Қалыңмалға он мың доллар берген

01.12.2016
Қаралды: 1526

Бес ұлдың арасында бұлғақтап өскен жалғыз қызым  тұрмысқа шығам дегенде талып қала жаздадым. 

Мен оны оқуын бітірген соң, бірер жыл жұмыс істеп, содан соң күйеуге шығады деп жоспарлап жүргенмін. Жалғыз әрі кенже қызым болған соң оны жиырмаға толмай жатып, ұзатқым келмеген. Сөйтіп оған күйеуге шығу туралы әңгімені алдағы бес жылда да маған қайтып айтушы болма деп қатаң ескерттім. Осымен әңгіме біткендей болған.

Бір күні келінім оңаша отырғанымызда: «Апа, Сұлудың ұнатып жүрген жігіті өте бақуат­ты отбасыдан екен. Жігітті көріп, анасымен танысып, сөйлесіп көрсеңізші алдымен. Ұнамай жатса, содан кейін-ақ «жоқ» деп беттерін қайтара беруге болады ғой», – деді. Сірә, қызым жеңгесімен сырласқан болуы керек. Осыдан кейін біраз күн ойланып, ақыры қызыма: «Жігітіңмен, оның анасымен танысып көрейін», – дедім. Болашақ күйеубалам да, құдағиым да бір көргеннен қатты ұнап қалды. Сөйтіп, екі жасты үйлендіру мәселесін сол жерде отырып-ақ шешіп тастадық.

Отбасымды таныстырғанда құдағиға жасы тоқсанға келіп қалған енем бар екенін айттым. Бірақ қалыңмал, ағайынға әкелетін тоғыз, киіт деген мәселелер туралы сөйлескеніміз жоқ. Бақуат тұратын адам ондай жол-жоралғыларды мен айтпай-ақ жасайды ғой деп ойлағанмын.

Сонымен, екі жақ та, олар келін түсіруге, мен қыз ұзатуға қызу дайындыққа кірісіп кеттік. Екі келін түсіргенімде бұлай қиналмап едім, қыз ұзату оңай шаруа емес екен. Құдалар бақуат жандар екен деп естіген соң қызымның жасауына қосатын әр затымның жақсы, сапалы, ерекше болуына мән бердім. Тіпті үйге де біраз соңғы үлгідегі, жаңа заттар алып қостым. Келетін құдаларға кигізіп жіберетін киітке деп жақсы, бағалы киімдер алдым.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, құдалық күтетін күн де келіп жетті. Құдалар қалыңмалға он мың доллар әкеліпті. Әкесі екеумізге құндыз ішік кигізді. Мәз-мейрам болып қуанып тұрғанымызда жаныма абысыным келіп, құлағыма: «Құдағиың апама ештеңе әкелмепті» – деп сыбырлады. «Мүмкін емес, сөмкенің бір бұрышында жатқан шығар, қараңыз», – деп қоямын. «Жоқ деймін, әкелмепті. Өзінен сұрашы», – дейді. Мен не деп сұраймын, ұят емес па?

Жасы келіп қалғанымен енем әлі ештеңеден жаңылған емес. Құдалықтың шырқын бұзба­йын дегені шығар ештеңе айта қоймады. Бірақ бәрі біткеннен кейін: «Құдағиың көргенсіз ба, сен көргенсізсің ба, ол жағын мен білмедім. Бірақ әжесі ретінде құдалықта менің де жағалы киім киетін жөнім бар еді», – деді. Мен енеме ештеңе дей алмадым. Құдағиға айтып едім деп өзімді ақтап алудың да жөнін таппадым. Бірақ ол үшін қатты ұялдым.

З. БОЛЫС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ