Ескі көліктерді қабылдап жатыр

29.11.2016
Қаралды: 1713

Биылғы 21-ші қарашадан бастап елімізде тозығы жеткен ескі автокөліктерді қабылдау басталды. 

Ол осы жылдың соңына дейін жалғаспақ. Бұл аралықта Қазақстандағы шамамен 40 мың автокөлікті мүмкіндігінше қабылдау жүзеге асады деп жоспарланған. Бүгінде осы мақсатта  17 ірі қалада арнайы бағдарлама бойынша жұмыстар атқарылуда.

Оңтүстік тұрғындарына да ескі көліктерінен біржола құтылуға мүмкіндік туып отыр. Енді бағдарлама аясында толық немесе толық жиынтықты емес автокөліктер «утилизацияға» қабылданады. Осы жерде мына мәселені баса айтып кеткен жөн. Яғни кез-келген тұрғын автокөлігінің қай жылы шыққанына қарамастан оны өз қалауымен  «ӨКМ операторы» ЖШС-нің облыстағы филиалына өткізе алады. Мұндай филиалдың бірі Шымкент қаласындағы Қапал батыр көшесінің бойында орналасқан. Бұл жерде билік тарапынан ешқандай мәжбүрлеу жоқ, өткізгісі келмеген адам өз көлігін ары қарай пайдаланып жүре беруіне толық құқылы.

«ӨКМ операторы» ЖШС баспасөз хатшысы Жомарт Рахымжанның сөзіне сүйенсек, толық жиынтықты, яғни жүріп тұрған кез-келген маркалы ескі көліктерін өткізгендер 10 күн ішінде 150 мың теңге ала алады екен. Ал толық жиынтыққа жатпайтын автокөліктердің бағасы 48 мың теңгеге бағаланған. Мұндай көліктердің шанағы, беріліс қорабы және есігінің бар-жоғы міндетті түрде ескеріледі.

«Оңтүстікте Жетісай және Түркістан қалаларында 100 мыңнан аса адам тұратыны белгілі. Сондықтан облыс орталығынан шалғай жатқан осындай ірі елді мекендерден ескі автокөліктерді өзіміз барып қабылдаймыз. Сондай-ақ өзге аудан орталықтарында бұл жұмысты ұйымдастыру жағы ынталы топтың арқасында жүзеге асып жатса, ондай жағдайда біз де бара аламыз», – дейді Ж.Рахымжан.

Айтпақшы, жуырда Шымкентте «утилизацияға» өткізілген әр 10 мың автокөліктің арасында ұтыс ойыны ұйымдастырылатын көрінеді. Мұндайда бағы шапқан азаматтардың бірі үйіне су жаңа автокөлікпен қайтуы да әбден мүмкін. Ұтыс 2017-ші жылдың қаңтар айының басында өтпекші.

Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда Жомарт Рахымжанмен 8-701-052-85-98 телефоны арқылы байланысу керек.

Ш. БАҚТИЯР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ