Инсульт алып, аузы қисайып қалған әйел өзіне қарғыс тиді деп қамығуда

21.11.2016
Қаралды: 1328

Таяуда аяқ астынан қан қысымым көтеріліп, ауруханаға түсіп қалған едім. Жанымызда жасы алпыстарды алқымдап қалған егде әйел жатты. 

Сол кісінің жайы маған көп ой салды.

Инсульт алып, бет-аузы бір жағына қарай қисайып кеткен оның бетіне тіктеп қараудың өзі қорқынышты болатын. Тілі күрмеліп, әзер сөйлейтін сол әйел осындай халге түсуіне тек өзін ғана кінәлайтын. Әр сөзін үзіп-үзіп әзер айтатын оның әңгімесінен түсінгеніміз, кезінде ол базарда салық жинаған екен. Сонда біраз адамдарға тізесін батырған болуы керек: «Мені жұрттың наласы мен қарғысы жібермеді» дегенді көп айтты. «Сол кездерде менің көзіме тек ақша мен дүние ғана көрінді. Балаларым түгілі, әлі өмір есігін ашпаған немерелерімнің қамын ойлап, жер-жерден үй алып қоя бердім. Бауырларымның бәріне үй сатып әперіп, жағдайларын жасадым. Мен болмасам да олар өз қамдарын өздері жасап алар еді ғой, неге сонша дүниенің соңынан түстім екен? Неге жұртқа қиянат жасадым?» – деп өкінгенде көкірегі қарс айырылатын.

Айтуынша, барлық жағдайларын жасап бергенімен балалары қайырымсыз екен. Балаларын да, бауырларын да үйлі-жайлы еткенімен өзінің баспанасы жоқ. Ұлдары да, қыздары да мұны үйлеріне кіргізбейді, тіпті хал-жағдайын сұрамайды да. Мұны естігенде тіпті таң-тамаша болыстық. Адам қалайша туған анасын іздемейді, ауырғанда жанында болмайды екен? Бұл біздің санамыз­ға сыймайтын нәрсе ғой! 

Шынын айтсам, өздігінен жүріп-тұра алмайтын, бір жұтым судың өзін қақалып-шашалып әзер ішетін осы әйелмен бірге бір палатада жату маған тіпті ауыр болды. Сөйтіп емдік курс толық аяқталмаса да ауруханадан шығып кеттім. Бірақ қазірге дейін  сол әйелдің көз жасы, күйініші мен өкініші көз алдымда тұр.

Күні ертең бәрі кеш болып, осылай өкініп жатпас үшін ешкімге қиянат көрсетпейікші дегім келеді.

Н. ЕСІМ. 

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ