Тірліктің көзін тапқан Айдана қыз

28.11.2016
Қаралды: 1533

«Замананың» өткен нөмірінде «Қаракөздің керемет сөмкелері» деген тақырыппен мақала жарияланды. 

Онда Шымкенттің Қаракөз Медетова есімді тұрғынының перзентханаға арналған сөмкелер жасап сататыны жөнінде айтылған. Ол өз ісін жүргізуге әлеуметтік желілерді пайдаланады екен. Расында да бүгінде ол арқылы өз тауарларын сатып, табыс тауып жүрген жандар аз емес. Мысалы,  астаналық Айдана Тілеуберген есімді қыз да бүгінде сүлгілерге, ваннаға арнал­ған халаттарға адам аттарын жазып, тауарын сатылымға интернет арқылы шығарып жүр.

Айдана 1993-жылы Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Қоғалы ауылында дүниеге келіпті. Кейін отбасылары  Ескелді ауданындағы Қарабұлақ кентіне қоныс аудар­ған екен, ол мектепті сол жерде тәмамдапты. Айдана мектептен соң әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін геодезия және картография мамандығы бойынша бітіріпті. Бірақ мамандығы бойынша жұмыс істемепті. Бүгінде ол ата-анасымен бірге Астанада тұрады. Отбасылары Елордаға 2011-жылы көшіп барған екен.

«Жас кезімнен тігін машиналарына қатты қызығатын едім. Өзімнің тігін машинам болса екен деп армандайтынмын. Шүкір, арманым орындалды, қазір өзімнің тігін машиналарым бар. Әзірге үйде сүлгілерге, халаттарға тапсырыс берушілердің есімдерін жазып, интернет арқылы сатылымға шығарып жүрмін. Егер үлгере алмай жатсам, сүлгілерді арнайы тігетін орындарға апарамын. Бұл кәсіппен айналысып жүргеніме жарты жылдай уақыт болды. Алдағы уақытта ателье ашпақ ниеттемін. Бүгінде көп нәрселерді қарап, үйреніп жүрмін. Шүкір, қазір тауарларыма сұраныс көп. Өзім дайын халаттар мен сүлгілерді сатып алып, оған тиісті есімдерді, яғни тапсырыс берген адам айтқан есімдерді машинкамен басып жазамын», – дейді жас кәсіпкер.

Айдана сататын сүлгілер бағасы пайдаланылу мақсатына қарай 2000 – 4000 теңге аралығында тұрады. Ал халаттарының құны 15.000 теңге. Айдана сондай-ақ жастықтарға да жазу түсіреді, жастықтардың бағасы 4000 теңгеден. Жеткізіп беру ақысына Қазақстан аумақтары бойынша 1000 теңге қосылады, ал облыс орталықтарына жеткізу керек болса, 1500 теңге төленеді. Ваннаға арналған үш сүлгіге тапсырыс берсеңіз, Қазақстан бойынша жеткізіп беру – тегін.

Қысқасы, Айдананың шебер қолдарынан шыққан заттар­ға, өз есіміңіз немесе туыстарыңыздың аты жазылған сүлгіге, халаттарға тапсырыс бергіңіз келсе «Инстаграм» желісіндегі «іmіmі_kz»  парақшасына кіріп тапсырыс беруге болады.

Өзіне ұнаған іспен айналысу, өзіне ұнаған адаммен ғұмыр кешу кез-келген бойжеткеннің арманы ғой. Ендеше, ісіңе – сәттілік, өзіңе адал жар жолықсын, Айдана!

Г. СЕЙДУЛЛАҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ