Астана енді «Нұрсұлтан» деп атала ма?

28.11.2016
Қаралды: 966

Алдағы 1-желтоқсанда елімізде Тұңғыш Президент күні аталып өтетіні белгілі. Ал 16-желтоқсанда халқымыз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлайды. 

Бүгінде осы мерекелерді жоғары деңгейде атап өтуге қатысты дайындықтар жүргізіліп жатыр.

Кешегі аптада Елордада Парламенттің қос палатасы депутаттарының біріккен отырысы болып өтті. Аталған жиында Мәжіліс депутаттары Астанада «Тәуелсіз Қазақстан» монументін тұрғызу және ел Конституциясына Тұңғыш Президенттің сіңірген еңбегін атап көрсетіп, ендіру және Елордаға Елбасының есімін беру жөнінде ұсыныстар айтты.

«...Мүмкін «Нұрсұлтан», мүмкін «Назарбаев» деп аталар. Бұл – халықтың ұсынысы, оны біз Декларацияда көрсеттік, депутаттар қолдады», – деді депутат Қуаныш Сұлтанов.

Арада көп өтпей еліміздегі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың жиыны өтті, олар депутаттардың бастамасын қолдайтындарын білдірді, оны қуаттау жөнінде халыққа Үндеу жариялады.

Осыған қатысты бірқатар депутаттар: «Бұл мәселені соза берудің қажеті жоқ. Астананы 16-желтоқсаннан бастап «Назарбаев» деп атау керек», – деген тұрғыда өз пікірлерін білдірді.

Жалпы, бұл мәселе қазір жұртшылық арасында да түрлі әңгімелерге негіз болып, бір-біріне қайшы келетін сан түрлі пікірлер туындатып жатыр. Астана қаласының атын оп-оңай өзгерте салуға көп адамдар немқұрайлы қарап отырған жоқ.

Аптаның соңына қарай бұл ұсынысқа байланысты Елбасы Н.Назарбаевтың өзі де пікірін айтты. Ол Астана қаласының атын өзгертуге қатысты ешкімге тапсырма немесе өтініш білдірмегенін қадап тұрып айтты. Бұл мәселе терең де жан-жақты ойланып барып шешілуі керектігіне назар аударды.

Президенттің өзі бүгінде тың, жақсы көңіл-күйде. Кешегі аптада ол АҚШ-тың «Блюмберг» ақпараттық агенттігіне арнайы сұхбат берді. Агенттік қызметкерінің қойған сұрақтарына жауап бере отырып: «2020-жылға дейін жұмыс істеймін, сол жылы сізбен тағы да кездесеміз», – деді Н.Назарбаев. Елбасы Президенттік тақты өз балаларына мұрагерлікке қалдырмайтынын, бұл елде бәрі де Конституция бойынша шешілетінін атап көрсетті.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ