Қазақты жамандап едім, бәрі маған қосылып жамандай жөнелді

29.11.2016
Қаралды: 1651

Әне-міне дегенше Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өткелі отырмыз. Бұл уақыт ішінде біз қандай жетістіктерге жеттік, нені ойластыруымыз керек? 

Осы орайда менің өзімді тол­ғандырып жүрген кейбір мәселелер жөнінде жұртпен ой бөліскім келеді.

Қазақстан алдағы 50 жылда қандай деңгейде болады? Қазақтың ұлттық санасы қазір қай деңгейде? Қазіргі заманда адамға ру-тайпа жақын ба, әлде мемлекет жақын ба? Осы үш сұраққа жауап іздеп көрейікші.

Өзбекстан халқы тәуелсіздік алған 25 жылда 10 миллионға көбейіп, қазір 32 миллионға жетіпті. Бұл мәліметті Өзбекстанның Тәуелсіздік мерекесі күні ел басшылары айтты. Ал бізде ше? КСРО тарағанда 17 миллион едік, әлі сол деңгейдеміз. Енді 25 жылда өзбектер 50-60 мил­лионға жетуі мүмкін, ал қазақстандықтар қанша болады?

Бүгінде біздің елде жезөкшелік әбден етек жайды. Барлық жерде тәнін сататындардың ордасына айналған сауна мен қонақүйлер көбейді. Осындай халықтың болашағы бар ма?

Солтүстігімізде 145 миллион хал­қы бар Ресей тұр. Осыдан 2-3 жыл бұрын бұл елдің халқы жылына 1 миллион адамға азаятын. Қазір олар жыл сайын 2 миллионға көбейіп отыр. Себебі бұл елде «Материнский капитал» деген бағдарламамен өмірге келген екінші баладан бастап 10-12 мың доллар көлемінде ақша берілуде. Ол қаражатты тек үй алуға, баланы оқытуға, денсаулықты түзеу мақсатына ғана жұмсай аласыз. Арақ ішіп немесе тойдың шығынына жұмсауға болмайды. Егер осындай қаржы берілсе Қазақстанда да бала туу көбе­йер еді.

Қазіргі Ресейде ұлттық саясат кейінге ысырылып, алға мемлекеттік идеология шыққан. Бүгінде біздің елімізде қазақтардың үлес салмағы 70 пайызға жетті. Демек, қазақ тіліне басымдық беріп, бізге сондай мемлекетшіл, азаматтық қоғам құру керек.

Мен мынадай тәжірибе жасап көрдім. Көпшілік отырған жерде бір руды жамандай бастағанымда бірден әлгі рудың адамдары көздері шатынап, ашуланып шыға келді. Ал қазақты жамандағанымда ешкім қарсы шықпай, керісінше, маған қосылып жамандай жөнелді.

Осыдан кейін маған біз өзі біртұтас ұлтпыз ба, әлде тайпалардың құрама одағымыз ба деген ой келеді. Тайпашылдығымыз пайда әкеле ме? Мүмкін ол мемлекет болуымызға кедергі келтіретін шығар? Мұны зерт­теген адамды естімеппін.

Қанымыз таза деп мақтанамыз. Қанымыз таза ұлт болсақ, неге 250 жылдай орыстарға бодан болдық, неге Қоқан хандығына салық төледік? Неліктен дамыған ұлы мемлекет құра алмадық? Арамызда адамзат өміріне ұлы өзгерістер әкелген, жаңалық ашқан бірде-бір қазақ жоқ. Неге?

Қазір тайпаларын қаузап, соны өңдеп-өсіріп, мүмкіндік болса мемлекет құрудан тайынбайтын, мафияға айналып кеткен кландық топтар көп. Сонда бұл ұзақты көре алмау емес пе? Мүмкін қазақта ондай қасиет жоқ шығар...

Меніңше, осы заманда әрбір адам маған ру жақын ба, әлде мемлекет жақын ба деген сұраққа жауап іздеуі керек. Әлбетте, мемлекет жақын. Сіз ең бірінші дүние есігін ашқанда, кім, қайда қарсы алады? Мемлекеттің ақша жұмсап ашып қойған перзентханасы, мемлекет жалдаған адамдар сіз және сіздің анаңыз үшін күреседі. Ауырсаңыз, дәрігерлер сізге көмекке келеді. Емханаларда ем қабылдайсыз. Бұзақылардан қорғап, тыныштығыңызды күзетеді. Миллиондаған қаржыға полицияны ұстап отыр. Сіз білімсіз болмасын деп мектеп пен жоғары оқу орындарын қаржыландырады. Жұмыс орындары ашылсын деп миллиардтаған қаржы жұмсайды. Шетелдік жаулардан қорғайды, әскер ұстайды, қартайғанда зейнетақы береді. Мұның барлығын жасайтын да сол мемлекет. Осылардың тым құрыса біреуін де сіздің ру-тайпаңыз бере алмайды.

Біздің қалай өмір сүруіміз тікелей мемлекеттегі тәртіпке, оған біздің қалай қарайтынымызға, қалай еңбек ететінімізге, оны қалай, қанша, қайтіып түсініп ойлайтынымызға байланысты. Пешенеде жазылған болады деп қарап отыру қате. Ресейге 250 жыл бодан болғанымыз біздің шекемізге тиюі тиіс. Бабаларымыз «Әрекет бар жерде берекет болады» дегенді бекерге айтпаған. Демек, әрбір адам үшін ең қадірлі үй – ол мемлекет болуы тиіс. Мемлекет – біздің ең үлкен киелі мекеніміз. Бәріміз оны бұзуға емес, құруға дайын болуымыз керек. Біз мұны өзіміз үшін және ұрпағымыз үшін жасайық. Мемлекет – киелі ұғым, оны сақтау, аялау – біздің қасиетті міндетіміз.

«Ауруды жасырсаң өлім әшкере етеді» дейді. Біздегі қазіргі жағдай рушылдық кланға, мафияға айналып кеткен. Жеті атадан арғы рушылдық қазіргі ХХІ ғасырда көк тиындық құны жоқ, қайта мемлекет, халық болуға орасан зор зиянын тигізіп жатқан кедергіге айналды.

Басқалар ел, мемлекет, халық болып қаламыз ба, қалмаймыз ба деп жанталасқан мына бәсекелес әлемде балалардың болашағы үшін ойланатын, өзгеретін заман келді, ағайын!

Автор туралы мағлұмат

Есмұрат Майлышұлы Битеміров 1956-жылы Сарыағаш ауданының Дарбаза ауылында дүниеге келген. Бүгінде Сарыағаш қаласында тұрады. Отбасылы, екі ұл, бір қыздың әкесі.

Е.Битеміров 1983-жылы Жамбыл гидромелиорация және құрылыс институтын бітірген. 1992-жылға дейін Алматы қаласындағы жобалау институтында қызмет атқарған. Одан кейін бірнеше жыл «Нағыз Ақжол» партиясының Сарыағаш аудандық бөлімін басқарған. Бүгінде өзінің жеке егін шаруашылығымен айналысады.

Ол кісі өзін саясаткер және Қазақстанның нағыз патриоты санайды. Мақалалары «Замана», «Жас Алаш» газеттерінде және Сарыағаш аудандық «Сарыағаш», «Сәтті» және «Шапағат» газеттерінде жарық көріп тұрады. Есмұрат Битеміровтің байланыс телефоны – 8-705-361-20-08.

Есмұрат БИТЕМІРОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ