Кеше 20 теңге болған жұмыртқа бүгін 31 теңгеден сатылып жатыр

21.11.2016
Қаралды: 1241

Бүгінде баға күн сайын көтеріліп бара жатыр. Біреулер бұған үнсіз көнсе, тапқанын қайда жеткізерін білмей жүрген жандар ашу-ызасын ірікпей, 

пікірін ашық білдіріп жатады. Өткен сәрсенбіде біз Шымкенттің орталығындағы Қырғы базарда бір келіншектің дауыс көтеріп жүргенін байқап, одан наразылығының себебін сұрадық.

«Нан да, май да, барлығы қымбаттап жатыр, – деді өзін Гүлжазира Жүсіпқызы деп таныстырған Шым­кенттің тұрғыны. – Неге қымбат деп сұрасаң, су, жарық, газдан келгендер түсіндірудің орнына төлемесең қиып кетеміз деп қорқытады. Базардағылар сен алмасаң басқалар бар деп бәлсінеді. Жалақы көтерілген жоқ. Сонда қарапа­йым халық қалай күн көреді?

Осыдан бір апта бұрын жұмыртқаның данасын 20 теңгеден алған едім. Бүгін келсем, 31 теңге дейді. Сонда неге байланысты десем, сатушылар: «Ұйықтап жүрсіз бе? Барлығы қымбаттап жатыр емес пе? Бізге қымбат келген соң қымбат сатамыз», – дейді. Әркім осылай ойына келгенді жасай бере ме? Басшылар тарапынан бақылау деген болуы керек емес пе? Менің бес балам бар, өзім жұмыссызбын. Сонда біз қалай күн көреміз? Бұл жөнінде ойланатын адам бар ма өзі?

Мысалы, жолкіре бес теңгеге қымбаттайтын болса, екі ай бұрын талқылап, сөз болады. Ал бір дана жұмыртқаның бағасына он теңге қосылса, оған ешкім үн қатпайды. Қарап тұрсаң қазір он дана жұмыртқа алатын адам аз, көпшілігі отыздан кем алмайды. Демек, 300 теңге қосып береді. Баға 50 пайыздан артық қымбаттап отыр. Шенеуніктер қымбатшылық жоқ дейді. Сонда халық олардың айтқандарына сенуі керек пе, әлде көзбен көргеніне ме?»

Бұдан кейін базарды біз де аралап көрдік. Көтерме саудада жоғары сапалы деп бағаланатын жұмыртқалар расында да 31 теңгеден саудалануда екен. Бұл баға қаланың орталығы мен шеткі аймақтарда тағы да құбылып шығатыны анық.

Ә. НАУАЙЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ