Қаракөздің керемет сөмкелері

21.11.2016
Қаралды: 1531

Бүгінде ақшалы, жағдайы жақсы адамға не керектің бәрі бар. Қалағаныңызды айшылық алыс жол­ға шықпай-ақ табуға болады. 

Ақысын төлесеңіз, ұнатқан затыңызды есігіңізге дейін әкеліп беретін қызмет түрлері де пайда болған.

Бұрындары тапсырыспен үйіне пицца, әртүрлі тағамдар алдырып жатқанын теледидардан көруші едік. Ал қазір бұл қызмет түрі біздерге таңсық емес, енді тамақ түгілі киім-кешектерді де алдыртуға мүмкіндік бар. Мәселен, енді аяғы ауыр әйелдер перзентханаға қажетті заттарды да үйінен шықпай сатып алатын болды. «Сумка в роддом» деп аталатын ерекше қызмет түрін шымкенттік Қаракөз Медетова ұсынып отыр.

Қаракөздің өзі облыстық №1 перинаталдық орталықта акушер-гинеколог болып қызмет атқарады. Сонда жүріп кейбір аяғы ауыр әйелдердің перзентханаға еш дайындықсыз келетінін көріп, неге осындай қызмет түрін ашпасқа деп ойлапты. Содан тәуекелге бел буып, әлеуметтік желілер арқылы жарнаманы жасап жіберген.

«Мен негізі мұндай қызмет түрін ең алдымен «Инстаграмнан» көрдім. Ол жарнаманың иесі Ресейдің Новосибирск қаласында тұрады екен. Идеяны, мұндай қызметтің қыр-сырын солардан үйрендім десем де болады. Міне, қазір 4 айдан асты, көмегімізге жүгінетін келіншектердің саны күннен-күнге артып келеді», – дейді Қаракөз.

Дәрігер-кәсіпкерде бүгінде перзентханаға арналған сөмкенің үш түрі бар екен: «Комфорт», «Стандарт» және «Балаға арналған». Алғашқысында не керектің бәрі бар, балаға арналған киім-кешектің, жаялықтың түр-түріне қоса, босанғалы отырған ананың аяқ киімі мен гигиеналық заттары, тіпті тіскебасарларға дейін салынған. Яғни босанғалы отырған әйел базар аралап бас қатырмаса да болады. Бағасы 20 мың теңгені құрайды. Ал «Стандарт» деп аталатын сөмкеде тек аналарға арналған заттар бар. Оны 15 мың теңгеге сатып ала аласыз. 10 мың теңге тұратын «Балаларға арналған» сөмкенің аты айтып тұрғандай, онда тек қана жаңа туған нәрестенің қажетіне жарайтын заттар бар.

«Бұлардың ішіне салынатын заттарды, балаларға арналған киім-кешектерді біз базарлардан сатып алмаймыз, – дейді Қаракөз Медетова. – Сөмкеге тек қана дүкендерде сатылатын, сапалы, гигиеналық, санитарлық талаптары сақталған заттар салынады. Тіпті сөмкенің өзін «Рахима плаза» сауда үйіндегі балаларға арналған дүкеннен сатып аламыз. Сондай-ақ клиенттің қалауына қарай өзі ұнатқан заттарды да қосып береміз. Бірақ оған қосымша ақы алынады».

Қаракөздің сөмкелерін көбіне-көп 25 пен 30 жас аралығындағы әйелдер алады екен. Соңғы бірер айдан бері еліміздің өзге қалаларынан тапсырыс берушілердің де қатары артыпты.

«Негізі мұндай қызмет түрі әсіресе ырым-тыйымға қатты сенетін, әлі туылмаған нәрестеге зат алуға болмайды деп түсінетін әйелдерге өте тиімді. Себебі біз тапсырыс берушінің қалауымен сөмкелерді босанған күні, дәл перзентхананың өзіне жеткізіп береміз», – дейді Қаракөз.

...Мінеки, көзін тапса әлі ешкімнің ойына кіріп-шықпаған кәсіптермен де айналысуға болады екен. Тек ол үшін адам шыдамды, еңбекқор әрі ізденімпаз болуы керек. Ал біз сөз соңында Қаракөздің кәсібі өрлей түссін деген тілек қосамыз.

Айтпақшы, Қаракөз ұсынған сөмкелерді алғыңыз келсе, 8-701-637-30-16 телефонына хабарласуға, сондай-ақ «Инстаграмдағы» «Сумки в роддом» парақшасына хат жазуға болады.

А. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ