Қазақстан ғалымдары қандай дәрі ойлап тапты?

21.11.2016
Қаралды: 1502

Таяуда редакциямызға Түлкібас ауданынан Шардарбек Бетаев есімді қария хабарласып, 17-қыркүйекте «Қазақстан» телеарнасы жаңалықтарынан еліміз 

ғалымдарының обырға қарсы мықты дәрі ойлап шығарғаны туралы естігенін айтқан еді. Шардарбек қария бізден осының жай-жапсарын анықтап, газетте жариялауымызды өтінген болатын. Біз бұған қатысты   анықтағандарымыз жөнінде «Замананың» кешегі аптада жарық көрген нөмірінде «Обыр жасушаларын жоятын екпе қолданысқа енді ме?» деген тақырыпта мақала жазғанбыз.

Ал кешегі аптада біз осы аталған мәселеге қатысты қосымша деректер білдік. Яғни Қазақстан ғалымдарының обырға қарсы дәрі ойлап таптық деп жүргені рас екен. Бұл жөнінде Қазақ Ұлттық университетінің ғалымдары жария­лады. Ол «Алматы ТВ» телеарнасында көрсетілді. Яғни университет ғалымы ондаған жылдар бойы жүргізген зерттеулер мен тәжірибелер, клиникалық сынақтардан өткізу барысында тау қылшасы (горная эфедра) мен сұр қандыағаштың (ольха серая) бұтақтарынан алынған заттар негізінде обырға қарсы қолдануға болатын дәрі жасап шығардық деп мәлімдеді. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Дмитрий Ко­рулькиннің айтуынша, оны қолданысқа енгізіп, жаппай таратуға елі­міздің Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі қолдау көрсетпей отырған көрінеді.

Ал осыған байланысты сауал жолдағанда еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі ресми түрде ғалымдардың аталған дәріні тіркеуге алуға өтініш бермегенін айтыпты. Бұл жөнінде бірнеше ақпарат құралдары жария етті.

Ал ғалымдар министрлікке ондай өтініш жасағандарын, өздерінде мұны дәлелдейтін құжаттар барын алға тартып отырған көрінеді.

Қалай болғанда да бұл хабар ертеңгі күніне алаңдаулы  талай науқастың құлағын елеңдетіп отыр. Сондықтан ғалымдар болса да, министрлік болса да бұл мәселені аяғына дейін жеткізіп, анық-қанық, жай-жапсарын жұртқа егжей-тегжейлі жеткізгені дұрыс болар еді.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ