«Абысынымды «Апа» деп атаймын»

29.11.2016
Қаралды: 1891

Басылымның алғашқы нөмірінен-ақ біз  абысындар татулығы жайлы жазып келеміз. 

Ондағы мақсат – алдыңғы толқын аналарды кейінгі  жас келіндерге үлгі-өнеге ету. Бұл жолы біз әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы Райхан Қалдаяқова мен ол кісінің абысыны Мәрәйім Мырзатайқызы туралы жазуды жөн көрдік.

Имбаровтар әулетіне Райхан апа 1967 жылы 22 жасында келін болып түсіпті. Сол кездегі Шәуілдір ауданы, «Темір» совхозындағы қара шаңырақта үш келін бірге тұрған. Кейін жұмыс бабымен қайынағасы Арысбек Келес ауданы, Абай ауылына қоныс аударады. Ол жақта жалғыз үй болып отырғысы келмей бауыры Есенбекті шақырып, Райхан апалар да сонда көшіп барып біраз жыл сол жақта тұрған. Кейін Мәрәйім апалар Шәуілдірге, Райхан апалар Шымкентке қоныс аударыпты.

«Қайынағам Арысбек Шәмші ағаммен бірге оқыған, – дейді Райхан апа. – Бәріміз бір ауылда туып-өстік. Кісілік қасиетінің жоғары болғанынан ба екен, ол кісіні туған ағамнан кем көрмейтінмін. Өте жақсы кісі еді. Әрдайым «мен келіндер жағындамын» деп бізді күлдіріп отыратын. Былтыр желтоқсан айында қайтыс болды. Дүниеден озғанына жылға жуықтап қалса да  қайынаға қасымызда жүргендей. Ол кісіні сағынып еске алып отырамыз. Арысбек ағам Мәрәйім апамен тату-тәтті күн кешіп, үш ұл, екі қыз өсірді. Олардан немере, шөбере сүйді. Бүгінде Мәрәйім апа Шәуілдірде қара шаңырақта тұрады». 

Абысынын не үшін апа деп атайтынын сұрағанымызда Мәрәйім апа: «Абысынымды жеңеше деп көрмеппін. Себебі  жеңеше деген сөз арамызды алыстатып жіберетіндей көрінетін. Келін болып түскеннен әпкемдей көріп апа деп атап кеткенмін. Әлі күнге солай атаймын. Тіпті біреулер бізден екеуің бір үйдің қызысыңдар ма, түрлерің де, бойларың да ұқсайды деп сұрайды», – деп жауап берді.

Райхан апаның абысыны алдағы желтоқсан айында жетпіс жасқа толады екен. Абысынының туған күніне тосын сый жасағысы келетінін айтқан ол кісі: «Апамның амандығын тілеймін. Ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің қызығына тоймай, ұзақ өмір сүрсінші», – деген тілек білдірді. Абысынының ешкімнің сыртынан сөз айтпайтын қасиетін, сол кісінің тәрбиесін алған келіндері де өте жақсы жандар екенін айтқан ол кісі тағы бір әңгіменің шетін шығарды.

«Бірде Шымкенттен Шәуілдірге бардым. Абысыным ауылдағы әйелдермен «гәп» ойнайтын. Мен барған сәтте гәпке баруға дайындалып, киініп жатыр екен. Мен: «Сіз бара беріңіз, келіндермен шай ішіп, әңгімелесіп отыра беремін ғой», – дедім. Абысыным қолына телефонын алды да: «Әй, пәленше, мен гәпке бара алмайтын болдым. Менің Райханым келіп қалды. Ақшаны қазір балалардан беріп жіберемін», – деп гәпке бармай қалды. Сол кезде көңілімді біртүрлі қуаныш сезім биледі. Әлі күнге үйіне барсам сөмкеме қазысын салып, қолыма ақшасын ұстатып, үйінен құр қол шығармайды. Мен де ол кісіге күніге қоңырау шалып, жағдайын сұрап тұрамын. Бір-бірімізді шайға шақырып, жиі-жиі бас қосып тұрамыз.

Жалпы, өмірде адамдардың бір-бірімен сыйласқанынан артық не бар дейсіз? Үлкен қайынағам да, абысыным да өмірден озған. Менің жолдасым да ерте кетті. Бір ұл, екі қызбен отыздан асқан шағымда жалғыз қалдым. Бірақ қайынағам мен абысынымның арқасында жалғыздық сезінбеппін. Балалардың той-жиынында да бәрін сол кісілермен ақылдасып өткіздік. Бүгінде абысыным Шымкентте тұратын ұлы Алмасты менің еншіме беріп қойған. Қарлығаш келінге: «Сенің енең – Райхан, мен мына қара шаңырақтағы Ұлжалғастың енесімін», – деп отырады. Жас емеспіз, күн санап қатарымыз сиреп келе жатыр. Уақыт озған сайын абысынымның, көзі тірі өзге де қатарластарымның амандығын Құдайдан тілеп отыратын болдым. Балаларының несібесіне аман-есен жүрсін. Еш жаманшылық көрмесін деймін».

Райхан апа «Замана» Баспа үйінен шығатын газеттердің бәрін тұрақты түрде алып оқып тұрады екен. «Абысынды» да алғашқы нөмірінен алып оқып жүргенін, ондағы абысындар туралы жазылған мақалалар қатты ұнайтынын айтып: «Мені «Абысынның» апасы десеңдер де болады», –  деп күліп алды.

Райхан апаның бұл әсерлі әңгімесі талай жанға ой салары сөзсіз. Осындай өнегелі аналарымыз аман болсын дейміз.

Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ