«Айдаһартас», «Тарақтас», «Таутекетас»...

29.11.2016
Қаралды: 1478

Кешегі аптада редакциямызға Ақылбек Сыздықов деген азамат (суретте) арнайы келді. Ол кісі бүгінде Астанада тұрады, бір күзет мекемесінде жұмыс істейді екен.

Ақылбек Сыздықов бізге Қазақстанның әр өңірінен табылған көлемдері әртүрлі тастардың, таулар мен жартастардың суреттерін көрсетті. Сөмкесінде кемінде осындай елу шақты суреттер бар екен.

Мысалы, ол кісі табиғаттың өзі бір бетіне айдаһардың, екінші бетіне қоянның бейнесін сіңірген бір тас бүгінде Қызылорда облысының Арал қаласындағы Мейрамбек есімді азаматтың үйінде сақтаулы тұрғанын айтты. Сондай-ақ оның үйінде бойынан жыл­қы бейнесі көрінетін тас та бар екен.

«Үй иесі кейін біреулер немесе мемлекеттің өзі қызығып сатып аламын десе оларды сатып, түскен ақшаға мешіт пен медресе салу ниетінде жүр, – дейді Ақылбек Жаңабайұлы. – Себебі тасқа мұндай болып түскен суреттерді бір Алланың құдіретімен болған іс демеске шараңыз қалмайды. Тау мен таста адамдар үшін үлкен ғибрат бар, оларда тарих жазылған. Мұндайды адам қолымен жасау мүмкін емес».

Ақаң көрсеткен суреттегі  бір тас бейне бір шаш тарайтын тарақтың өзі сияқты. Ол Қызылорда облысының Арал ауданына қарас­ты Ақбай ауылындағы көне мазаратта жатыр екен. «Мазарат Ақирек деген жота басында орналасқан, онда Арыстан бабтың сүйегі жерленген деп айтылады. Қорым таудың тастарымен қоршал­ған. Бұл тас бүгінде сол жерде жатыр. Ұзындығы шамамен 30 сантиметрдей болады. Мән беріп қараған адамға бұл тас­тың да айтар сыры, ұғындырар жайы көп», – дейді А.Сыздықов.

Ол кісі 2013-жылы осы «тарақтас» жатқан жерде ашық аспан астындағы мұражай ашуға, ол жерге адамдарға ой салып, Жаратушы құдіреттің бар екенін ескертетін осындай тастарды жинап, мұражай ашуға болатынын айтып Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа Ашық хат жолдапты. Ал облыс әкімдігі А.Сыздықовқа оның ойын құптайтындарын, бірақ ол үшін кемінде осындай 500-дей жәдігерлер табу керектігін айтып жауап хат жіберіпті.

«Мына тас бүгінде осы Шымкенттегі «Имам Ағзам» мешітінің наиб-имамы Ербосынның үйінде тұр, – деді ол кісі бізге бетіне таутеке бедерленген тастың суретін көрсетіп. – Оны ол Қытайдағы бір таудың етегінен тауып алыпты, қазір үйінде сақтап отыр. Осындай, осыған ұқсас тастар еліміздің барлық аумағынан табылады. Қай жерде ерекше тас бар дегенді естісем, оны барып көремін. Кейде мені бір тылсым күш тыным таптырмай ел ішіне қарай жетелейді. Сол кезде жолға шығып кетемін, кейде қаражатым жоғына да қарамаймын. Менің бойымда мұндай ерекше күй  алғаш рет 2004-жылы пайда болған, содан 2013-жылға дейін жиі жолға шығумен болдым. Қазір де ол әдетім қалған жоқ, бірақ тек жұмыстан бос кезде ғана ел аралап тұрамын».

Ақаң бізге бұдан кейін адамға, жан-жануарларға ұқсайтын тау, қырат, жартастардың да суреттерін көрсетті. Мысалы, Түркістан жақтағы «Үкәша ата әулиеден» «Жылаған атаға» шығатын тау ішінде кәдімгі қолтырауыннан аумайтын бір жота бар екен. Біз оны бір қарағаннан-ақ аңғардық.

«Көкшетау жақта жан-жануарларға ұқсас тау, қыраттар өте көп қой, – дейді Ақаң. – «Жеке батыр», «Кемпіртас», тағысын-тағы, толып жатыр.

Мен өткен жылы күзде мынау Төлеби ауданындағы «Мыңшейіт әулиеге» барғанмын. Сонда бетінде арабша жазуы бар сияқты бір тас назарымды аударды. Сосын оны суретке түсіріп алып, Қызылордада компью­термен үлкейтіп көрдім, Астанаға апарып, сондағы мешіт қызметкерлеріне көрсеткенімде олар ондағының «Мекке-Мәдина» деген жазу екенін айтты.

Осының бәрін мен бір кездейсоқтық демеймін. Ұлы Жаратушы бізге осылар арқылы Өзінің бар екенін, құдіретін, тіршілік сырын ұғындырып тұр деп есептеймін».

...«Заманаға» Астанадан арнайы келген Ақылбек Сыздықов бізге осындай қызықты әңгімелер айтып берді. Ал ол кісінің өзі жайлы толығырақ айта кетер болсақ, жасы қазір 58-де, Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Нағи Ілиясов ауылында өмірге келіпті, сонда мектеп бітіріпті, қарапайым жұмысшы болыпты. Бірнеше жыл Байқоңырда тұрып, кейін Астанаға қоныс аударыпты. Әйелі Қызылгүлмен бірге екі ұл, екі қызды өмірге әкеліпті. Бүгінде кіші қызының отбасымен, кенже ұлымен бірге Астанада пәтер жалдап тұрып жатқан жайы бар екен. Өзі ғайыптан әсер беріліп, Құранның «Фатиха» және «Ықылас» сүрелерін жаттап алғанын, алдына ниет етіп барғандарға дем салып емдейтіні барын айтады.

«Менің тау-тастан сыр іздеп, мұндай дәлелдер жинастыратынымды біреулер түсінер, біреулер түсінбес. Ал мен осы арқылы адамдарды иманға шақырғым келеді».

Ақылбек Сыздықов осылай дейді. Ол кісінің түсірген суреттері, айтқан сөздері кімді де болса бейжай қалдырмас деп ойлаймыз. Тағы да бір айтарымыз, ол кісі ел аралайтындықтан жол шығынына кейде ақша қажет болып қалады екен. Осы орайда қол ұшын беремін дейтіндер шығып жатса, А.Сыздықовпен телефон арқылы байланыса алатынын естеріне саламыз.

Ақылбек Сыздықовтың байланыс телефоны – 8-777-831-29-58.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ