«Кемпірімді цирроздан құтқару үшін 100 мың теңге беретін адам іздеп жүрмін»

28.11.2016
Қаралды: 1881

– Қарағым, кемпірім қатты ауырып жатыр. Денесі сарғайып, ісініп... Соған дәрі керек. 

Бір газеттегі жарнаманы көріп едім, бауыр ауруына жақсы көмектеседі дейді. Бағасы 120 мың теңге екен. Оған қолымда бары 20 мың ғана. Кемпірімді аман алып қалу үшін әлі 100 мың теңге керек. Қайырымдылық танытып, қол ұшын созатын адам болса, тіпті болмаса қарызға беретін жан табылса, пенсиямнан жинап, бір-екі жылда қайтаратын едім, – деген қария сөзінің аяғын айта алмай, көмейге тығылған өксікпен қатар көзіне келіп қалған жасты көрсетпеу үшін алдындағы қағазға шұқшия берді.

– Ата, қай жақта тұрасыз? – дедім мен.

– Әуежайға барар жолда ғой, қызым. Таңертең шыққанмын, екі автобус ауыстырып, адасып жүріп әзер таптым мекемелеріңді.

– Ұл-қыздарыңыз бар ма?

Осы жерге келгенде қария еңсесін тіктей қойып, қуана сөйледі.

– Әрине. Екі қыз, екі ұлым бар. Бәрін де үйлі-жайлы етіп, немере сүйген жанбыз. Тек кемпірім ауырып қалып... Дәрігерлер цирроз дейді.

Енді менің көмейіме ащы өксік тығылды. 

– Кемпіріңіз анау, ауырып жатыр. Өзіңіз мынау, таяққа сүйеніп әзер тұрсыз. Сөйтіп қайырымды жандардан көмек сұрап, болмаса қарыз беретін адам іздеп жүрсіз. Ал ұл-қыздарыңыз қайда сонда? 

– Ойбай-ау, олар жұмыста ғой! Бәрі балалы-шағалы. Бірінің «кредиті» бар. Екіншісі үй салған, ақшалары соған кетіп жатыр. Қыздар күйеулері мен енелерінен шыға алмайды. Балаларға салмақ салғымыз келмейді. Өз күндерін өздері көрсінші. Ал маған кемпірімнің ба­уырын емдеуге көмектесетін емші немесе дәріге ақша беретін қайырымды адам керек. Көмектесші, қалқам!

...Редакциямызға келіп, осылай деп кемсеңдеп отырған қарияға не айтарымды білмедім. Ұл-қыздан қайыр кетіп, қариядан қадір қашқан заман-ай! Ауру анасы мен ел кезіп қайыр сұрауға айналған әкесіне қарайламаған балаларын кінәлайын ба, жоқ әлде перзенттерін қайырымсыз етіп тәрбиелеген қариялардың өздерін кінәлайын ба, қайтейін...

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ