Маскүнемдіктен марқұм атасы құтқарыпты

01.12.2016
Қаралды: 890

Өмірде біздің ақылымыз жете бермейтін түсініксіз нәрселер, тылсым жайттар өте көп. 

Оған іштей сенгенімізбен жорта мән бермегенсиміз, сенбеген сыңай танытамыз.

Жақында сіңлім қоңырау шалды. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін әңгімеміз үй ішілік ұсақ-түйекке ойысты. Сәлден соң ол күйеуі туралы айта бастады. Соңғы уақытта достарымен жиірек қыдырып, көбірек арақ ішіп жүргенін айтқан ол: «Оған арақ ішкен жақпайды, сонда да іше береді», – деді. «Жақпайтынын қайдан білдің?» – деген ем, ол: «Мақсат арақ ішсе, түсінде бір түйенің өзін басып кете жаздайтынын айтатын,  бірақ оған мән бермегенбіз, – деп жақында ғана бастарынан өткен бір оқиғаны айтып берді.

 «Қазір ол түйені түсінде емес, кәдімгідей өңінде көретін болыпты, – дейді сіңлім. – Өткенде мотоциклімен дарияның жағасына балық аулауға кеткен-тұғын. Сонда достарын кездестірген бе, әлде бәрі бірге барған ба білмеймін, әйтеуір ішіп алыпты. Сөйтіп кешке әркім өз үйіне қарай тараған ғой. Бұл да үйге қайтып келе жатқан. Жолда бір үлкен түйе алдынан шығып, бұл оны басып кетпес үшін тоқтаған. Содан кейін жан-жағына қараса ештеңе жоқ дейді. Қайтадан рөлге отырып, жүрейін десе, тағы түйе жолында тұрады. Әшейін көзіме көрініп жатқан шығар деп жүре бергенде, қағып кетіп, түйе сол жерде өліп қалған. Енді не істеймін, егесі құнын төлейсің дейтін болды ғой деп, тоқтаған кезінде қайынатам қоңырау шалыпты. Бұл түйені мотоциклмен қағып кеткенін айтқан, сосын атам сол жерден қимылдама, қазір өзім барамын деп көлігімен барса, ештеңе де жоқ, жалғыз өзі жан-жағына шошына қарап отыр екен. Атам үйге ертіп келді. Сол күні ештеңе демегенімен сауыққан соң: «Түйе деген әруақ, балам. Сенің арақ ішкеніңді жақтырмай жатыр», – деп біраз ұрысты. Енді ішпей-ақ қойса дұрыс болар еді. Әйтпесе, бір күні майып бола ма деп қорқам».

Сіңліммен әңгімелесіп болғаннан кейін бала кезімде естіген бір оқиға есіме түсті. Біздің ауылда бір кісі арақ ішіп, қатты мас боп ұйықтап жатқанында түсінде марқұм атасы бетінен шапалақпен тартып жіберген екен. Оянса, аузы қисайып кеткен дейді. Уақыт өткізбей, молдаға барып, оқытылғаннан кейін аузы түзеліпті. Сол кісі  атасының әруағынан қорқып қайтып арақ ішпейтін болды дейтін.

Осылайша сенгің келмей тұрса да тылсым жайттардың адамды жамандықтан сақтап тұратыны бар.

С. МОЛДАДОС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ