Желтоқсан жаңғырығы

28.11.2016
Қаралды: 1582

Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл. Онымен бірге азат та тәуелсіз күнге қол жеткізуімізге себеп болған желтоқсан оқиғасына 30 жыл толады. 

«Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайды». Біздің тәуелсіздігіміздің де тарихы терең: 1986 жылғы желтоқсанның 16-18-і аралығында сол кездегі Брежнев, қазіргі Республика алаңына 10 мыңнан астам адам жиналған.

Он томдық «Конституциялық Соттың Желтоқсан оқиғасы туралы» ісіндегі деректер бойынша, қылмыстық жазаға тартылып, сотталғандардың саны 100 адамнан асады. Олардың 22-сі – қыздар. Екі адам ату жазасына кесілген. 74 адам орта дәрежеде ауыр жарақат алған, олардың жартысына жуығы мүгедек болып қалған.

Жалпы, желтоқсан шеруіне қатысқаны үшін 8 мыңнан астам адам оқу орындары мен жұмыстарынан босатылған. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен де 309 адам қызметінен қуылса, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынған.

Десек те желтоқсан оқиғасының ақиқаты әлі толық айтылып біткен жоқ. Астана қаласының тұрғыны, «Нағыз желтоқсан» қоғамдық қорының президенті Құрманғазы Рахметов (суретте) жақында бізбен осы жайындағы жазбаларымен бөліскен еді. Біз оны ықшамдап, «Замана» оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

Дауыл алдындағы тыныштық

Таңертең ерте ояндым. Көңіл-күйім ерекше. Кереуеттен тұрысыммен қолдарымды жоғары көтеріп, азын-аулақ жаттығуымды бастап та кеттім. Орамалымды асына, жуынатын бөлмеге енсем, кәдімгідей кезек екен. Жуынып-шайынып, жігіттер дайындап қойған қара шайдан тартып жіберіп, оқу корпусына аяңдап келемін. Алдымнан қарсы шыққан орта бойлы адамның жүзі таныс сияқты. Жақындай бере ол кісі танып қалып:

– Ой, Құрманғазы, сен осында оқитын ба едің? Қалың қалай, нешінші курс­тасың?  – деді.

Ойламаған жерден кездесіп қалған адамыма:

– Ой, ағай, қалыңыз қалай? Мен осында оқуға түскенмін, қазір бірінші курсындамын, арнайы ағылшын бөлімшесінде, – дегенге ғана шамам келді.

Бұл Алматы қаласындағы эксперименттік қазақ мектеп-интернатындағы кезіндегі  директорымыз – Мешітбаев ағамыз еді. Көп өзгермеген екен, осында тарих кафедрасында сабақ беретіндігін білдім. Жылы қоштастық.

Иә, мектеп бітіргелі де бес жыл уақыт зырылдап өтіпті. Достық даңғылының жоғарғы жағында орналас­қан мектеп-интернаттың менің өмірімдегі алар орны ерекше еді. Сонау Семей облысы, Мақаншы ауылында қаннен-қаперсіз өткізген балалық шағым мен Алматыға арман қуып келген алғашқы күндерімді еске түсірген кездесу еді бұл.

Өткен күндер тізіліп көз алдымнан өте бастады: ҚазМУ-дың физика, оның ішінде арнаулы (ағылшын тілінде) бөлімшесіне тапсырып, алғашқы емтиханнан үздік баға алып, факультеттің деканы Сәрсембинов қолымды қысып:

– Құттықтаймын! Сен енді біздің студентсің, – деген кездегі қуанышыммен тезірек бөлісуге сыртта күтіп тұрған «болельщиктердің» арасынан Дархан бауырымды көзбен іздеп, оң қолымды көтеріп:

– Студентпін,– деп қуана қауышқанымыз, орталық почтаға барып, анашым мен ағаларыма телефон шалып, қуанышымызбен бөліскен кездерім кеше ғана сияқты еді.

Аудиторияда отырып,  Жаңа жылдан кейін бастаймын деген жоспарларымды судай жаңа «күнделік» беттеріне жаза бастадым. Бір сәт «күнделіктен» көзімді алып, жан-жағыма қарасам бес «поток» та бір үлкен залда физикадан лекцияда отыр екенбіз. Жанымдағы Мейіржанның да бітіріп отырғаны шамалы сияқты. Лектордың оқып жатқандарын қысқарта сүйкеп қойып отыр. Ол осындағы «физматты» бітірген, колхозға помидор жинауға барған кезде жақын тартып, танысып кеткен болатынбыз. Жастардың ішіндегі іліп алар бір керемет азамат. Ой-өрісі, сөйлеген сөзі мен жүрген жүрісі құрдас­тарынан бөлектеу, ересектеу көрінген. Батыс өңірі – Оралдан, Жымпитының жігіті. Өзі орысшаға да жүйрік, «служактармен» (оқуға армия­дан кейін, дайындық курсынан түскен қыз бен жігіттерді солай атайтынбыз) де емін-еркін сөйлесіп, қалжыңды да тірідей сойып қойып отыра береді.

Ана жерде жақын аға­йынды екі қыз – бірі менің бөлімшемдегі Сағадат, екіншісі қазақ бөлімшесінде оқитын Салтанат Талдықорған жақтың қыздары. Танауы үлбіреп, көзі ботадай, аумаған киіктің лағы дерсің. Алдыңғы жақта бойы партадан әрең көрініп Талғат Қоштыбаев отыр. Ана жерде бірдеңені шимайлап Серік шұқша мен Қайрат, Нұрлыбек, сәл әрірек Жүрсін мен бойы шошайып Сражидин отыр. Байқап қарасаң, кілең қазақ бөлімінің жас қыздарын бірі жоғарыдан, бірі бүйірлерінен ортаға ала қорғап отыратындай сезіледі. Кілең жастар. Мына жақ шетте алматылық «городской» Рустем, жанында жыбырлап-сыбырлап Қайрат отыр. Бойы екі метрге жуық Гитисті іздемесең де оңай тауып алуға болады. Шашына ерекше ерте ақ кірген Ерболат бауырым аузын шүртитіп алып, жанындағы адамға бірдеңесін түсіндіріп әлек. Жерлес қарындастарым Роза мен Жайна да жақын жайғасыпты. Алматы қаласына арман қуып келген жастардың бір күнгі жағдайы қысқаша осылай өтіп жатқан еді.

Иә, бұл желтоқсанның 16-сы – сейсенбі күні болатын. Түстен кейін «Кремль Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевты орнынан алып тастапты, орнына бізге таныс емес Колбин деген біреуді қойыпты. Пленум 16-ақ минут болыпты», – деген суыт хабар келіп жетті...

Жастық жалын, жанған от

Ертең бізді не күтіп тұрғанын білмеген де едік. Сәрсенбінің сәтті күні біздер үшін екі пар сабақтан кейін «Динамо» стадионындағы дене тәрбиесімен аяқталатын. Курстың оншақты жігіттері еркін күреспен айналысып, матыда аунап-қунап қайтатынбыз. Жатақханаға келсек абыр-сабыр. Жағдайды сұрастырсақ, жаңа ғана қолдарында транспорантары бар бір топ жастардың Байтұрсынов көшесімен алаңға көтеріліп бара жатқандарын көргендерін айтты. Кешегі кешкілік кездесуден кейінгі жігіттердің бізден ертерек қимылдағандарын түсініп, тез-тез жиналып, Мейіржан, Нұрлыбек үшеуіміз  алаңға тартып отырдық.

Жалғасы бар.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ