Өмірден түңілгендер күн санап көбейіп келеді

22.11.2016
Қаралды: 844

Қазақстан өзіне-өзі қол салу – суицид бойынша әлемде 4-ші орынға шықты. Өйткені өмірден түңіліп, өлімге асыққандар қатары күн санап өсіп барады.

Кешегі аптада Павлодарда 36 жастағы ер адам 12 қабаттағы балконнан секіріп, мерт болды. Ал Ақмола облысында жоғары оқу орнына түсе алмаған 17 жастағы бозбала өз үйінің шатырында асылып өлген. Тап сол күні (тамыздың 8-і)  Шымкентте Абай саябағының маңында орта жастағы әйел өзін-өзі өртеп жіберген еді. Алматыда қызы мен күйеу баласы көрсеткен азапқа төзе алмаған зейнеткер асылып өлді. Шығыс Қазақстанда тұрмыстық ауыртпалықтың ауыр жүгін арқалауға шамасы кемеген келіншек үш перзентін асып өлтіріп, артынша өзіне қол жұмсаған.

Тізе берсек, мұндай қаралы хабар еліміздің барлық өңірінен табылады. Статистиканы сөйлетсек сандар бұдан да өсе түседі. Себебі өлуге асыққанмен, ажалдың ауылына жете алмай, жарты жолдан кері қайтқандар одан да көп. Мәселен, биылғы жарты жылдың өзінде Оңтүстік Қазақстан облысында тұрмыстық тауқыметтің азабынан арылу үшін 157 әйелдің өзіне қол салған оқиғасы тіркеліпті. Өкінішке орай, оның 37-сін құтқару мүмкін болмапты. Республикадағы бұл көрсеткіш  316-дан асады. Бұл әйелдер суициді ғана. Егер еліміздегі жасөспірімдер, ер-азаматтардың да деректері жинақталса, көрсеткіш кемі екі есеге артатыны анық.

Қарағанды прокурорлары жақында әлеуметтік желілердегі өлудің жолдарын үйрететін сайттарға зерттеу жүргізген екен. Сонда «В контакте» желісінде осындай топқа 1863 жасөспірімнің тіркелгеніне көз жеткізіпті. Уақытының басым бөлігін осы желіде өткізетін жастар онда өлудің түрлі тәсілдері туралы сабақ алады екен. Суицидті насихаттаушылар өлімнің тамырды тілу, асылып өлу, биіктен секіру, суға кету, уыс-уыс дәрі ішу, басына пакет кию сияқты түрлерін үйретіп қана қоймай, суреттер салып, тіпті «Батыр болсаң, жасап көр». «Кел, бірге өлейік» деп тұзағына түскен адамды айналдыратын көрінеді. Соның салдары болар, 5-14 жас аралығындағы балалар суициді жағынан әлемде – 9, 15-29 жас аралығы бойынша 4 орынға шығыппыз.

Мұндағы біздің айтпағымыз не? Ата-аналарға қауіпті індетке үгіт­тейтін желілерге балалардың үйір болмауын қатаң қадағалау керектігін айтпақпыз. Тыным таптырмас тіршіліктің ағысына еріп жүре бермей, балаларға, жақын адамдарыңызға да ұдайы уақыт бөліп, сырласып, бір-біріңізге жылы сөз арнаудың маңызы зор. Тіпті аптаның белгілі бір күнін отбасылық сырласу уақыты етіп ережеге ендіріп қоюға болады. Ол адамды қанаттан­дырып, шаттандырады. Бауырмалдықты арттырып, өзара түсіністікті бекітеді, өзі мен өмірге деген сенімін қалыптастырады. Өмір сүруге деген құлшынысты арттырады, қиындықты жеңуге көмектеседі. Адамның нәзік жанына қоғамның қатігез сынында үзілмеуге көмектесетін ең басты құрал осы. Осыны ұмытпайықшы, ағайын!

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ