«Құрмет белгісі» орденді әйел «Құлбазарда» тұр

21.11.2016
Қаралды: 2453

Еліміздің әрбір қаласында адамдардың жұмыс іздеп тұратын орындары бар. Ол бір жерде «Құлбазар», екіншісінде «Биржа», үшіншісінде «Труба» деп

 адамдардың тұратын жеріне байланысты әртүрлі айтыла береді. Осындай жұмыссыздардың өткен-кеткенге жүгіріп жүретін жері Шымкентте «Құлбазар» деп аталып кеткен. Қымбатшылық, дағдарыс, теңгенің құнсыздануы бұл жерде тұратындарға қалай әсер етуде?

Осы сұраққа жауап іздеп, біз кешегі аптада қаланың теміржол вокзалы төңірегінде, яғни Жансүгіров көшесінің бойын жайлаған осы «биржаға» бардық, онда тұрған бірер адамдармен сөйлесіп көрдік.

Өз есімін Тамара деп айтқан орта жастағы қазақ әйелі өз сырын бүкпесіз жайып салды.

– Бұл жерде неше түрлі адамдар бар, – деді ол. – Менің бір танысым кезінде еңбек озаты болып, «Құрмет белгісі» орденін алған. Бүгінде жұмыссыз қалып, бізбен бірге тұр. Жалпы, мұнда біз жиырмаға жуық қыз-келіншек бармыз. Әктеу мен сырлаудан бастап кез келген жұмысты істей береміз. Ер адамдарды санағанымыз жоқ, бірақ олар көп. Таңертеңнен бері кеткендерді қоспағанда қазірдің өзінде мұнда 70-80 адам тұр. Бұл жерде 16-17-дегі жастардан бастап, 60-тан асқан кісілер де бар. Бірақ үлкендерді ешкім жұмысқа алмайтындықтан олар өздері ақ шеттеп қала береді.

...«Құлбазарда» тұрған Тамара есімді бұл әйелдің әңгімесі біздің ерекше назарымызды аударды. Әсіресе оның ордені бар адам туралы айтқаны таңданысымызды туғызды.  Сәтін салғанда, іздестіріп жүріп, біз көп ұзамай-ақ сол маңайдан әлгі адамды да тауып алдық. Жасы бүгінде 50-лердің шамасындағы Г. есімді бұл әйелдің мамандығы сылақшы-сыршы екен. Кеңес Одағы кезінде Михайл Сергеевич Горбачевтың арнайы Указымен «Құрмет белгісі» орденін алған бұл қазақ әйелі кезінде «Промстрой» деген құрылыс мекемесінде ұзақ жылдар бойы жұмыс істепті. Өз заманында озат құрылысшы атанып, Шымкент қаласындағы көптеген көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын салуға ерекше үлес қосыпты. Енді, міне, тағдырдың жазуымен бүгінде бұл әйел өз күнкөрісін осы еңбек биржасынан ажыратып жүр. Яғни кеудесінде ордені бар бұл апай жұмыссыздар қатарында деген сөз. «Құрмет белгісі» орденді озат құрылысшыдан біз кеңірек сұхбат алғымыз келіп еді, өкінішке орай, ол кісі мұны қаламады. Аты-жөнін нақты айтудан да ыңғайсызданды.

Осы «Еңбек биржасы» деген жерде тұрған тағы бір азаматпен де сөйлесудің орайы келді. Өзін Әбілсейіт деп таныстырған ол кісі бізге былай деді:

– «Құлбазар» деген дұрыс емес, ондайды естісе мұндағылар ренжіп қалады. Сондықтан «Биржа» деп атаған дұрыс. Біз ешқандай құл емеспіз. Көпшілік біреуге жалданып, айына бір рет жалақы алады. Мұндағылар сұраныс бойынша жұмыс істейді. Соған сай табысымыз да жақсы. Мысалы, менің бір танысым Мақтааралда ауыл әкімі болып қызмет атқарады. Жұмысқа галстукпен барып келеді демесең оның ай сайынғы алатын таза еңбекақысы менікінен аз.

Мына жерде тұрған соң кейбіреулер мүсіркей қарайтын шығар. Тіпті бізді күн көре алмай жүрген қайыршыға теңегісі келетіндер де бар екенін білеміз. Үйлеріне апарып, қорқытып жұмыс істетпекші болғандар да бар. Алайда біз қазір өз ұйымшылдығымыздың арқасында бізді алдағысы келгендердің кейбіріне кешірім сұрататын жағдайға жеттік.

Құдайға шүкір, табысымыз анау-мынау жұмыс істейтіндердікінен көп. Бұл жердегілердің көпшілігі 50 – 60 мың теңге жалақыны місе тұтпай келгендер. Арамызда Өзбекстанда университетте сабақ берген ұстаздар да жүр.

Менің мамандығым – электрик. Талай жерде жұмыс  істеп, жалақысы аз болған соң тастап кеткенмін. Бірге істеген жігіттер қазір де шақырады. Бірақ мен олар бір айда тапқан 60 мың теңгені бұл жерде он күнде табамын. Дағдарыс дегенді онша түсіне бермейміз. Бізге жұмыс болып, ақшасын төлесе болды. Рас, бұдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда жұмыс азайды. Бірақ тоқтап қалған жоқ. Мен өзім қазір тек электрик емес, дәнекерлеуші, сантехник болып та кете беремін. Өмір барлығын үйретті. Бірақ кірпіш құйып, нәжіс тазалайтын ауыр, лас жұмысқа барған емеспін.

Шымкентте биржа бірнеше жерде болғанымен, ең үлкені осы Жансүгіров көшесінде орналасқан біздікі. Екі жүзден аса адам осы жерден бала-шағасын асырап, күнін көріп отыр. Жуырда биржаларды жауып, көшелерге адам тұрғызбайды деген әңгіме естідік. Әкімдердің мұнысы енді артық. Біз жұмыс сұрап ешкімнің тынышын алып жатқанымыз жоқ. Өз бетімізше күнкөріс жасап жүрміз.

...Міне, жұрт «Құлбазар» деп атайтын бұл жерде осындай жайлар болып жатады екен.

Ұ. ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ