Жанат Бақыт: «Күйеуін басқаратын әйелдің баласы ынжық болады»

28.11.2016
Қаралды: 1585

Сұлу, дене сымбаты келіскен қыз-келіншектерге кез келген адамның сүйсіне қарайтыны рас. 

Ал ол сұлу әйел әрі табысты кәсіпкер, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын адам болып шықса, онда оған деген қызығушылықтың екі есеге артатыны жасырын емес. «Керек кеңестер» газетінің бүгінгі кейіпкері дәл осындай, жан-жақты жан. Ол он жылдан астам уақытын журналистика саласына арнап, «Хабар», «НТК», «КТК» арнасында тележүргізуші болды, кейіннен құқық қорғау саласында қызмет етті. Ал қазір өзінің жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Ендеше, таныс болыңыздар, ол – Жанат Бақыт...

Отбасы тыныштығын бірінші орынға қойған

– Жанат, әңгімемізді өзіңіздің туып-өскен жеріңізден бастасақ... Біздің білуімізше, әкеңіз қолына қалам ұстаған жан екен. Журналистика саласына келуіңізге сол кісі себеп болды ма?

– Мен Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында дүниеге келгенмін. 1984-жылы. Отбасында 4 ағайындымыз, мен үйдің кенжесімін. Расында да менің бұл салада қызмет етуіме марқұм әкем Жолдығали Бақытовтың ықпалы болды. Ол кісі бала күнінен өлең шығарған, ақын, жазушы болатын.. Өмірінің соңына дейін журналистика саласында қызмет етті. «Атамекен» деп аталатын республикалық экологиялық газетті 21 жыл бас­қарған.

Ал өзіме келер болсам, негізі, мамандығым – филолог. Мұғалім боламын деп ойлағанмын. Бірақ бір күні «Хабар» арнасындағы бір бағдарламаға жүргізуші таңдап жат­қанын есітіп, кастингке қатыс­тым. Содан ол арнаның басшылары мені жұмысқа қабылдап, осылайша мен журналистика саласына ден қойып кеттім. Ал бүгінде марқұм әкем басқарып, кейіннен маған аманаттап кеткен «Атамекен» басылымын шығарудамын.

– Телеарнадан, яғни жүргізушіліктен кеткен соң мемлекеттік қызметте істегеніңізді, бірақ соңында оны да отбасыңыздың жағдайы үшін тастап кетке­ніңізді айтыпсыз, бір сұхбатта. Мұндай шешім қабылдауыңызға не себеп болды?

– Менің түсінгенім, қызмет адамға «комфорт» болмауы керек екен. Иә, жұмысың саған ұнайды, бірқалыпты. Барасың, келесің, айдан айға әрең жететін жалақы аласың. Бір қарағанда адамдар мұны қалыпты құбылыс деп қарайды. Бірақ оның болашағы бар ма? Сен ізденбейсің, күрес­пейсің, тырыспайсың. Өйткені саған осы жұмысың «комфортный» болып қалған. Бірақ күндердің күнінде сол жылы орынмен қоштасуға тура келеді. Сонда не істейсің? Жасың болса 40-тан асып кеткен, ондай жаста жұмыс табу қиын. Міне, осындай қысылтаяң шақта «Мәссаған, менің қолымнан тағы басқа не келеді?» деп кәдімгідей ойланасың. Тіпті күйзеліске ұшауың ғажап емес. Сондықтан әр адамда «запас» дөңгелек болуы шарт.

Рас, мен телеарнада 12 жыл қызмет етіппін. Рас, эфир арқылы халыққа танымал болдым. Кәсіпкерлікпен айналысуыма да осы танымалдығым себеп болды. Өкпем жоқ. Бетті бояп, дап-дайын мәтінді оқып, яғни ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрдім. Ол жұмыс өзіме ұнады. Бірақ іштей ұялатынмын. Өмірім осылайша жалғаса берер ме еді, бір күні басшымыз шақырып алып: «Орның басқа адамға керек», – деген әңгіме айтты.  Қызым 2 жаста еді, заң бойынша 3 жасқа толғанша басшылықтың мені жұмыстан шығаруына рұқсат жоқ еді.  Алайда намысшыл қазақпыз ғой, мен ол жерде бір күн де қалғым келмеді, кетіп қалдым.

Дәл сол сәтте мемле­кеттік қызметтен ұсыныс түсті. Келістім. Ол жұмыс өзіме ұнады, өзімді жаңа қырынан көрсеттім. Бірақ мемлекеттің жұмысы болған соң таңғы 7-ден кешкі 7-ге дейін қызметте отыруың керек. Ал тұңғышым биыл мектепке барды. Оны апарып, әкелу керек, қызымды балабақшаға апарып, әкелу керек. Үйдегі қатып қалған заңдылық бойынша кешкі 7-де тамақ дайын болу керек. Газет бар. Дүкен бар. Қысқасы, алдымда екі таңдау болды: карьера қуалап, прокурор болу немесе отбасы. Мен екіншісін таңдадым, әрине...

Адал еңбектің наны тәтті болады

– Бүгінде кәсіпкерлікке бет бұрдыңыз. Жалпы, әйел адамына кәсіпкерлікпен айналысу қиын ба? Осы орайда кәсіпкер боламын дейтіндерге қандай кеңес берер едіңіз? Кәсіпкер болу үшін көп ақша қажет пе?

– Бәрі аяқ астынан болды. Эфирге қазақша киініп шыққан жалғыз жүргізуші мен болдым (басшылыққа бұл ұнаған жоқ, әлбетте). Сосын ел сұрай бастады, киімімді сатып алғылары келді. Ойлана келе бір-ақ күнде дүкен аштым. Мен «аша салдым» дегенге, мықты шіріген бай әйел екен деп ойлап отырған боларсыз, олай емес. Кез келген бизнес тәуекел етуді талап етеді. Басталмай жатып тақырға отырмауды ойлап, әуелі көрейін деп, арендасы арзан жер тауып, ішін өзім жуып, ақтап, үйден жиһаз апардым. Елдің сұранысын көрейін дедім. Сосын жайлап орталықтан дүкен аштым.

...Бұл жолда көп нәрсеге көзім жетті. Мен орталықта жылтырап жүріп шынайы өмірді көрмеген екенмін. Қазір кімнің-кім, ненің-не екенін біліп қалдым. Талайы алдап кетті, сапалы деп сапасыз нәрсе тығып жіберді, талайы ұрысты, айтпасты айтты, қор­қытты, бірақ қателеспеу үшін қателесу керек екен. Енді дизайнерлермен бірге саннан гөрі сапаға жұмыс жасап жатырмыз. Басты миссия – отандық киімнің бағасын қолжетімді ету.

Жалпы, бұл жұмысым өзіме ұнайды. Вокзалда ауыр сөмке көтеріп, басқа қаладағы дүкендеріме зат саламын, немесе таңғы 4-те пойыздан зат күтіп аламын. Несіне намыстанамын? Мен еңбек етіп жүрмін. Адал еңбек! Өз кәсібіңде өзің жүгірмей, аяқты аспаға көтеріп жатсам, біреу ауызыма тамақ сала ма? Жоқ! Қазір құлап жатсаң, кешегі «досым, әріптесім» дегенің танымай, үстіңнен басып өте береді… Өмір сондай!

Ал көп ақшаға келер болсақ, бәрі жұрт ойлағандай емес. Ең бастысы, идеяңыз ерекше, жұрттың сұранысына сай болса жеткілікті.

Күйеуді сыйласаң жолың ашылады дейді

– Жетістікке жетуіңізге, ел алдында осындай абыройға ие болуыңызға жолдасыңыздың да үлесі бар шығар? Жалпы, ол кісі немен айналысады? 

– Жолдасым Ершат газ саласында қызмет етеді. Биыл біздің танысқанымызға 17 жыл болыпты. Арасында ренжісу, түсінбей қалу деген болмады емес, болды. Бірақ барлық «қиындықтарды» ақылға жеңдіріп, ақыры бас қостық.

Екеуміз қыз-жігіт боп жүргенде кафеде тамақ ішу тұрмақ, жолға жететін ақшамызға балмұздақ алып қойып, үйге жаяу қайтатынбыз. Бірақ мен оған «Ақшаң жоқ, үйің, машинаң жоқ» демедім. Бірақ кейін көлікті де, үйді де қол ұстасып бірге жүріп алдық. Екеуміз де адал еңбекпен келген нанның қадірін өте жақсы білеміз. Ол өте ақылды. Үнемі маған бағыт-бағдар беріп отырады. Бірдеңе болса ақылды содан сұраймын. Күйеуі әйелінен ақыл сұрағаннан, әйелі күйеуінен сұраған жақсы көрінеді. Негізі, сыйластық болса, отбасының тіреуі мықты болады екен. Сеніңіз.

– Бала-шағаның, отағасының бабы, үй шаруасы, жұмыс, кәсіп... Осының барлығына қалай үлгересіз?

– «Әйел – қырық шырақты» деген сөз текке айтылмаған. Үлгерем деген адам үлгереді. Әйел бәріне үлгеруге тиісті. Ең бастысы, он екі мүшеңіз сау болса, сол жеткілікті. Жалқаулық дегенді әсте ұмыту керек.

Мәселен, біздің үйде сен кәсіпкерсің бе, танымалсың ба, бәрібір. Кешкі 6-7-лер шамасында ыстық тамақ дайын тұруы керек, үйің жинаулы, киім-кешегің таза, үтіктеулі болуы тиіс. Сондықтан мен кеш жатып, ерте тұрамын. Шынымды айтсам, кейде өзгелер секілді 8-9 сағат ұйықтауды армандап кетемін.

– Отбасының беріктігін, жылылығын қалай сақтауға болады? Кей әйелдердің жанұясының ұйытқысы болып отыруына көбінде не жетіспейді деп ойлайсыз? Өз тәжірибеңізбен бөліссеңіз...

– Ерлі-зайыптылар ренжіскенде, біреуі аузын суға толтырып отыруы керек. Егер олай етпесеңіз берекем кетті дей беріңіз. Ауызына ақ ит кіріп, көк ит шығатын әйелдер бар. Ерінің намысына тиетін сөз айтады. Сөзден жеңілген ер адам соңында қол көтереді. Осылайша бір-біріне деген көңілі суып кетеді. Ал ең бастысы, ата-анасының итше ырылдасқанын көрген бала да дәл сондай адам болып шығады. Яғни ол ерлі-зайыптылардың ұрысын қалыпты жағдай деп қабылдайтын болады. Немесе ынжық, әйелінің айтқанынан шыға алмайтын біреу болып тәрбиеленеді.

«Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық», қанша жерден ынжық, не тентек болса да, ол – еркек, сенің күйеуің! Сыйлауың керексің!

Ер-азаматқа алдымен өзі қол көтеретін, не қолындағы затты лақтыра салатын әйелдер бар. Үйі жиылмайтын, қоқып жататын, тамағы быламықтан дәмсіз, заттары әр жерде шашылып жататын көкбет әйелден еркек құтылғанша асық болады. Мұндайда еркектер үйіне келгісі келмей, жылуды басқа үйден еріздей бастайды. Ал үйі мұнтаздай таза, киімі үтіктеулі, «Ақша берсей, қатыныңмын ғой! Баланы саған не үшін тудым?» деп қылқылдай бермейтін, өзінің сымбатына да қарап, үнемі әдемі боп жүретін, балаға дұрыс тәлім-тәрбие берген әйелден еркек өлсе де айырылмайды!

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ