын білмейді, кейде біле тұра оны қорғаудан тайсақтайды, «қойшы» дей салады. Әділдік іздейтіндер аз, осы жағы мені ашындырады. Бір жағы бұған биліктегілердің көбі орыстілді, орысша  ойланып, орысша әрекет ететіндері себеп шығар деп ойлаймын. Олар алдына барған адамды алдап шығарып салады, сосын қарапайым халықтың билік өкілінен көңілі қалады, оларға сенбейді. Менің халық пен биліктің арасында көпір болып, екі жағына да көмектескім келеді. Халықтың тиісті жәрдемге қол жеткізуіне, билік өкілінің жұмысын дұрыс жүргізуіне көмегім тисе деймін.

Әлеуметтік желінің пайдалы жағының бірі – адамды таныс­тырады, танытады. Мысалы, мен өзімді осы әлеуметтік желі арқылы шымкенттіктер туралы оң көзқарас қалыптастыруға зор үлес қостым деп айта аламын. Еліміздің басқа аумақтарында кейбіреулер «шымкенттіктер жаман» дегенді жиі айтатын, желі арқылы жариялап та жататын. Мен сондайлармен көп айтыстым, Оңтүстік тұрғындарының «жаман» емес екенін талай дәлелдедім, талай адамның біздің жақтың адамдарына деген теріс көзқарастан қайтуына мұрындық болдым. Оны мен ұялмай айта аламын.

Ұлан-ғайыр елде 17-ақ миллион халықпыз. Бізге бірлік керек.

– Заңгер ретінде сізге жеке мәселелермен хабарласып, көмек сұрайтындар бар ма? Нақты жәрдеміңіз тиген адамдар болды ма?

– Хабарласып, жәрдем сұрайтындар бар. Тіпті ондайлар көп десем де болады, кейде бір күннің ішінде 10 – 15 адамға дейін хабарласатыны бар. Өзінің құқын қалай қорғауды білмей, тығырыққа тірелген талай жанға көмегім тиді. Алғыстарын білдіріп жатады. Кеңестерім үшін ақы сұраған емеспін.

– «Фейсбукте» еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі, әлеуметтік саладағы орын алып жатқан мәселелерге жіті қарап, өз пікірлеріңізді ашық білдіріп отырасыз...

– Жалпы, мен ойымдағыны ірікпей айтатын адаммын. Бұған бір жағы еліміздің батыс жағында ұзағырақ жүргенім себепкер болған шығар деп ойлаймын кейде. Жаңа айттым ғой, Ақтау жақта анаммен бірге біраз жұмыс істегенмін. Батыс жақтың адамдары ойын ашық білдіреді ғой, ішке бүгіп қалып жатпайды, мен ол жақтан өзіме көп достар таптым. Өзімнің осы жақтағы, шынайы өмірдегі достарымның да кейде маған дөрекі сөйлейсің деп қалатыны бар. Өз басым ойды ірікпей айтуды дөрекілік деп санамаймын. Қандай да бір нәрсеге қатысты ойыма не келді, соны сол сәтте білдіремін. Адам бірде олай, бірде бұлай, оны түсіне, кешіре де білген дұрыс деп ойлаймын.

– Әлеуметтік желіде бір досыңыз: «Айгүл – бойдақ, оған жігіттердің жүрегі дауаламай жүр», – деген тұрғыда  сөз жазыпты, содан басыңыздың бос екенін білдік. Жалпы, өзіңіз жайлы айтыңызшы.

– Бойдақ екенім рас, көңілімнен шығатын адам кезікпей жүр. Үш бөлмелі пәтерім бар. Көлікке аса қызықпаймын, жұмысыма кедергі болатын сияқты көремін. Жақын арада рульге отырамын деп айта алмаймын, мүмкін алдағы уақытта бола жатар.

– Сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ