Қазақтың қайырымдылығы қайда кеткен?

21.11.2016
Қаралды: 1360

Менің әжем болған жоқ. Ол кісі біздің кішкентай кезімізде қайтыс болып кетіпті. Бірақ көрші тұратын Бейсенкүл апаны өзімнің туған әжемдей көретінмін. 

Адуынды кісі  еді. Одан көп адам именетін. Қаталдығына қарамас­тан ол кісі өте мейірімді әрі балажан болатын.

Кеңес үкіметінің кезінде жұмыссыздық деген атымен жоқ еді ғой. Әке-шешеміз таң атқаннан әбден қас қарайғанша колхоздың жұмысымен жүретін. Ал үйдегі балалар өз қамымызды жасаушы едік.

Кішкентай сіңлімді балабақшаға апару менің мойныма жүктелген. Оны көтерейін десем, көтере алмаймын, сосын зырылдатып сүйрей жөнелетінмін. Себебі сағат тоғыздан кешікпеу керек. Осы кезде Бейсенкүл апа нан алу үшін дүкенге шығады. Тәй-тәйлап зорға жүретін қызды сүйрелеп бара жатқанымды көрген ол: «Әй, сүйрелеме баланы!» – деп айқайлады бір күні. Сосын: «Белім ауырып тұр еді, көтере алам ба екен, арқама салшы», – деп еңке­йіңкіреп, арқасын тосты. Мен сіңлімді оның ар­қасына отырғыздым. Ол мойнынан тас қып құшақтап, балабақшаға жеткенше жіберген жоқ.

Осылайша әр күні Бейсенкүл апа екеуміз үйден бір мезгілде шығатынбыз. Дүкен мен балабақшаның арасы жақын, ол сіңлімді арқалап апарады. «Менің қызым болды ғой пұшық қыз», – деп күлетін кейде.

Бірер жылдан кейін ол кісі қайтыс болды. Ең кішкентай қызы ол кезде тұрмысқа шығып үлгермеген еді. Бұйрық солай болған шығар, Гүлбаршын әпке әжейдің жылы өткесін шықты күйеуге. Сіңлім төртке толғанда ол сіңлімнің туған күніне арнайы келіпті. Сыйлыққа деп сатып алған әдемі қуыршағы бар. «Менің апамның қызы, апам осы қызды жақсы көруші еді, осы сары пұшыққа мейірімім түсті деп отыратын. Апамды еске алып, қызының туған күніне сыйлық жасайын дедім», – дейді. Анасын сағынғанын көзінен ытқып шыққан бір тамшы жасы дәлелдегендей болды.

Әке-шешесін ешкім беліне байлап жүрмейтінін айтып, анам оны жұбатып жатыр. «Иә, әкең өлсе де әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген ғой, ата-анамның көзін көрген сіздер аман болыңыздар. Апамның жүрегін баураған мына кішкентай аман болсын», – деп сіңлімнің бетінен сүйген сол кезде Гүлбаршын әпке.

Бүгінде қалада тұрамыз. Бірақ көршілерімізбен жақын араласамыз деп айта алмаймын. Бірде баламның ыстығы көтеріліп, балабақша қабылдамай қойды. Жұмыс­қа барып сұранып келу үшін  баламды үйіміздің іргесіндегі көрші келіншекке бір сағатқа тастап кетейін десем, ол бас тартты. Амал жоқ, ыстығы көтеріліп ауырып тұрған баланы жұмысқа көтеріп баруыма тура келді. Сол кезде бала күнімдегі көрші әжей есіме түсіп қатты қамықтым.

Бүгінде көршілеріне жәрдем беріп, жақын араласпақ тұрмақ, оларды танымайтындар да бар. Кейбіреулердің көпқабатты үйлерде есіктері бір-біріне тиіп тұрса да амандаспайтындарын айтқанда тіпті таңқаласың.

Бас-аяғы жиырма-отыз жыл ішінде адамдардың бұлай өзгеруіне не себеп болды екен?

А. ҚАЛТАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ