Гүлнара Каримова қайда екен?

28.11.2016
Қаралды: 1039

Бүгінде әлеуметтік желілерде Өзбекстанның бұрынғы Президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримоваға қатысты рас-өтірігі белгісіз бір хабар таралып жатыр.

«Аты-жөнінің құпия қалуын қалаған Ұлттық қауіпсіздік қызметкерінің хабарлауынша, Гүлнара Каримоваға у берілген, ол 5-қарашада қайтыс болған. Ол Г.Каримованы сол күні түнде Ташкенттегі «Минор» мазаратында жерлеген, зираты тегістеліп тасталған деп мәлімдеді. Айтуынша, жерлеуге әлгі қызметкердің өзі де қатысыпты. Ал бұл жайында телефон арқылы сұхбат беруге Г.Каримованың балаларының тағдыры алаңдатқандықтан тәуекел етіпті. Гүлнараның ұлы Ислам мен қызы Иман қазір Ташкентте қорғансыз қалып отыр», – деп жазыпты көрші елдің «Ц-1» сайты.

Журналистер бұл жайға қатысты Өзбекстан Президенті аппаратының баспасөз қызметіне мынадай сұрақтар қойылған сауал жолдапты:

«Г.Каримованың қайтыс болғаны рас па? Рас болса, өлім себебін анықтау үшін тексеру жүргізілді ме, сараптама қорытындысы бар ма? Оның «Минор» мазаратында жерленгені рас па? Егер ол тірі болса, жұртшылыққа өзінің үнін жеткізуіне мүмкіндік бересіздер ме?»

Бұған қатысты әзірге жауап жоқ екен. Ал Өзбекстан Үкіметіндегілер Г.Каримова қайтыс болды дегенді естімегендерін, ол жөнінде өздерінің ештеңе білмейтіндерін айтып жауап беріпті. Бір ақпарат көздері Гүлнараның өлгені өтірік деп Каримовтер әулетіне жақын бір адам айтты дейді, бірақ оған да ешкім сеніп отырған жоқ сияқты.

Бүгінде аталған жайға орай сарапшылар мен саясаттанушылар да өз пікірлерін білдіріп жатыр. Олардың көбі Гүлнара Каримова қайтыс болды дегенге сенбейді. Өз уәждерін мынадай тұрғыда білдіруде:

«Бұл Өзбекстандағы билікке ұмтылушы кейбір кландардың әдейі таратқан хабары болуы мүмкін. Олар алдағы 4-желтоқсанда өтетін Президент сайлауы қарсаңында қазіргі биліктің беделін түсіруге тырысуда. Ал негізінен билікке Г.Каримованың аман болғаны керек. Бірақ оған еркін әрекет жасауға мүмкіндік берілмейді. Себебі ол қандай да бір жайсыздықтар туындауына себепкер болуы мүмкін. Сондықтан ең тиімдісі – Гүлнара Каримованың аман-есен, бірақ үнсіз, әрекетсіз отыруы. Г.Каримованың ұлы Ислам қазір Лондонда тұрады, егер анасына қатысты жайсыз бір жағдай бола қалса, ол үнсіз отырмайды, бәрін жария етеді, ал бұл Өзбекстан билігінің халықаралық ортадағы беделіне нұқсан келтірер еді. Сондықтан қазіргі биліктің Г.Каримованың өміріне қауіп төндіруі ешқандай да мүмкін емес».

...Міне, бүгінде Гүлнара Каримова төңірегінде осындай жайлар жазылып жатыр. Оның қайтыс болғаны туралы хабарды шындық деп немесе жалған деп ешкім де нақтылаған жоқ.

P.S. Ал кешегі бейсенбіде Гүлнара Каримованың ұлы Ислам Каримов анасының тірі екенін мәлімдеді. «Ол 2014-жылдың ақпан айынан бері «үй қамағында» отыр. Ал қарындасым Иман «үй қамағынан» босатылған, бірақ оның Өзбекстаннан кетуіне мүмкіндік жоқ. Ал менің өзім бүгінде Лондонда тұрып жатырмын», – деді Ислам Каримов «Би-Би-Си» агенттігінің өзбек редакциясына берген сұхбатында.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ