«АИ-80» маркалы бензин қайда жоғалды?

29.11.2016
Қаралды: 1323

Бүгінде жанар-жағармай құю бекеттерінде кезек көбеюде. Кей жерлерде кезегің келсе талон әкел деп тұрады немесе белгілі мөлшерде ғана береді. 

Ал арзанын іздегендер «АИ-80» маркалы бензинді күндіз еш жерден таппай жүр. Сондықтан болар, баға да құбылуда. Бір жерлерде «АИ-92» бензинінің литрі 145 теңгеден сатылуда. Сонда бұл жағдай қашанға дейін жалғасады? Осы сұрақты біз Оңтүстік Қазақстан облыстық «Жанар-жағармай» қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаровқа қойдық.

«Бұл жағдайдың барлығы Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының жөндеуге тұруына байланысты болып жатыр, – деді Қ.Қамбаров. – Расын айтсақ, бүгінгі таңда облыс тұрғындары тұтынып жатқан жанар-жағармайдың 99 пайызы Павлодардан тасымалдануда.            Сондықтан аз-кем қиыншылықтар болып жатқан шығар. Бірақ енді бір апта, әрі кетсе он күнде зауыт жұмысын қайта бастайды. Сол кезде барлығы бұрынғы қалпына келеді.

Ал «АИ-80» туралы айтсам, ол тұтыныстан өздігінен қалып жатыр. Мысалы, Атырауда жылдың басынан бастап бензиннің бұл түрі мүлде сатылымнан шығарылып тасталды. Еліміз бензинді Еуростандартқа сай тұтынуы керек. Қазір бізде «АИ-80» ескі көліктер үшін аз мөлшерде шығарылуда. Жетіспеушіліктің құпиясы осында ғана. Бізде де жаңа жылдан бастап «АИ-80» болмауы мүмкін.

Жұртшылық көп пайдаланатын «АИ-92» маркалы бензиннің бағасы 130-137 теңге арасында болады деп белгіленген. Сол бағада сатылып жатыр. Кей жерлерде 140-145 теңге болып кетуі ол біреулердің мүмкіндікті пайдаланып, қосымша табыс тапқысы келгендіктен болар.

Облыста 600-дей жанар-жағармай құю бекеттері бар. Оның барлығында баға қанша екенін күн сайын бақылап отыру қиын. Кейбір шет аймақтағылар 1 – 1,5 тонна апарып, соны қымбат сатқысы келетін шығар. Бірақ ертең мұнай өңдеу зауыты жұмысын бастағанда барлығы бұрынғы қалпына келеді».

Қысқасы, Шымкенттегі бензинге деген тапшылық тағы бірнеше күнге созылуы мүмкін екен. Ең бастысы, «АИ-80» маркалы бензин жаңа жылдан кейін мүлде болмай қалуы мүмкін. Ал бұған қуанатындар көп бола қоймас деген ойдамыз.

М. РАЙЫЙМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ