Екі рет неміс тұтқынына түскен адам

28.11.2016
Қаралды: 1176

«Замана» газетінің өткен нөмірінде «2500 евро өтемақы кімдерге төленеді?» деген тақырыппен мақала жазғанбыз. 

Онда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың: «Өтем­ақы беріліп жатқаны рас. Біздің облыста соғыс кезінде неміс тұтқынында болған жеті адам бар еді, соның алтауы неміс үкіметі тарапынан беріліп жатқан өтемақыны алды. Біреуі құжатын кеш жіберуіне байланыс­ты әзірге ала алмай отыр», – деген сөздері берілген болатын.

Кешегі аптада біз шымкенттік соғыс ардагері Шерім Сауранбаевтың үйіне барып, ол кісіден неміс тұтқынында көрген қиындықтары туралы айтып беруді сұрадық.

Айта кету керек, атамыз биыл 94 жасқа толыпты. Сондықтан кейбір нәрселерді ұмытып қалғанын алдын ала ескерте отырып былай деді:

«Мен 1922-жылы қазіргі Ордабасы ауданының Сыпатаев ауылында дүниеге келгенмін, Бәйдібек ауданының Шалдар ауылында қызмет еттім. Екі ай Ордабасы ауданында дайындықтан өтіп, әскерге 1942-жылы қаңтарда Шымкенттен аттанып, 2-Украина майданында соғысқа кірдік.

1943-жылы қоршауда соңғы оғымыз қалғанша соғыстық, бірақ күші басым жау біздерді қолға түсірді. Германияның Польшамен шека­ралас жеріне алып бар­ғанда ауыр күндерді бастан өткіздік. Тұтқынға түскендердің арасында жұмысқа жарамайтындарды бірден атып тас­тады. Есімде қалғаны, бізді қағаз шығаратын зауытқа алып барды. Тамаққа мал жейтін кебек жемді берді. Көбейту үшін оған ағаштың ұнтағын қосатын. Оны жеген кейбір үлкен кісілер іші қатып өлді. Жас­тар амалдап аман жүрдік. Тамақты тауыспасаң ұрып-соғатындықтан бір қасықты жеп, екіншісін етіктің ішіне құйып, оны сыртқа шыққан соң төгетінбіз. Сөйтіп жүргенде қашып шығып, Польшадағы партизандарға қосылдық. Бірақ соғысып жүріп екінші рет тағы тұтқынға түстім. Өздеріне керекті мәлімет алу үшін денеге электр тогын жалғап, үтік күйдіріп басу секілді қинаудың түр-түрін көрдік қой. Оларды еске алғың да келмейді. Тұтқында жүріп таңқалғаным, немістердің тәртібін мойындау керек. Уақыттан бір минут ауыт­қымайды ғой. Тіпті тұтқындағы біздерге де тамақты уақытында жеткізетін. Сағатпен жүріп, сағатпен тұратын халықты одан кейін көре алмадым. 

Екінші рет қашқанда қатты қиналғанымыз рас. Орман ішінде келе жатып аман қалу үшін өлген есектің құрттаған етін жеуге мәжбүр болдық. Соғыс барысында үш рет жараландым. Мо­йын мен аяқтағы оқты дәрігерлер алып тастады. Бірақ сан еттегі оқ әлі жүр.

Жеңісті Польшаның Эльба деген өзенінде қарсы алдық. Соғыстан кейін елге жаяу қайтуға тура келді. Бес күн жүріп, екі күн демалдық. Өзендерде киімдерімізді жуып аламыз. Жол бойының барлығы қираған елді мекен, біреуге біреу қарап жатқан ешкім жоқ. Ақыры Тула қаласына келдік. Тулада солдаттарды іріктеді. Мамандығы барлар мен жасы үлкендерді ауылдарына қайтарып, біздерді жұмысқа алып қалды. Мәскеудің төңірегін ретке келтіріп, елге 1947-жылы бір-ақ оралдым. Сол жылы Түркістанға келіп, 1948-жылы  Молдагүлге үйлендім. Алты ұл, екі қызды болдым. Қазір Өсімхан ұлым мен Гүлзипа келінімнің қолында «Достық» ықшам ауданындағы үкімет берген үйде тұрамын.

Бүгінде отыз шақты немере, оннан аса шөберем бар. Балалар Германия тұтқында болғандарға өтем­ақы  төлейтінін айтты. Содан бері «сары қатынның» (А.Меркельді солай атайды) ақшасы қашан келеді деп күтумен болған едім. Өзімнің зейнетақым 85 мың теңге. Балалар оның 35 мың теңгесін қолыма ұстатып, бас­қасын банкке депозитке салып қойдық дейді. Неміс үкіметі төлеген 2500 евро да бүгінде депозитте сақтау­лы тұр. Ал 35 мың теңгеге қымыз ішемін. Қалғанын немерелердің тәттісіне жұм­саймын».

Келіні Гүлзипа атасының үйінде сақтулы тұрған әскери шалбарды қатты ұнататынын, кейде оны киіп, өткенді еске алғанды дұрыс көретінін айтады. Содан соң соғыс ардагері деген куәлігінің екінші бетіндегі өзі жабыстырған Сталиннің суретін бұл менің бастығым деп ешкімге тигізбейді екен. Бірнеше медалі бар Шерім ата соғыс кезінде екі рет неміс тұтқынына түскенмен ол жерден екі рет қашып шығып, қайтадан партизандар қатарында жаумен шайқасқан. Сол үшін болса керек, соғыстан кейін неміс тұтқынында болған басқа сарбаздар сотталғанда бұл кісі аман-есен елге оралыпты.

Тағы бір айта кететіні, Шерім атаға өзінің жерлес досы Жұмағұл Тастанов өмірінің соңына дейін риза болыпты. Бұл кісілердің бөлімі жаудан қашқанда Ш.Сауранбаев аяғынан жараланған Ж.Тастановты соңғы сәтке дейін арқалап жүріпті. Тіпті Ж.Тастанов: «Мені тас­та, өзің аман бол!» – деп айқайлағанда да ұсталсақ бірге ұсталамыз деп тастамапты. Ақыры қалжырағанда досын кездескен құдыққа жасырып, өзі бір орыс кемпірдің үйіне тығылған. Екі күннен кейін немістер кеткен соң әлгі кемпірмен бірге құдықты та­уып алғанда досының тірі жат­қанын көреді. Ол жерден шығарып, қайтадан Кеңес армиясының қатарына қосылады.

Ш.Сауранбаев Кеңес Одағының батыры Қарсыбай Сыпатаевтың немере інісі болып келеді екен.

Балалары мен келіндері ардагердің зейнетақысына да, Германия төлеген өтем­ақыға да тиіспей, сақтап отыр екен. Себебі олар аталары абыройлы болғандықтан олай-бұлай бола қалса көп адамның келетінін біледі. Сол кезде қиналып қалмауды осы кезден ойлас­тырып жүрсе керек.

Ұ. ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ