Оңалту орталығында оңалып жатқандар бар ма?

28.11.2016
Қаралды: 1236

Жайма-шуақ ауа райына үйреніп қалған Оңтүстіктің халқы үшін қарашаның үшінші онкүндігі қолайсыз басталды. 

Жаңбыр мен қардың соңы көптен болмаған суыққа ұласты. Мұндай кездері басында баспанасы мен үстінде жылы киімі барлар қинала қоймасы белгілі. Бірақ көшеде ішер асқа жарымай жүрген қаңғыбастардың жағдайы қалай болады? Осы сұраққа жауап табу үшін біз кешегі аптада «Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына» барып, ол жердің жағда­йымен танысып қайттық.

Жұмыстан қашады екен

Мекеме басшысы Нұрбол Молдабековтың сөзіне қарағанда, бұл жерді сан қилы тағдырлар тоғысқан жер деп атауға болатын секілді. Бүгінде барар жер, басар тауы қалмағанымен көпшілігі кезінде әртүрлі жұмыстар істеп, бала-шағалы болғандар. Бірақ түрлі жағдайлар­ға байланысты басына түскен қиыншылықты көтере алмай ішкілікке салынғандар.

«Бұл жер негізі 150 адам­ға арналған, – деді мекеме басшысы Нұрбол Әшімханұлы. – Бірақ бүгінгі таңда бізде 153 адам жатыр. Осы қазір ауруханаға төрт адамның түскені туралы мәлімет алдық. Оларды ертең осында жібереді екен. Орын дайындауымыз керек.

Ереже бойынша әр аптаның сәрсенбісі тазалақ күні болып белгіленген. Сол күні бұл жердегілер қоғамдық жұмысқа тартылуы керек. Бірақ бізде ол күні барлығы ауырған болады да, «жедел жәрдем» шақыртқызады. Олар келіп, еш сырқаты жоқ деп кетеді. Мұның барлығы жұмыс істемеудің сылтауы. Араларында сотталғандар да көп. Сондықтан болар, бұл жердегілер заңды жақсы меңгерген. Бір нәрсе десең бізді күтуге міндеттісіңдер деп шіренетіндері де жоқ емес.

Көпшілігі зейнетақы алады. Әр айдың бесінен кейін оларды бұл жерден таба алмайсың. Зейнетақысын алып ішіп, көшеде жатқан жерінен полиция қайтадан алып келеді. Ең басты қиындық – бұларды құжаттандыру. Құжат алып бересің, зейнетақысын дайындайсың, бір мас болғанда барлығын жоғалтады.

Топ басшылары бар

Мекемеде күндіз адам көп болғанымен кешке кезекшіден басқа ешкім қалмайды. Ал бұл жерде неше түрлі адам бар. Біреулері екінші қабаттағы терезден аяғын салбыратып  отырып темекі шегеді. Ондай кезде қасына барсаң секіріп кетуден тартынбайды, қатты сөйлесең үстіңнен арыз жазады.

Орынбасарым екеуміз кезекпен аралап тұрамыз. Жаңа унитаздар орнаттық, соларды бүлдіреді ғой. Дәретке дұрыс отырмайды. Содан соң тазалаушылар неге бұлай істейсіңдер десе, дереу оның үстінен арыз жазып келеді. Сенсеңіз, биылдыққа орынбасарым екеуміздің үстімізден 41 арыз жазылды. Тексерушілер де шаршады.

Іште не болып жатқанын біле беру мүмкін емес. Кейбір пысықайлар ешкімге тигізбеуге сөз беріп біреулердің зейнетақысын алып отырады. Басқаларға білдіртпей тартып алғысы келетіндер де жоқ емес. Сондықтан араларынан сөзге түсінетін біреулерді өзімізге тартқанбыз. Біз жоқ кезде ішкі тәртіпті солар бақылауға алады. Егер сөздерін тыңдағысы келмейтіндер шықса бізге айтады. Бірақ жаңадан түскендер болмаса олар барлығына сөздерін өткізеді. Бұл кісілердің жастары да келген, көптен бері осында тұрғандар. Былайша айтқанда, түзелуге бет алғандар».

Некелерін қидырыпты

Негізінен Оңалту орталығын қаңғыбастар мекен­дей­ді. Олардың көпшілігін маскүнемдікке салынғандар мен түрмеден шыққан соң баратын жерлері жоқтар құрайды. Дегенмен араларында бұл топтың екеуіне де жатпайтын, бірақ барар жері жоқ адамдар да бар екен. Өзінің денсаулығы да, үй-жайы да жоқ болғандықтан осы жерден пана тапқандардың бірі – Наталья Николаева (суретте).

Жасы қырықтан енді ас­қан Наталья жалғыздық Құдайға ғана жарасқан деп, осындағы Қалықұл Шәріпов­тің (суретте) етегінен ұстағанды жөн көріпті. Екеуі жуырда үйленген. Мекеме басшылығы жас жұбайлардың құрметіне жеке бөлме берген. Яғни өзін дұрыс ұстап, қоғамдық белсенділігі артқандарға алдағы уақытта да мұндай жағдайлар жасалады екен. Тіпті биыл төрт адам бұл жерден түзеліп шығып, жұмыс­қа да орналасып кеткен.

Өздерінің қалай үйлен­гендігі туралы сұрағанымызда Қ.Шәріпов былай деді:

«Мен Қазығұрт ауданының «Жұмысшы» ауылынанмын. Әйелімнен ажырасқаныма 30 жыл болды. Руым – Оймауыт. Жасым 70-ке келді.  Былтыр 40 жасында дүние сал­ған Зұлпыхар Сұлтанмұратовты көпшілік білетін шығар. Зұлпыхар «КВН»-ге шығып жүрді. Аз уақыт «Базар жоқта» да ойнады. Сол – менің жалғыз ұлым. Баламмен де көптен бері араласпай кеткенбіз.

Осында жүргенде Наталья жалғыздық қажытқанын айтып маған үйлену туралы ұсыныс жасады. Сүйіп қалса керек. Мен келісімімді бердім. Осы жерде некемізді қиғыздық. Бір отбасы болғандықтан зейнетақымды қолына ұстатамын, өзі сақтайды. Кейде киноға барамыз. Жаздың күндері саябақта да қыдырдық. Екеуміздің 50 мың теңге зейнетақымыз бар. Бұл жерде төсек-орын таза, тамағымыз тегін. Сонда да үй болса қалаға бөлек шықсақ деп армандап жүрміз. Бірақ 50 мың теңге неге жетеді, сол жағы бізді ойландырады».

Арасында жастар да жүр

Бұл жердегілердің үлкені Зинаида Османова есімді кейуана екен. Оның жасы 87-де. Ал ең жасы Светлана Моисеева енді 23-ке тол­ған. Одан бөлек, тепсе темір үзетін жастағы Айбек Сағындықов, Жақсылық Мырзашев секілді жас жігіттер де басқа барар жері болмағандықтан осы жерден қоныс тапқан. Айдар Қалықұлов есімді 34-жастағы жігіттің жеке куәлігін 8 рет қайта жасатуға тура келіпті.

...Қысқасы, Оңалту орталығында бүгінде адам көп екен. Соған қарамастан көшеде қалған қаңғыбастарды осы жерге алып келе беретін көрінеді. Ең қиыны, қаңғыбастар арасында өз ұлтымыздың өкілдері мен жастардың көбейіп бара жат­қаны ойланарлық мәселе секілді.

Р. ШАЛҚАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ