Сықақшымен сырласты

28.11.2016
Қаралды: 1361

Шымкент қаласындағы С.Көбеев атындағы №56 мектепте Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сықақшы, 

Шона Смаханұлы атындағы әдеби байқаудың бас жүлдегері Мұхтар Шеріммен кездесу ұйымдастырылды. «Тәуелсіз­дігімізге – 25 жыл. Өңіріміздің зиялы тұлғалары» атты кездесуде сатирик өзінің «Талтайып тұрғым келеді», «Быт-шытыңды шығарамын!», «Ымбаппа!», «Кешіріңіз, сіз есек емессіз бе?»  деп аталатын төрт томдығы мен «Құдағи құшақтай береді» деп аталатын сатиралық кітабын кітапханаға сыйға тартты.

М.Шерім бұл кездесуде өзінің «Баламысың деген», «Ұят қой...», «Қиқарлар» сияқты әзіл әңгімелерін оқып, оқушылар мен ұстаздарды бір серпілтіп тастады. Ол өзінің «Шаншар» театрының ұйымдастырылуына мұрындық болғанын, кезінде «Тамаша» театрына интермедиялар мен монологтар жазып тұрғанын, «Алдараспандағы» – «Евромола», «Екі езудегі» – «Қайта-қайта құлай бергені несі?», «Шаншардағы» – «Үбән», «Жер сату» сияқты интермедиялардың да өз қаламынан туғанын әңгімелеп, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Кеш соңында  мектеп директоры Эсма Бекзатова сатирикке шапан жауып, шығармашылығына сәттілік тіледі. Жазушы құрметіне қабырға газеті шығарылып, сынып бөлмесі белгілі сатирик атымен аталатын болды.

Жаңабай ЖҰМАМҰРАТОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ