Көктайғақтан «таяқ» жеп қалмаңыз

29.11.2016
Қаралды: 826

Оңтүстікте 20-қарашадан бастап ауа райы күрт суытты. Бірінші жаңбырлатып бастап, соңы қарға ұласқандықтан жолдар көктайғаққа айналды. 

Қаланың басты көшелері құм себіліп, тазартылғанымен шағын көшелер мен аяқжолдар әлі мұз болып жатыр. Осының кесірінен тайып жығылып, аяқ-қолдарын зақымдап алып жатқандар да жоқ емес. Мысалы, Шымкент қалалық амбулаториялық, хирургиялық, жарақат және гинекологиялық орталығындағы жарақат бөлімінің меңгерушісі Усен Дауытовтан қар жауған күндері қанша адамның шағыммен келгені туралы сұрағанымызда ол кісі былай деді:

«Біз бүгіннің қорытындысын ертең дайындаймыз. Әзірге кешегі, яғни 21-қараша күнгі жағдайды айтсам, әртүрлі дене жарақатымен 19 адам келді. Оның арасында аяқ-қолы шыққан, сынған, еті қатты ауырып қалғандары да бар. Бұл бұған дейінгі күнделікті қабылданатын сырқаттарға қарағанда 8-9 адамға көп. Әрине, оған көшедегі көктайғақ себеп болуда.

Біздің қалада үлкен көшелерді тазалап тастады ғой. Сондықтан жарақат аз. Алматы мен Астанадағыдай қалың қарды тазалап үлгере алмай жатқанда жағдай басқаша болар еді».

Ал шымкенттік Айсын Ермек­ба­ева базар аралап жүргенде тайып құлап, қолын шығарып алғанын айтады. Бірақ ол кісі дәрігерге емес, сынықшыға барғанды дұрыс көріпті.

«Бұрын осындай жағдай болғанда дәрігер қолымды орап қойды. Ауырған соң сынықшыға барып едім, ол дұрыс салмаған деп гипсті шешіп, өзі қайта салып берді. Сондықтан бұл жолы дәрігерге емес, сол сынықшыға бар­ғанды дұрыс көрдім», – дейді ол кісі.

Байқап отырғанымыздай, Шымкентте қар жауған күні 19 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Бұл – ресми мәлімет. Бірақ дәрігерден гөрі сынықшыға сеніп, сондайларға жүгініп жүрген адамның қанша екенін ешкім білмейді. Соған қарағанда, аяқ-қолы шығып-сынғандардың тізімі ресми мәліметке қарағанда көп болуы да мүмкін-ау.

Көктайғақта абайлап жүріңіздерші!

Ә. НАУАЙЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ