Мұғалімге 60 мың теңге, ал футболшыға 60 мың доллар...

28.11.2016
Қаралды: 1575

Соңғы кездері мұғалімдердің жалақысын көбейту туралы жиі айтылып жүр. Тіпті Парламенттің бір депутаты да ұстаздарға ай сайын 350 мың теңгеден төлесек артықтық етпейді деген пікір білдіріп қалды. 

Расында мұғалімнің еңбегі адал екені ешкімге құпия емес. Елдегі саяси науқандардың барлығында да алғы шепте жүретін осы ұстаздар қауымы. Сондықтан болса керек, кешегі аптада редакцияға Шымкент қаласындағы политехникалық колледждің ұстазы Қайрат Омаров  депутаттарға арнаған хатын алып келді. Ол кісі екі беттік хатта өз ойын былай деп білдіріпті:

«Дүниеде мыңдаған мамандық түрі бар. Сол мамандықтар ішінде адамды тәрбиелеумен қатар білім нәрімен сусындандыру – ең жауапты іс болып саналады. Барша жұмыстың ішінде қиын да құрметтісі – ұрпақ тәрбиесі. Жас ұрпақтың бойына адамзаттың ұлы қасиеттерін дарытудан артық қызмет болмаса керек.

Міне, осындай қызметке бүкіл өмірін арнап, сан ұрпаққа жүрек жылуы мен мейірім шуағын төккен ұстаздың қазіргі кездегі хал-ахуалы қандай дәрежеде? Өткен ғасырдың 90-шы жылдары енді тәй-тәй басқан Тәуелсіз мемлекетіміз көптеген кедергілер мен қиындықтардан өте білді. Сол жылдары мұғалімдер уақтылы берілмейтін аз жалақыға жұмыс істеді. Осындай қиын-қыстауда көптеген білікті ұстаздар білім саласынан ажырап, бизнеске бет алды. Ал ата-анасы күні бойы базарда жүрген бала  мектепте тәжірибелі ұстаздардың жетіспеушілігінен дұрыс тәлім-тәрбие мен білім ала алмады. Осының салдарынан оқушылар арасында құқық бұзушылық арта түсті. Уақыт өте келе елімізде жағдай жақсарып, бүгінде білім мекемелеріндегілер  өз жалақысын уақтылы алып жүр. Бірақ сол еңбекақылары тым аз. Мұғалім­дердің әрқайсысының жеке уайымдары бар. Бұл – несие. Қазіргі мұғалімдердің жалақысы 60 – 70 мың теңге шамасында.

Ал еліміздегі футболшылардың жалақысы өте жоғары. Жағдайлары да жасалған. Олардың алдына қойған мақсаты – тек жеңімпаз болу. Шет мемлекеттерде стадионнан ине шаншар орын таба алмайсың. Ал бізде ше? 5-6 мың ғана жанкүйерлер болмаса, стадиондарымыз бос, қаңырап тұрады. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары елімізде пайда болған футбол осы уақытқа дейін сол деңгейде қалып келеді. Ең сорақысы, бұл салаға  миллиардтаған қаржы кетіп жатыр.

Мен жанкүйері ретінде елімізде спорттың дамығанын қалаймын. Соңғы жылдары клубтарға шетелдік легионерлерді қабылдау дәстүрге айналды. Еліміздегі «Ақтөбе» футбол клубы 2015-жылы шеттен келген 4 легионер ойыншысының әрқайсысына ай сайын 60 мың  АҚШ долларын төлеп отырса, «Шахтер» командасының жаттықтырушысы да өзінің еңбегін сондай бағаға лайықты деп есептейді екен.  Бұған ұтыс болған жағдайдағы үлкен көлемдегі сыйақыны қоссаңыз, футболшылардың табысынан басыңыз айналары анық. 

Ал Шымкенттің «Ордабасы» командасына қазынадан бір жылға 3 миллиард теңге бөлінген. Енді салыстырмалы түрде  қарасақ, 120 мұғалімі бар мектепке бюджеттен 92 миллион  теңге аударылады. Демек, «Ордабасы» үшін бір жылға қарастырылған қаржыға 33 мектептің мұғалімдерін толық жалақымен қамтамасыз етуге болады.

Биылғы мәліметке сүйенсек, «Ақтөбе» футбол клубы Алексей Щеткинге ай сайын 9 миллион теңге, Самат Смақовқа бір айда 6 миллион теңге жалақы төлеп отырған. Бұл дегеніміз – мектептегі 120 мұғалімнің бір айлық жалақысы. Егер бұл командалар ел чемпионы атанып, халықаралық жарыстарда топ жарса оған еш өкінбес едік. Ешқандай нәтиже жоқ қой. Чемпион болу былай тұрсын, алғашқы үштікке іліне алмай жүрген командаларға осыншама қаржы жұмсау кімге және не үшін керек?

Ойланып қараңызшы, мұғалім мен доп тебушінің жалақысындағы айырмашылық жер мен көктей емес пе? Бүгінгі жас ұрпақтың болашағына елеңдеп, сол ұрпақты дұрыс жолдан адас­тырмау үшін бүкіл өмірін осы қызметке арнаған  ұстаздың мәртебесі неге футболшыдан төмен болуы керек?     

Құрметті халық қалаулылары! Егер сіздер жоғарыдағы айтылып өткен мәселеге назар аударып, ұстаздар қауымының материалдық жағдайын жақсарту жолында шешім шығарсаңыздар, мыңдаған ұстаздарға тек қана қуаныш, шаттық, бақыт сыйлаған болар едіңіздер».

Міне, ұстаз Қайрат Омаров осылай дейді. Ол кісі расында да өте өзекті мәселе қозғап отыр деп ойлаймыз. Бұл кісінің даусы депутаттардың құлағына жетсе екен дейміз.

Қайрат Омаровтың байланыс телефоны – 8-705-992-46-68.

Ұ. ТӘМЕНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ