Түрікмен қызға үйленсең...

29.11.2016
Қаралды: 1269

Кешегі аптада редакциямызға Сарыағаш ауданындағы Ынтымақ ауылының тұрғыны Амангелді Исмаилов есімді қария хабарласты. 

Ол кісі бізге өзін толғандырып жүрген екі мәселе жөнінде айтты.

«Жыл сайын елімізде зейнетақыға 9 пайыздан үстеме қосылады. Осы мәселеде басшылар мән бермей жүрген бір жай бар. Яғни үстеме 100 мың теңгеден аса зейнет­ақы алатынға да, 30 мың теңге алатынға да бірдей қосылады. Осыған бүгінде жұрттың көбі наразы. Себебі зейнетақыны бұрыннан көп алатындардікі қомақты түрде көбейеді де, «пенсиясының» көлемі аздарда ол арзымайтын сияқты болып қалады. Меніңше, бұл – әділетсіздік. Зейнетақының бәрін теңестірмесе де арасындағы үлкен алшақтықты көп алатындарға азырақ төлеумен төмендетуге болар еді. Басшылар осы жағын неге ойламайды?» – дейді Амангелді қария.

Ол кісіні толғандыратын екінші мәселе мынадай екен:

«Кейінгі кездері Қытаймен экономикалық  қарым-қатынас өрістеп отыр. Қазақстанға қытайлықтар көптеп келіп жатыр. Қазақ қыздарына үйленіп алатындары да аз емес деп естиміз. Бұл жөнінде кейбір ақпарат құралдарынан оқып, естіп те жүрміз. Міне, осы мәселе мені қатты толғандырады. Өйткені мұның мемлекеттік маңызы бар, ойланбаса болмайтын жай ғой.

Естуімше, Түркіменстанда түркімен қызына үйленген шетелдікке, мейлі, ол оны өз еліне әкетсін, мейлі, Түркіменстанда тұрақтап қалсын, қазынаға 50 мың доллар ақша салғызатын заң бар екен. Бұл тиімді амал ғой. Мен бізде де осындай заң қабылдауды ұсынған болар едім».

Міне, редакциямызға Сарыағаш ауданынан хабарласқан Амангелді қария осылай деді. Өзінен сұрап білгеніміз, ол кісі атал­ған ауданның тумасы, бірақ ұзақ жылдар бойы Өзбекстанда тұрып, шаруашылықтарда жауапты қызмет атқарған, кейінірек атамекенге қоныс аударған екен.

«Менің осы екі ұсынысымды газет бетінде жарияласаңыздар екен. Өйткені бұл мені ғана емес, талай адамды толғандырып жүрген мәселелер ғой. Жоғарыдағылар осы екі мәселені жақсылап бір ойланса екен», – дейді Амангелді қария.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ